Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шамадан тыс құрмет көрсететініне үйрене алмадым – Жапониядағы үздік университетке түскен алғашқы қазақ қызы

22 жастағы Алтынай Сыдықова – Жапониядағы ең үздік университетте оқитын тұңғыш қазақ қызы. Кейіпкеріміз аэроғарыш саласында білім алып жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студеттермен бәсеге түскен ол Жапонияға оқуға түсу үшін қандай сынақтан өтіп, бірнеше рет шәкіртақы жеңіп алғанын баяндады. Алтынай Stan.kz тілшісін Жапониядағы білім жүйесі, баспана бағасы мен студенттердің жұмысқа тұруы жайлы айтып берді. 

Фото: Жеке мұрағаттан

Жапонияның үздік универсиетінде оқитын қазақстандық қыздың отандық жоғарғы оқу орындарының емес, Жапонияны таңдауына бірнеше себеп болған. Бұл себептер Алтынайдың армандарымен байланысты. 

“Біріншіден, мен бала кезімнен аэроғарыш саласына қызығып, осы бағытта білім алуды мақсат еттім. Жапония – бұл саладағы жетекші елдердің бірі, сондықтан мен өзімді ең жоғары деңгейде дамыта алатын жерді таңдадым. Екіншіден, Жапония шетелдік студенттерге көптеген мүмкіндіктер ұсынады. Гранттық бағдарламалар мен жоғары білім сапасы менің таңдауымда маңызды рөл атқарды. Үшіншіден, мен жапон мәдениетін, тілін және анимация өнерін бала кезден жақсы көрдім. Сондықтан тек білім алып қана қоймай, осы елде өмір сүріп, оның мәдениетін тереңірек түсінгім келді. 10-11-сыныптарда қай университетке түсетінімді ойластырдым. Сөйтіп Жапониядағы аэроғарыштық инженерия саласының үздік университеттерін зерттей бастадым”, – дейді ару. 

“Әлемнің мықты мектептерінен келген студенттермен бәсекеге түскенімді білгенде қатты қуандым”

Алтынайдың айтуынша, Жапония университеттері көбіне 12 жылдық білім беруді талап етеді. Ал ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқығандықтан осы талапқа сай болдым дейді. Қазір Алтынай Жапонияға оқуға түсуді жоспарлап жүрген адамдарға кеңес беріп, көмектеседі.

“Жапониядағы ең үздік университетке оқуға түсу өте қиын болды. Дегенмен көп еңбектеніп, мақсатқа ұмтылған әр адам үшін мүмкін емес нәрсе жоқ деп ойлаймын. Мен оқып жатқан Тохоку университеті соңғы бес жылдан бері Жапониядағы №1 университет саналады. Университетте бағдарламалардың көбі жапон тілінде, ал кейбілері ағылшын тілінде жүргізіледі. Мен “Future Global Leaders” (Болашақ жаһандық көшбасшылар) деген халықаралық бағдарламамен халықаралық механикалық және аэроғарыштық инженерия мамандығына түстім. Университетке түсу кезінде ең қиыны – әлемнің көптеген елдерінен келген дарынды талапкерлермен шектеулі орындарға таласу”, – дейді кейіпкер.

Алтынай таңдаған бағдарламада жетілдірілген молекулалық химия, халықаралық механикалық және аэроғарыштық инженерия, қолданбалы теңіз биологиясы деген үш мамандық ағылшын тілінде оқытылады. Үш мамандыққа бүкіл әлем бойынша жыл сайын тек 30 студент қабылданады.

