Ақтаудағы жаттықтырушы қыздың өлімі: Оның атына қылмыскерлер рәсімдеген несие қалай өтеледі
Ақтауда бір топ ер адамның зорлық әрекетінің кесірінен көз жұмған Алина Серікованың ағасы қылмыскерлер оның атына рәсімдеген несиесін кім өтейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Марқұмның ағасының жеке дерекқорынан
Алина Серікованы бес ер адам бірнеше сағат бойы есірткі тұтынуға мәжбүрлеп, зорлап, қинаған. Осы оқиғадан соң қыз көз жұмды. Олар тіпті қыздың атына 2 миллион теңгеге тауарлық несие ресімдеген еді. Марқұмның ағасы Бауыржан Жолжан енді бұл несиенің қалай өтелетінін айтты.
"Олар несие алса ғана жіберетінін, онда таңдау жоқ екенін айтып қорқытқан. Несие рәсімделгеннен кейін олар базарға келіп, таныс сатушы арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып алған. Әпкемнің қайтыс болғаны туралы куәлікті алған кезде банкке барып, оның шотын жауып, алынған несиеге өсімпұл қосылмас үшін қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесін тапсырдым", – деді ол.
Бауыржан Жолжанның айтуынша, сот апелляцияны қарап, сотталушылардың үкімін өзгерткен. Нәтижесінде оларға материалдық және моральдық залал, сондай-ақ несиені жабу үшін екі миллион теңге төлеу тағайындалған.
"Олардың отбасы өтеп береді деп ойлаймын. Сот тағайындаған материалдық және моральдық залалды алғаннан кейін әпкемнің шотын ашып, сенімгер ретінде несиені жабамын", – деп қосты марқұмның ағасы.
Сотталушылардың адвокаты Бауыржан Жолжанға арыз берген.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда бір топ ер адамның қызды көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарағанын жазған едік. Марқұмның інісі жағдай туралы толық айтып берді.
Кейін басты күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылып, қалған айыпталушыларға 16 және 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.