Маңғыстау облысында шенеуніктер қызметтік көліктерін жөндеуге 136 миллион теңге жұмсамақ
Маңғыстау облысында шенеуніктер қызметтік көліктерін жөндеуге 136 миллион теңге жұмсамақ. Жөнделетін көліктер қатарында тойота лэнд крузер, тойота 70 және шевролет малибу сияқты жаңа темір тұлпарлар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видео кадрларынан скрин
Деректерге сүйенсек, 23 қымбат машинаны қалыпқа келтіру үшін тендер жарияланған. Мемлекеттік сатып алудағы тізімде Тойота лэнд крузер, тойота 70 және шевролет малибу сияқты жылы жаңа темір тұлпарлар бар.
“Көбіне қозғалтқыштары, беріліс қорабы дейді ғой, автомат қорабы күрделі жұмыстарды талап етеді. Шанақ жұмысы, оны сырлау, осындай жұмыстар бар ішінде. Сол себепті күрделі жұмыс болғандықтан сомасы қымбатқа шығып тұр. 100 миллионға ұтып ала ма, 80 миллион, 90 миллионға ұтып ала ма, ол енді ашық болғандықтан сол конкурс нәтижесінде белгілі болады”, – деді Маңғыстау облыстық әкімдігі іс басқармасы басшысының орынбасары Айбек Дүйсенғалиев.
Шенеуніктердің сөзінше, көліктерді тексерген арнайы мамандар қаражат көлемін жазып берген. Демек орташа есеппен бір машинаны толық жөндеуге 6 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінбек.
Жалпы, Маңғыстау облысы әкімдігінің теңгерімінде 37 көлік бар. Айтуларынша, көбі әбден ескірген. Ұзақ жыл қызмет еткен машиналардың арасында қозғалтқышы істен шығып, беріліс қорабы да жарамсыз болып қалғандары бар. Сондай-ақ облыстық полиция департаменті 300 миллион теңгеден астам ақшаға жаңа көлік сатып алуды көздеген. Бірақ тұрғындар бұл қазына қаражатын жөн-жосықсыз жұмсау деп есептейді екен.