“Олардың көбі Жапониямен тығыз академиялық байланысы бар елдерден немесе арнайы мектептерден келеді. Кейбір үміткерлер басқа университеттердің жоғары курс студенттері бола тұра, қайтадан осы бағдарламаға түсуді мақсат етеді, ал кейбірі бала кезінен Тохоку университетіне түсуге дайындалады. Мен үшін қабылдану ғана емес, грантқа оқуға түсу де маңызды болды. Бірақ оқу орнына қабылданып қана қоймай, маған шәкіртақы тағайындалды. Әлемнің мықты мектептерінен келген азаматтармен математика, физика және химия бойынша бәсекеге түсе алғанымды түсінгенде қатты қуандым. Мен Тохоку университеті президентінің шәкіртақысына (Fellowship by the President of Tohoku University) ие болдым. Бұл шәкіртақы менің оқуымды түгелдей жабады. Сондай-ақ қосымша қаржыландыруға өтініш беруге мүмкіндік бар. Кейін Жапония үкіметінің MEXT Honours шәкіртақысын жеңіп алдым. Маған алғашқы алты ай бойы ай сайын 60 000 иен (202 200 теңге) көлемінде қосымша қаржылық қолдау көрсетті”, – дейді Жапониядағы қазақстандық студент.

Фото: Жеке мұрағаттан

@altynay_chan Replying to @Alla #учебазаграницей #япония #стипендия #грант ♬ original sound - altynay_chan

 

“Жапондықтар туыстарымен де шекара сақтайды”

Алтынай Қазақстан мен Жапонияны салыстырғанда “артықшылық” не “кемшілік” деп емес, айырмашылық, ерекшелік деген дұрыс дейді. Айтуынша, адамдар өз өмір салтына, құндылықтарына сай келген нәрсені жақсы көреді. Сол себепті біреуге бір елдің мәдениеті ұнаса, екіншісі басқа елді жақын тартуы мүмкін.

“Қазақстан мен Жапонияның ұқсастықтары да, айырмашылықтары да өте көп. Мысалы, екі елде де үлкендерге құрмет көрсету, қоғамда белгілі бір әдеп нормаларын сақтау маңызды. Алайда күнделікті өмірдегі қарым-қатынастар мен отбасылық мәдениет әртүрлі. Мысалы, Жапонияда адамдардың жеке шекараны құрметтеу ерекше жоғары деңгейде. Мұнда адамдар тіпті жақын туыстарымен де жеке шекарасын сақтайды. Мынадай қызық жағдай болды, жапон досымның егіз бауыры бар. Бірақ ол егізінің қандай университетте оқитынын білмейді. Себебі олар бұл тақырыпта ешқашан сөйлеспеген. Мұндай жағдай жапон отбасыларының бәрінде бола бермейді, бірақ осындай жағдайларды достарымның арасында көп кездестіремін. Қазақтарда керісінше, отбасылық байланыс өте тығыз. Алыс туыстармен де жақын араласамыз. Отбасылық шаралар мен дәстүрлер біз үшін маңызды. Тіпті ата-анамыздың достары да туыстай болып кетеді”, – дейді Алтынай. 

Кейіпкеріміз физикалық жайлылық тұрғысынан Жапониядағы өмір өте ыңғайлы әрі әдемі деп санайды. Жапон халқы заңға бағынып, ереже сақтайды, басқа адамдардың комфорты жайлы ойлайды.

“Маған екі нәрсе қатты ұнайды. Біріншіден, мұнда жалғыз жүретін адамдарға қолайлы жағдай жасалған. Мейрамханаларда, караокеде, басқа да қоғамдық орындарда жалғыз келушілерге арналған арнайы орындар бар. Яғни, ешкім көм адамға арналған жерде жалғыз отырып, басқаларға ыңғайсыздық келтірмейді. Жеке уақыт өткізуге де жағдай жасалған. Ал Қазақстанда адамдар көбіне бірге жүруге дағдыланған. Сол себепті жалғыз тамақтанып, бір өзі қыдырып жүрген адамдарға басқалар түсінбей қарайды. Жапон халқы кез келген жерде асықпай, бірақ баппен қозғалады. Қанша сағат болмасын кезекте тұрып,қоғамдық орында басқаларға кедергі жасамау үшін сөмкелерін алдына алып, мүмкіндігінше сөйлемей тұрады”, – дейді ол.

“Жапонияда үйді орталықтан жылыту деген ұғым жоқ”

Өзге елдің тұрмыс-тіршілігіне үйренісіп кету Алтынайға оңайға соқпаған. Десе уақыт өте келе ол жергілікті мәдениетін түсініп, тез қабылдаған. Айтуынша, кез келген елге қоныс аударғанда бастысы – сол елдің өмір сүру салтын зерттеп, жергілікті қоғаммен үйлесім табу.

