Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көпбалалы отбасылар салықтан босатылады

Қазақстанда көпбалалы отбасылар салықтан босатылады. Енді жұмыс беруші салық төлеу кезінде қол астындағы көпбалалы анаға төленетін салықты жеңілдікпен шегеріп, ақшаны айлығына қосып бере алады. Мұндай жеңілдік 90 мың теңге шеңберінде қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

1 қаңтардан бастап елімізде бірнеше санат аясында салық шегерімдері күшіне енді. Өзгерістің бірі – көпбалалы отбасыларға жасалып отырған жеңілдік. 

Мысалы, отбасындағы ер мен әйелдің біреуі жұмыс істейтін болса 90 мың теңге, ал екеуі де жұмыспен қамтылса, әрқайсысы 47 мың теңге есебінде салықтық шегерімді қолдана алады. Бұл жерде ата-ана жеңілдікті қалай бөлу керек екенін өздері таңдайды. Салық шегерімін алу үшін жұмыс берушіге өтініш жазуы керек. Балаларының туу туралы куәлігінің көшірмесін қоса тапсыруы қажет.

“Аталған салық шегерімін жеке тұлғаның өзі де қолдана алады немесе жұмыс беруші де қолдана алады. Мысалы, жеке тұлға салық шегерімін салық агентінде қолданғысы келсе, жұмыс берушіге өтініш пен құжаттарын туу туралы куәлігінің көшірмесін ұсыну керек. Өз кезегінде жұмыс беруші аталған жеке тұлғаның жеке табыс салығы салынатын кірісін көпбалалы отбасы үшін салықтық шегерім соммасына азайтуы тиіс”, – деді Қаржы министрлігі жұртшылықпен байланыс-хатшылық басқармасының басшысы Гүлжан Қалменова. 



Тағы бір ескеретіні, отбасындағы бала саны 4-ке жетуі керек. Барлығы 18-ге толмаған болуы шарт. Ал төртінші баласы қаңтар айында дүниеге келгендер шегерімді келесі жылғы пайдалана алады. Жеңілдіктің ең жоғары сомасы – жылына 282 айлық есептік көрсеткіш. Яғни 1 млн 108 мың теңгеге дейін салық шегерімі қарастырылған.

“Отбасылардың салықтық аударымдарына жасалып отырған жеңілдік – бұл бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың жанұялық бюджетін тиімді басқаруға беріліп отырған мүмкіндік. Ер азамат жылына, айына 200 мың алатын болса, барлығын төлеп, жеке табыс салығы бар, зейнетақы қорына бар аударымдары, МӘМС-ке төлеген соң қолына 155 мыңдай алатын болса, егер де осы салықтық жеңілдікті қолданатын болса, әр ай сайын 12-13 мың теңгеге дейін көбірек алады. 167 мың тенгеге дейін”, – деді экономист-сарапшы Бауыржан Ысқақ.

Талқылау