Баян Мақсатқызының "Сәлем салу мен үшін – жабайылық" деген пікіріне танымал тұлғалар өз ойларын бөлісті
Соңғы кезде әлеуметтік желіде продюсер Баян Мақсатқызы сәлем салу дәстүрін жабайылыққа теңеп, қызу талқыға түсті. Туған жері батыс өңірінде сәлем салу дәстүрінің жоқ екенін, өзі де адам алдында иілуді қолдамайтынын жеткізді. Алайда халқымыз "Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет" деп аталған әдет-ғұрыпты ерекше құрметтеген. Осы орайда Stan.kz тілшісі есімі белгілі азаматтарға хабарласып, пікірлерін жазып алды.
Фото: Stan.kz
Айта кетейік, Баян Алагөзова Orda News YouTube арнасындағы журналист Гүлнәр Бажкенованың подкастында қонақ болып, қоғамдағы өзекті мәселелерді әртүрлі саладағы қыз-келіншектермен талқылаған еді. Желі қолданушылары салт-дәстүрге қатысты продюсердің жеке ойын қызу талқылап, сынның астына алды.
“Ел алдында жүрген адамдардың ақымақ әңгіме айтқаны өкінішті”, “Баян туған ұлтының құндылығын таптап отыр”, “Қаншама ағайынның ортасына іріткі салды”, “Әуелі ана тілінде сөйлесін, сосын сәлем салуды үйренсін”, “Қазақтың салт-дәстүрін орыстілдіге талқылатуға болмайды, мұндайлар ұлтты мәдениеттен жұрдай қылады”, – деп жазды көпшілік.
Баян Мақсатқызының әріптесі, актриса Меруерт Түсіпбаева сәлем салуды елемейтін өңірде туса да, дәстүрімізді ежелгі Еуропа мәдениетімен байланыстырып түсіндіріп берді.
“Неге сонша жиіркеніп отыр?!”
"Кейде танымал адамдар көптен көрінбей қалғандықтан картоп жарғылары келетін шығар?! Мысалы, шпагатқа отырып дегендей... Біз Баянмен өнердің қара шаңырағы саналған Т. Жүргенов атындағы театр институтында бір кезеңде оқыдық. Сол кезде әлем театрларының тарихы, классикалық музыка, театр костюмы тарихы деген дәрістерді тыңдадық. "Жабайылық" деп айтып, кешеден бері шулатып отырғаны – реверанс қой. Сәлем салу – қазақ түгілі өркениеті әлдеқашан дамыған Еуропа мен Англияда қалыптасқан ұғым. Сәлем салу – 17 ғасырдан бері мәдениет пен тектіліктің, ізгіліктің белгісі ретіндегі ишарат. Біздің институт бітіргенімізге 30 жылдан асты. Бірақ біз сәлем салу – мәдениеттілік пен өркениеттің бір бөлшегі екенін естен шығарған жоқпыз. Мысалы, күні кеше өмірден қайтқан Елизавета ІІ қабылдауында болғандардың бәрі сәлем салғанын көрдік емес пе?! Одан неге сонша жиіркеніп отыр?! Ол салт-дәстүр бізге керек. Үлкенге көрсетілген құрмет пен ізет деп қабылдауымыз керек. Сәлем салып жатқанда одан ешқандай ағаттық, ұят тірлік көрмейміз. Өзім Павлодар өңірінің қызымын. Біз жақта сәлем де салмайды, орамал да тақпайды. Ақтау өңіріне барғанда келіндердің сәлем салғанын көрдім. Сондай керемет әсерге бөлендім. Маған сәлем салып, менің мерейімді өсірді. Өзі бата алып, жақсы тілек естіді. Бүгінде Баян екеуміз сәлем салатын жастан өтіп кеттік. Өйткені біздің мәдениетімізде сәлем салу жас келіндерге жүктелген міндет. Онда тұрған ештеңе жоқ", – деп күлді өнер иесі.
Ал, тележүргізуші, продюсер Ләйлә Сұлтанқызы келін болып түскенде сәлем салмағанын жасырмады.
“Баянның жеке пікірі ғой, мен Баянды жақсы көрем, сыйлаймын. Мен үшін қазақтың барлық қызы, келіні – батыр. Мен оңтүстіктің қызымын, сәлем салдым деп мақтана алмаймын. Себебі ата-енем жоқ, ал Қайрат пен үлкендер бірден салмай-ақ қой деді. Әр отбасында тәрбие, көзқарас, жағдай әртүрлі. Сол себепті бұл сондай талқыланатын мәселе емес деп ойлаймын”, – деді тележүргізуші.
Журналист, блогер Ербол Мәндібек продюсерді қолдап, жеке парақшасында жазба жариялады. Оның сөзінше, продюсер ханымға сәлем салудың қажеті жоқ екен.
