Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар байып кетеміз деген үмітпен "интернет дүкенге" 100 млн теңге беріп, дымсыз қалды

Павлодар облысында "Автолюкс" инвестициялық пирамидасын құрып, қазақстандықтарды 100 миллион теңгеден астам қаражатқа алдаған күдікті анықталды. Ол адамдарды бөліп төлеу арқылы жалған тауарларға ақша салуға үгіттеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Павлодар облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі "Автолюкс" инвестициялық пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша істі тіркеді.

“Қаржы пирамидасы 3 ай жұмыс істеген. Алайда оның қызметі Павлодар, Алматы, Ақтөбе және басқа облыстарға таралып үлгерген.

Күдікті интернет дүкен платформасында жұмыс істеген. Ол тауарларды жалған түрде бөліп төлеуге сатып алу үшін ақша салуды ұсынған. Кейін әр 10 күн сайын 5%-дан 15%-ға дейін сыйақы төлеуге уәде берген”, – делінген хабарламада. 

Агенттіктің мәліметінше, кейінірек, салымшылар нақты сатып алынбаған тауарлар үшін қарыздарды төлей берген.



“Ал күдікті ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны ойын-сауыққа, соның ішінде шетелге (БАӘ, Тайланд және т.б.) сапарларға жұмсаған. Пирамидаға 150-ден астам адам жұмылып, нәтижесінде 100 миллион теңгеден астам қаражат салған.

Қаржы пирамидасының қаражатына күдікті екі автокөлік, Mercedes Benz және Toyota Camry маркалы көліктерді сатып алғаны анықталды. Олар соттың санкциясымен тәркіленді”, – делінген хабарламада. 

Сот күдіктіге қатысты "үйқамақ" түрінде бұлтартпау шарасын таңдады.

Талқылау