“Қазақстандағы мен сағынатын ең бірінші дүние – ет. Біздің елді еттің сапасы мен дәмі ерекше. Сондай-ақ мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, ет дәмді әрі қолжетімді. Жапонияның жер аумағы кішкентай, мал шаруашылығы айтарлықтай дамымаған. Сондықтан сапалы ет табу қиын, оның бағасы да жоғары. Жергілікті асхананың ерекшеліктеріне байланысты мұнда көптеген тағамдарға шошқа еті қосылады. Сол себепті өзіме ұнайтын тағамдар табу қиын. Ал Қазақстанда өзімді Жапониядағыдай қауіпсіз сезіне алмаймын. Жапонияда ұрлық жоқ. Көшеде телефон, ноутбукті қалдырып кетсеңіз, ол сол күйі тұрады. Адамдар басқаның затына тиіспейді, бұл қоғамда “ұят” деп саналады. Қоғамдық тәртіп пен адалдық нормаларын барлығы бұлжытпай орындайды. Сондай-ақ Жапонияда орталықтан жылыту деген ұғым жоқ. Қазақстанға барғанда жылы үйде оянғаныма, үйді жылыту үшін кондицонер қосып, оны бір сағат күтпейтініме, шүмектен бірден жылы су ағатына қуанамын”, – дейді Алтынай күліп. 

Фото: Жеке мұрағаттан

Оның әлі күнге дейін үйренісе алмай жүрген дүниелері де жоқ емес. Атап айтқанда, шамадан тыс құрмет көрсету мен субординация. Оның сөзінше, университетте немесе жұмыста сізден бір жас үлкен немесе компанияға сізден бір жыл бұрын келген адамға ерекше құрметпен қарау қалыпты жағдай.

“Өзімнен бір курс жоғары оқитын студенттердің арасында жақын достарым көп. Кейбірімен жастымыз, ал кейбірімен жас айырмашылығы сәл үлкен немесе кіші. Мен жапон және шетелдік студенттерді жақындастыруға бағытталған студенттік ұйымға қатысамын. Бұл ұйымның президенті – менің сенпайым, яғни менен бір курс жоғары оқитын студент. Ұйымда жапон тілінде білім алатын, бірақ ағылшын тілін жақсы білетін жапон студенттері де бар. Олар ағылшын тілін еркін меңгергендіктен, мәдени ерекшеліктерді жақсы түсінеді. Дегенмен жапон азаматтары арасында субординация қағидалары бәрібір сақаталады. Олар сенпайды компания басшысы сияқты қабылдайды, онымен ресми түрде сөйлеседі, айтқандарын көп талқыламай, шын мәнінде керемет идея болса ғана ұсынады. Ал мен үшін ол ең алдымен дос, сол себепті ресми сөйлеудің орнына, өз ойымды тіке айтамын. Есіміне құрметтілік білдіретін қосымшалар қоспаймын. Бұл әрекетім жапон студенттеріне біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Ал күнделікті өмірде дос болып, жиналыстарда тым ресми сөйлеу мен үшін қызық”, – дейді Жапонияда білім алып жатқан қазақстандық қыз.

“Жапондықтар жоғары деңгейде қызмет көрсете алмауынан қысылады”

Оның байқағаны, жапондықтар басқа адам өзін жайлы сезініп, ыңғайсыз жағдайға қалмау үшін барынша жағдай жасауға тырысады. Жергілікті халықтың бойында бар сыпайылық пен әдеп Жапонияның орналасқан жеріне де байланысты қалыптасқан.

