"Орнына тұрғын үй салмақ": Тараз әкімдігі балаларға арналған футбол алаңын ескертпестен жеке меншікке өткізіп жіберген
Тараздықтар балалар емін-еркін ойнайтын футбол алаңы мен жергілікті тұрғындар балық аулап, көкке шығып, демалатын аймақтың ойда-жоқта жекеменшікке өтіп кеткеніне наразы. Тараз қаласының тумасы Әсел қала әкімдігінің демалыс аймағын ешкімге ескертпестен тұрғын үй салуға өткізгенін айтады. 2024 жылы тұрғындар наразылық білдіріп, футбол алаңын қайтарып алған. Алайда Әсел әкімдіктің жерді тағы да жасырын түрде сатып, меншік иесі тұрғын үй салуды бастап кеткенін білген. Stan.kz тілшісі жағдайдың анық-қанығын білді.
Фото: Видеодан скрин
Зербұлақ көлі әу баста тегін болған. Адамдар көлде емін-еркін шомылып, тегін демалған. Алайда 2024 жылдан бастап онда демалу үшін жергілікті тұрғындар ақы төлейтін болды.
“Ең сорақысы, сол маңда балалар жазда тегін футбол ойнап, қыста тегін коньки тебетін алаң болған еді. Әкім оны да көп көріп, алаңды қоршаумен қоршап, футбол алаңын ақылы етіп қойды. Ақылы болған соң онда ешкім бармады. Сәйкесінше, алаң тастанды күйде бірнеше жыл тұрды. Ондағы нысандар мен ғимараттар да үйсіз-күйсіздердің панасына айналды. Мен әкімдікке алаңды балаларға қайтару туралы өтініш жаздым. Сонда әкімдіктегілер маған жер учаскесінің жеке меншікке өтіп кеткенін және онда тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын айтты”, – дейді редакция жазған Әсел.
Ол осы демалыс аймағы үшін шыр-пыр болып, әкімдікке, прокуратураға, министрлікке өтініш жіберген. Алайда мекемедегілер оны бір жерден екінші жерге жіберіп, жауап беруден жалтарып жүр.
Сондай-ақ демалыс аймағының маңында бірнеше бұлақ көздері бар. Заң бойынша су көздерінен белгілі бір қашықтықта үй салуға болмайды. Ал Шу-Талас облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы Зербұлақ көлін су қоймасы ретінде саналмайтынын мәлімдеген.
“Бұл менің балалық шағым өткен жер. Біз онда шанамен сырғанап, балық аулап, футбол, бадминтон ойнайтын едік. Қазір балаларда ол да жоқ. Жергілікті тұрғындар құрылыс бастау үшін КамАздардың әрлі-берлі жүре бастағанын айтты. Мұны қазір тоқтатпаса, бірнеше күннен кейін жасыл аймақтың орнында құрылыс жұмыстары жүреді. Онда жүзжылдық ағаштар өседі, жасыл-желекпен табиғат бар. Онда кірпі, аққұтандар, балықтар, тасбақалар мекендейді. Осылайша аймақтағы фаунаны жойып жібермек”, – дейді Әсел.
Әселдің айтуынша, бір кездері балалар емін-еркін кіріп, футбол ойнап жүрген аймақты меншік иесі қоршап жатыр. Құжаттар бойынша мұнда енді көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Тұрғындар мұндай көппәтерлі тұрғын үйдің салынуына қарсы.
@kkasselya #Dune in Kazakhstan #поющийбархан ♬ original sound - kkasselya
“Біріншіден, бұл біздегі инфрақұрылымға әсер етеді. Онсыз да судың қысымы аз. Егер тағы бір тұрғын үй салынса, жағдай одан сайын ушығады. Неге бұл жерді жай футбол алаңы етіп қалдырмайды. Бұл балалар үшін керемет сыйлық болар еді”, – дейді Әсел.
@kkasselya #Dune in Kazakhstan #поющийбархан ♬ original sound - kkasselya
Осы тұста Тараз қаласының әкімдігі жекеменшікке өтіп кеткен жер учаскесін кім және қашан сатып алғанын айтты.
“2016 жылғы 28 маусымдағы №9 аукцион арқылы сатып алу-сату шартына сәйкес, Тараз қаласы, М.Х.Дулати көшесі, "Зербұлак" көлі маңында орналасқан мини-футбол алаңы үшін 0,2672 гектар жер учаскесі Мыңбаева Айда Бегайдарқызына 3 жыл мерзімге қайтарымды негізде жерді пайдалану құқығымен сатылды. Тараз әкімдігінің 2018 жылғы 15 маусымдағы №1981 қаулысына сәйкес, осы жер учаскесіндегі үй-жайларды күтіп-ұстау үшін қосымша 0,1413 гектар алаңға 3 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы ресімделді”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Кейін жер кодексінің 47-бабына сәйкес, 0,2672 гектар жер учаскесіне және 0,1413 гектар жерге жеке меншік құқығы берілген.
Сөйтіп 2022 жылдың әкімдік қаулысымен бұл жер учаскелерін қолдану мақсаты көппәтерлі тұрғын үйдің үй-жайларын күтіп-ұстау және қызмет көрсету болып өзгертілген.
“2023 жылғы 13 желтоқсанда жасалған №1730 және №1732 сатып алу-сату шарттарына сәйкес, жер учаскелері Ақылбеков Самат Бауыржанович пен Абдрахманова Аян Қуанышбекқызының атына рәсімделді. Алайда Тараз прокуратурасының заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысының негізінде, қала әкімінің шешімімен әкімдіктің жер учаскесінің қолдану мақсаты туралы қаулыларының күші жойылып, аймақтың нысаналы мақсаты мини-футбол алаңы ретінде өзгертілген. Тараз қаласының бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, жер учаскесі аумағында жасыл көшеттер қарастырылған”, – делінген хабарламада.
Бірақ мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімдіктің жер учаскесін футбол алаңы болып бекіту туралы шешімін жойған.
Әселдің айтуынша, оның мекелемелерге жіберген өтініші 15 күн бойы қаралады. Ал бұл уақыт ішінде жер иесі құрылыс жұмысын бастап, кейін оған тосқауыл бола алмаймыз дейді Әсел.