Алматы облысында шетелдік компания тұрғындарға тиесілі жолды меншіктеп алған
Алматы облысында жергілікті билік жалпыға ортақ жолды мемлекет меншігіне қайтару үшін шетелдік компаниямен соттасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Яндекс Карты
Журналист Михаил Козачковтың мәліметіне сәйкес, ресейлік компания Іле ауданында зауыт салып, оған жақын жатқан 546 метр асфальтты иеленіп алған. Cол маңайдағы үй мен жер телімдерінің иелері зауыттың жанынан көлікпен өте алмай қалған. Енді өңірдің жер қатынастары бөлімі мәселені сот арқылы шешуге тырысып жатыр.
Алматы облысындағы "Лукойл Лубрикант Орталық Азия" майлау зауыты осыдан бес жылдан аса уақыт бұрын ашылды. Шараға Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Асқар Мамин мен ресейлік мұнай алыбының негізгі акционері Вагит Алекперов қатысқан.
Шетелдік компаниялардың елімізге инвестиция салып, ірі кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашып, салық төлейтіні қуантады. Дегенмен Іле ауданына салынған зауыт маңындағы асфальттің кәсіпорын меншігіне өтіп кеткені күмән тудырады. Зауыт маңындағы жол кәсіпорынға кезең-кезеңімен өткен. Оны шетелдік компанияға беруге қазақстандықтар да атсалысқан.
“Олар Қайнар ауылдық округінің әкімдігіне 6-10 гектардан бақша егістігін алуға өтініш берген. Содан кейін учаскелер "Лукойл Лубрикант Центральная Азия" ЖШС-не сатылған. Содан кейін жер комиссиясы учаскені пайдалану мақсатын "Кірме жолды салу және күтіп ұстауға" өзгерткен”, – делінген мәліметте.
Елімізде жер сату оқиғасы көпшілікті таңғалдыра қоймас. Мәселен, Талғар әкімдігі Алматы әуежайының санитарлық аймағының бір бөлігін, яғни 2019 жылы Bek Air ұшағы соғып кеткен үйлер салынған жерді сатып жіберген. Негізі бұл ғимараттар орналасқан жер заңсыз деп танылған еді.
Сондай-ақ Жаңалық ауылының маңындағы жаңа кәсіпорын ашылуы тиіс өнеркәсіптік аймақтың біраз бөлігі Іле трактінен ажыратылды. "Лукойл Лубрикант Орталық Азия" компаниясының әкімшілігі шлагбаум орнатып, жеке меншік екенін ескертетін белгі қойып, көліктерді өткізбей отыр. Екінші жағынан кіреберіс жолды негізгі теміржол жауып тұр.
Өткен жылы жергілікті билік бұл жағдайға назар аударған еді. Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері құжаттаманы тексеріп, "бақшаға арналған" учаскелердің заң бұзушылықпен сатып алынғанын және сатылғанын анықтады.
Сонымен қатар Жер кодексінде Үкіметі шешімімен сатылған аумақтарды қоспағанда, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының астындағы учаскелер жеке меншігінде бола алмайтыны тікелей көрсетілген (26-баптың 2-тармағы). Ал сол Жер кодексінің 24-бабында шетелдіктер мен шетелдік компанияларға Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеленуге тыйым салынған. Сондай-ақ Жер кодексінің 6-бабында жер учаскесіне меншік құқығы басқа азаматтардың құқықтарын бұзбауы тиіс екені жазылған.
Осыған байланысты мемлекеттік орган мәмілелерді жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінді. Осылайша жол жалпы пайдалануға қайтарылды. Дегенмен сот әлі жалғасып жатыр. Ресейлік компанияның өкілі судьядан бас тартпақ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ірі шетелдік компаниялар мен олардың төлейтін салық көлемі туралы жазған едік.