Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елшілікте танысым бар деп 2,5 миллион теңге сұрады": Қазақстандық үш рет АҚШ-қа виза ала алмай, астаналық әйелге алданып қалған

Үш рет АҚШ визасын ала алмаған 31 жастағы түркістандық Ғалымжан Дайрабаев астаналық әйелге 2,5 миллион теңге беріп соңында алданып қалған. Азамат бүгінде әйелдің кінәсін мойындағанына барлық хабарламалар, суреттер мен дәлелдерге қарамастан прокуратураның істі белгісіз күйде жауып тастағанына наразы. Stan.kz редакциясына оқиғасын айтқан азамат әділдікті талап етті. 

Фото: Ғалымжан Дайрабаевтың жеке архиві

Ғалымжан Дайрабаев бұған дейін Кореяда жұмыс істеген. Кейін екі жылдан соң, елге оралуға шешім қабылдаған.

“АҚШ-қа виза алу туралы ой Кореядан елге қайтар кезде пайда болды. Себебі мен Геннадий Головкиннің АҚШ-тағы жекпе-жегіне барғым келді. Сол үшін виза алуға құжат тапсырдым. Алайда Кореядағы табысымның бәрін көптен қолданыста болмаған картама аударғандықтан бұл виза беруге кедергі болды. Сол себептен олар кенет көп ақшаның картама түскенін байқап, маған виза беруден бас тартты”, – деді азамат. 

Ғалымжан кейін екінші рет виза алмақ болған. Визаға құжат тапсыратын туристік агенттік құжатқа “үйленген” деп жазса, виза жеңілірек берілетінін айтып, солай тіркеген. Алайда виза берілмеген.

Кейін тек шын ақпаратты көрсетіп, ешкімнің көмегінсіз тапсырғанда да виза алмапты.

Осылайша үш рет визаға құжат тапсырып, үшеуінде де ала алмаған азаматқа бір күні Астанадағы әпкесінен ұсыныс келген.

“Ол маған өзінің баратын косметологы виза алуға көмектесетінін айтты. Сөйтіп мен оның көмегіне жүгінгім келіп Астанаға бардым. Сол косметологпен кездесу кезінде ол бізге өзінің көп жылдан бері осындай қызметпен айналысатынын, елшілікте таныстары бар екенін айтып, сендірді. Кейін тіпті АҚШ визасымен қатар, Кореядағы депорттар тізімінен мені алып беретінін жеткізді. Барлық қызметіне (5 430 доллар) 2, 5 миллион теңгеден аса ақша сұрады.  
Солай мен ақшамды бердім. Ол елшіліктегі адамдармен байланыста екенін жеткізді. Бір жарым айда құжатымның дайын болатынына уәде еткен еді. Бірақ міне, осы күнге дейін ешқандай құжат та, ақша да жоқ”, – деп қосты ол.  

Ғалымжан визасының дайын болуын 2024 жылдың наурыз айынан бері күткен. Алайда болмаған соң прокуратураға шағымдануға мәжбүр болған. 

“Ол әйел тіптен маған өзінің жоғары жақта танысы бар екенін, ештеңе бітіре алмайтынымды айтты. 
Бұдан соң Астана қаласының Есіл аудандық прокуратурасына арыз жаздым. Ол жақта бізді жауап алуға шақырды. Мені алдаған косметолог адвокатымен, мен де адвокатыммен бардым. 
Сұрау барысында біздің қолымызда барлық дәлел, ақша аударымдары туралы ақпарат пен хабарламамыз болды. Ол басында мойындамаса да, кейін дәлелдерді келтірген соң осынша ақшаны алғанын, барлығын растады. Алайда маған қаражатымды қайтарып бере алмайтынын жеткізді. Осылайша іс сотқа кетуі керек болған. 
Алайда кейін істің ешкімге белгісіз күйде жабылып қалғанын естідім. Тіпті мені алдаған әйел барлығын мойындап тұрса да не үшін істің бұлай жабылып қалғаны белгісіз. Прокуратураға барғанымда елшіліктен ақпарат сұратуымыз керек деп нақты жауап айтпайды. 
Мен әйел істі жаптырып тастады ма деп қорқамын. Мұның алаяқтық екені алғашында прокуратурада да айтылған еді. Әділетсіздікті көріп отырмын”, – деп қорытты Ғалымжан.

Жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана қаласының Есіл аудандық полиция департаментінен пікір сұрады.

“Сотқа дейінгі тергеп тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн”, – деді ведомство. 

Полиция тілшіміздің іс неліктен жабылғаны және қазір қай сатыда екенін сұраған сауалына мардымды жауап бермеді. 

Талқылау