2025 жылға дейін ұлттық компаниялардағы қызметкерлер саны 25%-ға қысқартылуы керек болған: Тапсырма жүзеге асты ма
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Қазақстан халқына Жолдауында 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания жұмысшыларының санын 25 пайызға қысқарту керегін айтып, тапсырма берді. Stan.kz тілшісі жұмыстан қысқарған Қазақстандағы ұлттық компаниялар мен мемлекеттік қызметкерлердің санын анықтап, президент тапсырмасының қаншалықты орындалғанына көз жеткізді.
Фото: Kazatomprom.kz
Тоқаев 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания жұмысшыларының санын 25 пайызға, яғни төрттен біріне қысқартып, үнемделген қаржыны анағұрлым пайдалы жұмысшыларды материалдық тұрғыда ынталандыруға бағыттайтынын айтқан еді.
Осы ретте Ұлттық экономика министрлігінен тапсырмаға сәйкес қанша мемлекеттік қызметкердің жұмыстан қысқартылғанын сұрадық. Алайда министрлік штат санына қатысты ақпарат беруден бас тартты.
“Орталық және жергілікті атқарушы органдардың штат саны бойынша мәлімет – шектелген қызметтік ақпаратқа жатады. Сол себепті мемлекеттік қызметкерлердің штат саны мәселесі бойынша ақпарат ұсыну мүмкін емес. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2021 жылы мемлекеттік қызметкерлердің штат саны 15% қысқарды”, – деп жауап берді Ұлттық экономика министрі.
Еліміздегі ұлттық компанияларғы келсек, бірқатары мемлекет басшысының тапсырмасы мүлтіксіз орындалғанын айтты. Атап айтқанда, 5 жылда "Қазақстан темір жолы" АҚ қызметкерлері 25,8% қысқарған.
“Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің штат санының лимиттерін оңтайландырудың кейбір мәселелері туралы" президент жарлығы толық көлемде орындалды. Сондай-ақ әкімшілік қызметкерлер саны 2019 жылдан бастап 25,8% қысқарды. Яғни, 2 373 қызметкер қызметін босатты. 2019 жылы 9 190 әкімшілік қызметкер жұмыс істесе, 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша компанияда 6 817 қызметкер қызмет етеді”, – деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.
2019 жылдан бастап "Қазпошта" АҚ-да да қызметкерлер санының айтарлықтай қысқарған. Бұған компанияның үдерістерді оңтайландыру және цифрландыру стратегиясының сәтті жүзеге асуы себеп болған.
“Атап айтқанда, жаңа технологияларды енгізу және бірқатар операцияларды автоматтандыру арқасында операциялық тиімділік едәуір артты. Бұл қызметкер санына деген қажеттілікті азайтты. 2019 жылы "Қазпошта" АҚ-да 22 143 қызметкер жұмыс істеді. Оның ішінде 726 қызметкер – әкімшілік персоналда (ӘП), ал 21 417 қызметкер – өндірістік персоналда (ӨП) қызмет етті. Қазір қызметкерлер саны 20,3% қысқарып, компанияда 17 645 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 505 қызметкер – әкімшілік қызметте, ал 17 140 қызметкер – өндірістік қызметте. Осылайша, әкімшілік персонал саны шамамен 30%-ға, ал өндірістік персонал саны 25%-ға қысқарды”, – делінген компания жауабында.
Компанияның мәліметінше, "Қазпошта" АҚ – ауылдық елді мекендер мен аудандардың тұрғындары үшін басты жұмыс берушілердің бірі. Сондай-ақ оның кадр саясаты өндірістік персоналды қолдауға бағытталған.
Акционерлік ұйымдағы үнемделген қаржы қызметкерлердің айлығына, банкоматтардың сервисіне, IT жүйе сервисіне, бөлімшелердің жөндеу жұмысына жұмсалады. 2024 жылы барлық қызметкерлердің жалақысын 15% көтерілді.
Ал Қазақстанның бес өңірінде орналасқан "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-тің 40 өндірістік нысанында 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді екен. Компанияда 5 жылда 2125 қызметкер қысқарған.
“Компания 2024 жылға қарай әкімшілік-басқару қызметкерлерінің санын қысқарту бойынша жоспарлы түрде сатылы жұмыстар жүргізді. 2023 жылдың 1 қаңтарында қысқартудың нысаналы көрсеткіштерге жетті. Нәтижесінде “Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ бойынша әкімшілік-басқару қызметкерлерінің саны 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1 702, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 423 бірлікке, яғни 25% қысқарды”, – деп мәлімдеді "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ PR департаменті.
Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектордың әкімшілік персоналының штат санын қысқарту бойынша "KEGOС" АҚ 01.09.2019 жылдан 31.12.2022 жылға дейін қызметкерлердің санын қысқарту бойынша іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде әкімшілік-басқару персоналының 30,6%-ы қысқарған.
- 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін – 15%;
- 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін – 10% оңтайландырылды.
“Қазір әкімшілік персонал санын көбейтуге мораторий қолданылады. Бұл мәселе "Самұрық-Қазына" АҚ тұрақты бақылауында. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша "KEGOC" АҚ штатта 4 497 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде әкімшілік-басқару персоналында 458 қызметкер бар”, – деп жауап берді “KEGOC" АҚ компаниясы.
Сондай-ақ компания қысқартылған қызметкерлердің есебінен еңбекақы төлеуге арналған шығыстар шамамен 1 миллиард теңгеге үнемделгенін мәлім етті. Үнемделген қаражат таза кірісті ұлғайтуға және компанияның өндірістік персоналының жалақысын арттыруға қайта бөлінген.
Ал "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" АҚ мәліметінше, 2019 жылы 31 желтоқсанда компания штатында 140 қызметкер жұмыс істеген.
“2020 жылы 5 қаңтардан бастап Қоғам қызметкерлерінің штат саны 4%-ға, яғни 5 штат бірлігіне, ал 2020 жылы қазаннан бастап 27%-ға немесе 38 штат бірлігіне қысқартылды. 2020 жылы 31 желтоқсанда компанияда 97 қызметкер жұмыс істеді.
2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қоғамда 105 адам қызмет етті. Осы қызметкер саны бүгінгі күнге дейін сақталды”, – деліген компания жауабында.
Осылайша, компания 2020-2023 жылдар кезеңінде штат санын 2019 жылмен салыстырғанда 25%-ға, яғни 35 қызметкерге қысқартты.
"Kazakh Tourism" ҰК" АҚ” сауалға қысқа жауап берді. Компанияның мәліметінше, 2019 жылдан бері "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ-да 10 адам жұмыстан қысқартылған. Қазіргі компанияда 59 адам жұмыс істейді.
Ал "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-да 2019 жылдан бастап корпоративтік орталығы персоналының саны 30%-дан астам қысқартылған. Компанияда қазір 100 қызметкер жұмыс істейді.