Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мақсатым – несиемді жабу": Алматылық жігіт курьер болып айына 600 мың теңге тауып жүр

Курьерлік жұмыстың жалақысы несиені өтеуге жете ме? 26 жастағы алматылық Сергей Огай желіде ерекше тәжірибе жасап, курьерлік қызметінде күніне қанша қаражатты, қалай табатынын көрсетті. Айтуынша, салыстырмалы түрде кеңсе жұмысына қарағанда қазіргі қызметінде екі есе көп табады. Бастықсыз, еркін кестемен жүремін деген Сергей Stan.kz ақпарат агенттігіне жұмысының ерекшелігі мен жалақысы туралы айтып берді. 

Фото: Желі кадрларынан 

Сергей Қазақ-америка университеттің “Радиотехника электроника және телекоммуникация” мамандығы бойынша бітірген. Ол бітіргеннен соң, бір компанияда электр құрылғыларын сатушы менеджер болып жұмыс істеген.

“Кеңседен 300 мың теңге тапсам, қазір 600 мың теңге”

“Курьерлік жұмысқа 2019 жылдан бастап, пандемия басталған кезде кірістім. Себебі сол кезде өз жұмысымнан шығып қалған едім. Ал тапсырысты тасымалдаушыларға сұраныс артты. 
Курьерлік жұмыс жалақысымен пәтер ақысын, несиемді және күнделікті қажеттіліктерімді жабамын. Жалақыма келсем, бұрынғы жұмыс орныммен салыстырғанда екі есе көп табамын. 9:00-ден 18:00-ге дейінгі кеңсе жұмысында 300 мың теңге айлық алатынмын. Ал қазір курьер болып айына 600 мың теңге шамасында табамын. 180 мың теңге пәтер ақысына, 134 мың теңге ай сайынғы несиемді төлеуге кетеді. Сонда азық-түлік пен қосымша жинауға, көлігімнің жөндеу жұмыстарына ақшам қалады”, – деді ол. 

Алматылық жігіт дәл қазір 3 миллион теңгеден аса несиесі бар екенін жасырмады. Айтуынша, алдағы уақытта мұны да жабу жоспарында бар.

@kori_s24 Зарабатываю на кредит в такси. День 1. Поддержи подпиской❤️ #такси #яндекс #работа #яндекстакси #таксияндекс ♬ оригинальный звук - Kori 🇰🇿 🇰🇷

“Бастықсыз, еркін кестеде, қалаған уақытымда жұмысқа шығамын”

“Несиені енді алғандықтан әзірге жаба қойған жоқпын. Дегенмен жақын арада түгелдей жауып тастауды жоспарлап жүрмін. Жұмысымның артықшылығын атап өтейін: мұнда еркін жұмыс кестесі, бастықтарсыз жұмыс, басқа мамандықтарға (сату менеджері, сатушы, кассир сияқты) қарағанда жоғары жалақы. Оның үстіне еркін кестемен 20-22 күн қалағанымша жұмыс істеймін. Жұмысқа қай кезде қай күні шыққым келетінін өзім шешемін.

Қазақстанда жалпы жалақының қандай деңгейде екенін білмеймін. Дегенмен өз табысыма көңілім толады. Меніңше, барлығы ақшаны көбірек таба алады. Тек бұл үшін ең бастысы ақылмен ойлау керек”, – деп қосты ол. 

Дегенмен Сергей бұл жұмыстың да өзіндік кемшіліктері барын алға тартты. Айтуынша, қауіпсіздік әлсіз, тұрақ орындары аз.

“Тапсырысты алуға, кейін беруге келген кезде көлік қоятын тұрақ болмайды. Амал жоқ, тәуекел етіп болмайтын жерлерге немесе жолда қалдыруға тура келеді. Тіпті айыппұл жазып номерімді алып кете ме деп те қорқасың. Одан соң қалада көп жаяу жүресің. Шамамен минимум 10 мыңнан 25 мың қадамға дейін. Аяқ қатты шаршайды. 
Меніңше, мопед болсын, көлік болсын тіпті жаяу жүрсеңіз де ең алдымен әр адам өз қауіпсіздігін өзінен бастауы керек. Себебі әр жұмыста өзіндік тәуекел мен қауіптер болады. Әріптестерім күндіз-түні кез келген ауа райында жұмыс істейді. Бұл – адал еңбек. 
Менің ойымша, қауіпсіздікті арттыру үшін бүкіл қалада жарықтандыруды жақсарту қажет. Өйткені жолдың қараңғы бөліктерінде мопедтер нашар көрінеді. Мен де бұрын мопедпен жұмыс істедім. Түсінгенім жолда мопедистерді көбіне сыйламай жатады. Тіпті негізгі өз жолыңмен жүрсең де, қысым жасайды. Егер әр адам ережелерді қатаң сақтаса, апат та аз болар еді”, – деп қорытты ол. 
@kori_s24 Работа в Яндексе продолжается. #такси #алматы #таксияндекс #яндекс #яндекстакси #работа #доставка #яндекскурьер #курьер #реки ♬ оригинальный звук - Kori 🇰🇿 🇰🇷
Талқылау