“Табиғи апаттар мен аралдық оқшаулану халықты бір-біріне жақын етті. Қоғамда үйлесімділік пен түсіністікке басымдық беріледі. Жапондықтар өзгелерді ыңғайсыз жағдайға қалдырмауға, түсініспеушілік болдырмауға және адамдарға өзін жайлы сезінетіндей жағдай жасауға ұмтылады. Жапония – мәдениеті мен тілі біртұтас, тарихи тұрғыдан жабық арал елі. Десе де жергілікті халық шетелдіктерге дөрекілік танытқанын байқаған емеспін. Керісінше, олар қызмет көрсетуде немесе қарым-қатынас кезінде өздерінің жеткілікті деңгейде қызмет көрсете алмауынан қысылуы мүмкін. Олар жапон тілін білмейтін адаммен сөйлескенде қобалжып, тіпті не істерін білмей қалады. Сондай-ақ олар ағылшын тілін жетік білмейтініне ұялады немесе жақсы қызмет көрсете алмай қаламын ба деп уайымдайды”, – дейді Алтынай жергілікті халықтың мінез-құлқына үйренісіп қалғанын айтып.

Осы тұста ол Жапонияға алғаш келген сәтін еске алды. 

“Мысалы, Жапонияға келгенде, жергілікті оператордан SIM-карта сатып алу керек болды. Қызмет көрсету ағылшын тілінде ұсынылмаса да мен бәрін өзім реттей аламын деп ойладым. Алайда олар маған келісімшарттың әр тармағын толық түсінуім үшін жапон тілін жақсы білетін адаммен бірге келуімді ұсынды. Кейбірі мұны шеттету деп қабылдауы мүмкін. Бірақ жапон мәдениетін түсінген адам олардың шетелдіктерге қасақана әрекет етіп, кедергі жасау ниеті жоғын біледі”, – дейді кейіпкер.

“Шетелдіктердің қандай жұмыс істейтіні виза түрі мен тілді білуіне байланысты”

Жапонияда оқып жүріп жұмыс істеуге болады. Шетелдік студенттерде ел қатарлы табыс табады. Алайда оның қандай жұмысқа тұруы жапон тілін білуіне байланысты. 

“Жапонияда жартылай жұмыс істеу мәдениеті (байто) өте жақсы дамыған. Көптеген жұмыс орындары айлық жалақы емес, сағаттық төлем жүйесін ұсынады, бұл студенттер үшін мүмкіндік. Шетелдіктердің қандай жұмыс істей алатыны олардың виза түріне және тілдік дағдыларына байланысты. Мысалы, студенттік визамен оқитындар аптасына 28 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Басқа виза түрлерімен тұратын студенттер үшін жұмыс уақытына қатысты талаптары әртүрлі. Бұл елде тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету маңызды. Сондықтан көптеген жұмыс берушілер қызметкерлерінің жапон тілінде еркін сөйлеуін талап етеді”, – дейді Алтынай. 

Тіл деңгейіне байланысты әртүрлі жұмыстар бар:

  • Жапон тілін білуді қажет етпейтін жұмыстар: Ыдыс жуу, тағамдарды немесе тауарларды орау, ағылшын тілінде ауызекі практика жүргізу.
  • Орташа деңгейдегі жапон тілі қажет болатын жұмыстар: Дүкенде жұмыс істеу, тапсырыстарды қабылдау
  • Жоғары деңгейдегі жапон тілі талап етілетін жұмыстар: Сән-салтанатты мейрамханаларда даяршы болу, келушілермен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызметтер.

Фото: Жеке мұрағаттан

“Студенттер өз университеттерінде де жұмыс істей алады. Мысалы, зертханаларда ассистент, оқу көмекшісі болу немесе басқа да жұмыстарға қабылдануы мүмкін. Кейбір жобалар ерікті негізде ұйымдастырылса, кейбіреулері Тохоку университеті мен халықаралық ұйымдардың бірлескен іс-шаралары аясында жапон тілін білмейтін студенттерді жұмысқа қабылдайды. Бастысы – студенттер жұмыс пен оқуды үйлестіре білуі қажет. Жапониядағы дамыған жартылай жұмыс істеу жүйесінің арқасында, студенттер өз кестелеріне сәйкес жұмыс уақытын өздері таңдай алады. Мысалы, аптаның бес күнінде таңертең сабақ оқып, кешкі уақытта немесе демалыс күндері 24 сағаттық дүкендерде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Егер талап етілетін біліктілік пен тілдік деңгей сәйкес келсе, жұмыс табу қиын емес”, – дейді жапониялық студент.

