"Соңғы рет сөйлескенде жертөледе тұрғандай көрінді": Қазақстандық Ресейге жұмысқа кеткен інісін 5 жылдан бері таба алмай жүр
Қызылордалық Мағауия Қашқынбаева 5 жылдан бері Ресейге жұмысқа кеткеннен із-түссіз жоғалған бауырын таппай жүргенін айтып, қазақстандықтардан көмек сұрады. Айтуынша, 50 жастағы Елнұр Қашқынбаев қаражат табу үшін алдымен Самара қаласына барған, кейін Ростовқа ауысқан. Алайда одан соң хабар-ошарсыз кеткен. Ер адамның әпкесі Stan.kz редакциясынан көмек сұрады.
Фото: Мағауия Қашқынбаеваның жеке архиві
Жоғалған Елнұрдың әпкесі ол бұрын да шетелге шығып жұмыс істегенін айтады.
“6 жыл Кореяда жұмыс істеп келген. Өзі отбасымыздың жағдайына қарап, үйленбеді. Көп нәрсені ішіне бүгіп жүретін. 2020 жылы ақша табу үшін Ресейге баратынын айтып кеткен. Қасында таныс досы болды, екеуі бірге кетті. Алдымен Самара қаласына барды. Кейін Ростовқа ауысып жатқанын айтты. Сол кезде менен 15 мың теңге ақша сұрады”, – деді Мағауия.
Інісін іздеген әйелдің айтуынша, видео хабарламамен сөйлескен кезде Елнұрдың өзін жайсыз сезінгенін байқаған.
“Анам видео хабарлама арқылы сөйлесе алмайтындықтан мен арқылы сөйлесетін. Бірде солай хабарласқанымызда інімнің жылап сөйлесіп жатқанын көріп қалдым. Мұнда жүк тасып, қиналып жұмыс істеп жүрмін дегенін естіп қалдым. Алайда біз қайт десек “ақша табуым керек” деп оралмады.
Соңғы рет сөйлескенімде інімнің түрі қашып тұрды. Қараңғы жертөледе тұрғандай көрінді. Алайда қандай жерде тұратынын сұрағанымда жігіттермен бірге пәтер жалдайтынын айтты”, – деп жауап берді ол.
Мағауия інісі туралы көрген-білгендерден хабар күтеді.
“Соңғы рет сөйлескенде менің “елге қайт” деген ақылыма ашуланғандай болды. Кейін ренжіп байланысқа шықпай жүр екен деп ойладым. Сол хабарласқаннан кейін байланысты үзді. Телеграмнан да, WhatsАpp-тан да қаншама рет жаздым. Кейін тіпті номері мүлде жойылып кеткен. Қайда кеткені, не істеп жүргені белгісіз.
Миграциялық полицияға барып арыздандық. Күнде қандай да бір ақпарат бола ма деп үміттенеміз. Бірақ хабар жоқ”, – деп қорытты ол.
Мағауия қандай да бір ақпарат білгендер болса +7 776 271 48 37 нөміріне хабарласуды сұрайды.
Еске салсақ, бұған дейін Ресейде бизнес бастауды шешкен қазақстандықтың кенет сегіз адамның өліміне қатысты істе күдіктіге айналғанын хабарлаған едік.