Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялағанын мәлімдеді: Қылмыстық атқару жүйесі ақпаратты растамады

Желіде Арыстанбек Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпарат пайда болды. Оның өз қолымен жазған үндеуі парақшасында пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы сот

Экс-министр Facebook парақшасында сот билігінің әрекеттеріне қарсы екенін жеткізді.

"Мен, Мұхамедиұлы Арыстанбек, сот билігінің озбырлығы мен заңсыз әрекеттеріне наразылық білдіріп, өлмейінше аштық жариялаймын", – делінген хабарламада.

Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті аштық жариялау туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Ол тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы расталған. Одан ешқандай арыз да, шағым да болған жоқ. Сонымен қатар белгіленген тәртіппен сотталушы ұялы телефон қолдана алмайды. Бұл ретте оның атына әлеуметтік желіде жарияланған жарияланым бойынша тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі. 

Департамент жалған ақпарат үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Еске салайық, бұған дейін экс-министр Мұхамедиұлына тиесілі құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланған мектеп мемлекетке қайтарылғанын жазған едік. Алматы прокуратурасының мәліметінше, мектеп құны 1,2 миллиард теңге. Бір жылдан аса уақыт тергелген Арыстанбек Мұхамедиұлы сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Артынша "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алды деген қосымша айып тағылды. Миллиардтаған қаржы жымқырып, жекеменшік мектепті заңсыз иемденді деп айыпталған Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға сотталған еді. Оған екі эпизодты қамтитын қылмыстық іс бойынша үкім шықты.

Талқылау