“Ет пен жеміс-жидектер қымбат”

Алтынайдан студент ретінде Жапонияда тұру қаншалықты қымбат немесе арзан екенін сұрадық. Десе де азық-түлік бағаларында айтарлықтай айырмашылық бар. 

“Жапонияда азық-түліктің бәрі бірдей қымбат немесе арзан емес. Мысалы, ет – люкс. Қазақстанда сиыдың тартылған етін күделікті тамаққа қооса, Жапонияда ол қымбат өнім саналады. Жеміс-жидектер де арзан емес. Мысалы, бір дана алма 500 теңге тұруы мүмкін. Бірақ баға маусым мен сатып алу орнына байланысты өзгереді. Сбебі мал шаруашылығы да, жеміс өсіру де жапон мәдениетіне тән емес. Десе де арзан өнімдер бар. Мысалы, саңырауқұлақтар, бұршақтар, су өсімдіктері және жапондар ерекше жақсы көретін балдырлардың бағасы қолжетімді. Жапон асханасының тағы бір ерекшелігі – кейде мейрамханадан тамақ ішу үйде ас әзірлегеннен арзанға шығуы мүмкін. Қазақстанда ас атасы нан болса, Жапонияда – күріш. Кейбір жапондықтар күрішті тіпті сатып алмайды. Себебі күріштің қажет мөлшерін ауылдағы туыстарынан алдыртады. Бірақ олар қарақұмық ботқасын жемейді, тек қарақұмық ұнынан жасалған кеспені пайдаланады. Айран сияқты ашытылған сүт өнімдері де мұнда жоқтың қасы”, – дейді кейіпкеріміз.

“16 шаршы метрлік пәтерде тұру жапондықтар үшін қалыпты жағдай”

Жапониядағы баспана бағасын Қазақстанмен салыстыру үшін тек сандарға емес, өмір сүру салтына да қарау керек дейді Алтынай. Мұнда көбі пәтердің метроға жақын орналасуына мән береді. 

“Қазақстанда адамдар көбіне көлікпен жүреді, қалалар ықшамдау, сондықтан үйдің орналасуы шешуші фактор бола бермейді. Ал Жапонияда қалалар алып, ал халықтың негізгі көлік жүйесі – метро. Токио – бір қала емес, бірнеше қаланың бірігуі. Сондықтан бір шетінен екіншісіне жету бір тәуліктен астам уақыт алады. Сондықтан басты критерий – үйдің метроға жақын орналасуы. Қала ішінде такси қымбат, автобустар барлық бағытта жүре бермейді, жылдам пойыздардан басқа амал жоқ. Жапон қалаларында тұрғын үйлер өте шағын, себебі халық тығыз орналасқан”, – дейді ол күн шығыс елінің Қазақстаннан тағы бір  айырмашылығын атап.

Жапонияда үйдің бағасы оның ауданына емес қай жерде орналасқанына байланысты өзгереді. 

“16 шаршы метрлік пәтерде тұру – Токио үшін қалыпты жағдай. Бірақ Жапонияда кішкентай пәтерде тұру – Қазақстандағы дәл сондай пәтерге қарағанда әлдеқайда қымбат. Бұл тек ауданына емес, орналасқан жеріне, инфрақұрылымға, қаладағы сұранысқа байланысты. Орталық аудандарда тұру тіпті жапондар үшін қымбат, сондықтан көбі қаланың шетінде, кішігірім аудандарда тұрып, ұзақ жол жүруге үйренген”, – дейді Алтынай.

“Жапондықтар кез келген табиғи апатқа дайын жүреді”

Кейіпкеріміз Жапониядағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілетінін және қалалық жерлерде өте жақсы жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.  

