Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені өлтіре ме деп қорқамын": Туыстарынан қашқан шешенстандық қыз Қазақстанда ұсталды

Атырау облысының Доссор ауылында полиция Шешенстан тұрғыны Эльза Солтаеваны ұстады. Алайда қыз еліне кері қайтқысы келмейтінін, онда отбасынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтып көмек сұрады.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: видео кадрларынан скрин

Эльза Солтаева Instagram-да видео жариялады.

"Менің жасым 24-те. Кәмелетке толған адаммын. 3 ақпанда түсінбеушілік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан үйден өз еркіммен қашып кеткенмін. Қазір Қазақстандамын. Алайда бізді Доссор ауылында полиция ұстап алды. Құжаттарымызды алып, қайта бермей отыр. Маған себебі керек. Шекарадан өтуге көмектескен адам да қамауда. Бізге көмек керек. Бұл туралы барлығына таралса екен”  – деді ол.

Қыз өзі қашып кеткен үйдегі туыстарының артынан іздеп келе жатқанын алға тартты. Ол енді өз өмірі үшін қорқатынын жеткізді. 

"Менің артымнан туыстарым келе жатқанын білемін, олар жақын арада болады. Мені өлтіреді деп қорқамын. Сондықтан көмектесіңіздер", — деді Эльза.

Ресейлік құқық қорғаушы Светлана Анохинаның айтуынша, Эльза Солтаевамен бірге оған шекарадан өтуге көмектескен белсенді Владислав Хорев та ұсталған. Ал ресейлік журналист Евгения Балтатарова олардың Ресей мен Қазақстанның шекарасын заңды түрде кесіп өткенін айтады.

"Ресейге депортациялауға негіз жоқ. Ол хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде іздестіріліп жатыр. Ол қашқаннан кейін туыстары мәлімдеме жазған. Жеке басы анықталса да, оны полиция бөлімінде ұстап отыр", — деп жазды Балтатарова Facebook-те.



Сондай-ақ ол Эльза Солтаеваның Қазақстанда баспана беру туралы өтініш жазғанын және оны полиция бастығына жібергенін айтты. 

Атырау облысы полиция департаменті қызды ұстау фактісін растады.

"2000 жылы туған Ресей Федерациясының Шешен Республикасының тумасы Мақат ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Онда жағдайлар анықталды", — делінген хабарламада.

Кейін Эльза Солтаева желіде Атырау облысның полиция департаменті өзін босатқанын айтып видео жариялады. 

“5 ақпанда мен өз еркіммен Атырау облысытық полиция департаментінен шығып Ақтөбеге қарай жол тарттым. Мұнда маған ешқандай күш көрсетілген жоқ. Полицияға айтар арыз-шағымым жоқ”, – деді ол.

Шешенстаннан, Дағыстаннан және Солтүстік Кавказдың басқа республикаларынан қыздардың қашып кетуі және оларды туыстары іздеуі сияқты фактілер Ресейдің өзінде де кездесіп жатыр. 

Кейінірек қыздың тағы да Ақтөбе полициясы тарапынан қамауға алынғаны хабарланды

“Ақтөбедегі полиция бөлімшесінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан әйелдерді қорғау жөніндегі инспекторы Ақгүл 6 ақпан күні сағат 12-де түнде ұйықтамай, біздің өтінішімізге жауап беріп, Эльзаға дағдарыс орталығын ұсынды. Ақтөбе полициясы Эльзаны босатты, бірақ ол дағдарыс орталығында қалғысы келмеген. Қазірдің өзінде бірнеше сағаттан бері Эльзамен байланыс жоқ”, – деп жазды Дина Таңсәрі. 

Талқылау