"92 пайызы екпе алмаған балалар": БҚО-да көкжөтелмен ауыратын науқастар саны күрт артқан
Батыс Қазақстан облысында көкжөтелмен ауыратын науқастар саны күрт артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
2024 жылы бұл қауіпті инфекция 52 адамнан анықталды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 4,5 есе көп. Науқастардың барлығы дерлік – 14 жасқа дейінгі балалар.
Көкжөтел – бактериялық инфекциядан туындайтын ауру. Сырқат жоғарғы тыныс жолдарын зақымдап, қатты жөтелге әкеледі. Көкжөтел кішкентай балалар үшін аса қауіпті. Өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, сырқаттанған балалардың 92%-ы вакцина алмаған.
Қаңтар айында көкжөтелдің үш жағдайы тіркелген. Дәрігерлер инфекциялық аурулар санының өршуін екпеден бас тартумен тікелей байланыстырады. Мамандар екпе аурудың алдын алмаса да, оны жеңіл өткізуге және асқынулардан сақтануға көмектесетінін атап өтті.
“Көкжөтелдің көбейгені байқалады. Сондай-ақ эпидемиялық паротиттің өсуі мен менингококк инфекциясының тіркелгенін де атап өтуге болады. Сондықтан ата-аналар вакцинацияның маңыздылығы мен оның салдарын дұрыс түсінуі қажет. Егер екпе алмаған бала осы аурулардың біріне шалдықса, баланың денсаулығына тигізер зардабы қауіпті болуы мүмкін”, – дейді Батыс Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.