“Бұған мәдени ерекшеліктер мен жүйелі қауіпсіздік шаралары әсер етеді. Біріншіден, жапон қоғамында "ұят" мәдениеті бар. Яғни адамдар айналасындағылардың пікіріне қатты мән береді, бұл қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді. Екіншіден, урбанизацияланған аймақтарда жануарлардан келетін қауіп жоқ. Жапония үкіметінің саясаты көшеде қаңғыбас иттер мен үлкен жабайы жануарлардың жүруіне жол бермейді. Сондықтан қала ішінде жабайы табиғатпен бетпе-бет келу сирек кездесетін жағдай. Алайда бұл қауіп мүлде жоқ деген сөз емес. Мысалы, ауылдық жерлерде, әсіресе таулы немесе орманды аймақтарда, қабандар мен аюлар бар. Оларды толықтай жою мүмкін емес. Сендайдағы Тохуку университетінің инженерлік кампусы таулы жерде орналасқан, ал зымыран қозғалтқыштарының зертханалары қауіпсіздік шарасы ретінде ең алыс жерде, орманға жақын орналасқан. Университет бұл туралы ескертіп отырады. Жергілікті тұрғындар да өз қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолдарын біледі”, – дейді ол.

Сондай-ақ Жапонияда табиғи апаттар жиі болғандықтан халық оның кез келгеніне үнемі дайын жүреді. 

“Жер сілкінісі немесе цунами сияқты жағдайларда халыққа арналған арнайы оқу-жаттығулар, жылдам хабарландыру жүйелері және инфрақұрылымдық қауіпсіздік шаралары бар. Мысалы, 2011 жылғы цунамиден кейін зардап шеккен аймақтарды 16 метрге көтеру жұмыстары жүргізілді. Бұл – жапондардың қауіпсіздікке қаншалықты мұқият қарайтынының дәлелі”, – дейді Алтынай.

Фото: Жеке мұрағаттан

“Қазақстанда әр сала бір жүйеге келтірілсе деймін”

Қазақстандық бойжеткен елге оралу туралы сұраққа нақты жауап бере алмады. Инженерия саласында білім алып жатқан студент қай елде, қай жерде жұмыс істейтінін болашақта мүмкіндіктер, ұсыныстар мен шақыртуларға байланысты дейді. 

“Болашақ туралы нақты жоспар құрған жоқпын, өйткені қазір түрлі инженерлік бағыттарды зерттеп жүрмін. Менің бағдарламам “Mechanical and Aerospace Engineering” деп аталса да, біз түрлі салалар бойынша білім алып, әртүрлі зертханаларда жұмыс істейміз. Қазіргі басты мақсатым – өзіме қызықты және болашағым үшін пайдалы бағытты таңдау. Сондықтан қай жерде оқитыным немесе жұмыс істейтінім болашақтағы мүмкіндіктерге байланысты. Егер Жапонияда жақсы мүмкіндіктер болып жатса – керемет, басқа жаңа елден ұсыныс түссе ол да тамаша”, – дейді кейіпкеріміз. 

Десе де Алтынай жапондық және қазақстандық аэроғарыш саласын салыстырып, жүйе құрылымындағы бірқатар айырмашылықтарды байқаған.

“Жапонияда бәрі бір-бірімен тығыз байланыста: студенттер Жапонияның ғарыш агенттігімен (JAXA) жұмыс істейтін университеттерге түседі, сол жерде білім алып, тәжірибе жинап, агенттікке немесе осы саладағы белгілі стартаптарға жұмысқа тұрады. Бұл стартаптар университеттермен үнемі байланыста. Олар нақты қандай жобалар керек екенін біледі, ал ғарыш агенттіктері жас мамандардың не ұсына алатынын түсінеді. Яғни, бүкіл сала бір жүйеге келтірілген. Қазақстанда да студенттер өте талантты және өз саласын терең меңгереді. Бірақ олар дәл қай бағытта жұмыс істеуге болатынын немесе ғарыш саласына қалай кіруге болатынын білмей жатады. Компаниялар қай студенттің өзіне қажет маман екенін түсініп, оларды қалай байқап, шақыратындай айқын жүйе болса. Сонда қазақстандық инженерлердің әлеуеті одан әрі дамиды деп ойлаймын”, – деп Алтынаай өз ұсынысын айтты.

Алтынай өзінің әлеуметтік желісінде Жапониядағы оқу жүйесі және ондағы үздік оқу орындары туралы айтып, түрлі ақпаратты бөліседі. 

Талқылау