"Сіз пәтер ұттыңыз!": Астанада call-орталық қызметкерлері ұсталды
Астанада интернет-дүкендер атынан хабарласып, жалған ұтыстар туралы мәлімет таратқан call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
видеодан скрин
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері елордадағы бизнес-орталықтардың бірінде жұмыс істеген алаяқтық call-орталықты анықтады.
"Алаяқтар "Техносмарт", "Байзон", Like me shop интернет-дүкендерінің қызметкерлері ретінде хабарласып, азаматтарға көлік немесе пәтер ұтып алғанын айтқан. Бірақ ол үшін "салық" төлеу керектігін талап еткен", — делінген хабарламада.
Тексеру барысында алты күдікті ұсталып, олардың барлығы Қазақстан азаматтары екені анықталды. Полицейлер жеті ноутбук, маршрутизатор және Wi-Fi роутерді тәркіледі.
Министрлік азаматтарға алаяқтардың айла-тәсілдеріне алданып қалмауды ескертіп, күмәнді жағдайда 102 нөміріне немесе тұрғылықты жердегі полиция бөліміне хабарласуға шақырды.