“Халат пен тәпішкені шешіңдер”
“Баянның мойнындағы алқасында екі пәтердің құны бар. Мықты іскер әйел. Ал, сәлем салып жүрген келіндердің мойнында – несие. Кейбірінің күйеуі қадірін білмейді. Сәлемін салып, баласын бағып, ата-енесіне қарап, қонақ күтіп отыр. Осы әулеттің көңілін тапсам екен деп жүрген келіндердің қолына Баяндікіндей байлық беріп сынап көру керек. Сәлем салу – өте әдепті, әдемі салт. Құрметтің бұлжымас үлгісі. Бірақ, біздің қоғамда екі түрлі картина бар. Біріншісі, Баянның образындағы – контингент. “Жеке шегарам, менің құқығым, бәріміз бірдейміз” дейді. Екінші картина – қазақы тәрбие көрген қыздар. Олардың психологиясы "ұят болады", "ел не дейді" ұғымға негізделген. Баян әпшеміз осы контингентті үнемі сынайды. Өздеріңді қорғаңдар, бастарыңды көтеріңдер, халат пен тәпішкені шешіңдер деп ақыл айтып келеді. Бір қызығы Баян әпшеміз жеңіске жетіп келе жатыр. Бұл жолы сәлем салушыларды өз "армиясына" шақырды. Баян әпшеміз үнемі бетімізге айтып тастайды. Тік мінезді адам ғой. Мүмкін, ақшаның құдыреті шығар. Әйтеуір осы кісінің алдында өзі айтпақшы, бишара боп қаламыз”, – деп жазды Ербол Мәндібек.
Одан кейін феминист, қоғам белсендісі Айгерім Құсайынқызына хабарластық. Фембике кез келген мәдени элемент уақыт ағымына сай өзгеріске ұшырайтынын естен шығармауға кеңес берді.
“Патриархал қоғамдағы әйелдерді бағынышты ету механизмінің бірі”
“Сәлем салу – қазақтың дәстүрлі қоғамында келіннің үлкендерге құрмет көрсетуінің бір көрінісі. Бұл – тек қазақ халқына ғана емес, Орталық Азияның бірқатар елдеріне ортақ құбылыс. Дәстүрлі қоғамда мұндай әдет-ғұрыптар отбасы иерархиясын сақтауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға қызмет етті. Бірақ кез келген мәдени элемент уақыт ағымына сай өзгеріске ұшырайды. Либералды феминизм жеке таңдау еркіндігін қолдайды, яғни егер әйел өзі қалауымен сәлем салса, бұл – оның жеке шешімі. Алайда ол бұл әрекеттің әйелдерге міндет ретінде жүктелмеуін талап етеді. Радикалды феминизм мұндай дәстүрлердің патриархалды қоғамдағы әйелдерді бағынышты ету механизмдерінің бірі екенін көрсетеді. Яғни, келіннің үлкендерге иіліп сәлем салуы қоғамдағы ер мен әйелдің тең емес рөлдерін күшейтеді деп есептейді”, – деді қоғам белсендісі.
Айгерім Құсайынқызы актриса Баян Мақсатқызының пікір қоғамда дау тудыруы орынды екенін айтады. Алайда ең маңыздысы жеке адамның таңдау еркіндігі көрінеді.
“Сәлем салу – жабайылық” деген пікірі қоғамда қызу талқылау тудыруы заңды. Себебі, кейбіреулер бұл дәстүрді отбасы құндылығының бір бөлшегі деп санаса, басқалары оны патриархаттың көрінісі деп есептейді. Менің көзқарасым бойынша, ең маңыздысы – әйелдердің еркіндігі мен таңдау құқығы. Егер сәлем салу мәжбүрлікке айналса, бұл гендерлік теңдік қағидаларына қайшы келеді. Ал егер бұл әрекет шынайы құрмет пен өзара ризашылықтың белгісі ретінде жасалса, оны жеке таңдау ретінде қабылдауға болады. Зейнеп Ахметова “Күретамыр” кітабында және түрлі сұхбаттарында сәлем салуды әйелдерді төмендететін әрекет емес, керісінше, ізеттіліктің, көрегенділіктің нышаны деп түсіндіреді. Оның ойынша, бұл дәстүр әйелді кемсіту үшін емес, оны ұлықтау үшін қалыптасқан. Сәлем салған келінге үлкендер ақ батасын беріп, ризашылығын білдіреді, ал бұл оның жаңа отбасына сіңісіп, құрметке ие болуына көмектеседі”, – деп жауап берді фембике.
Қоғамның сынына ұшыраған продюсер парақшасында пікір білдіріп, өзін кінәламауын өтінді.
“Менің туған өлкемде сәлем салу дәстүрі сақталмаған. Оған мен кінәлімін бе?! Неге сонша шулап жатқандарыңызды түсінбеймін. Осы күнге дейін сәлем салған емеспін. Мүмкін мұны заң жүзінде енгізіп, талқылармыз?! Патриархат қоғамы әйелдің тек иілгенін қалап тұрады. Егер оған қарсы шықсаң, қарғысқа ұшырайсың”, – деді продюсер.