"Тамақ дайындап отыратын қыз табу қиын": АҚШ-тағы қазақстандық жігіт шетелдіктермен қарым-қатынас құра алмай жүргеніне шағымданды
Желіде АҚШ-та тұратын қазақ жігітінің Америкада қарым-қатынас құра алмай жүргенін айтқан видеосы сынға қалды. Ер адам шетелдік қыздардың тамақ дайындап, кешке күтіп алмайтынына наразылығын білдіреді. Осыдан соң желі қолданушылары әйелді тамақ дайындауға міндетті деп қарамау керегін айтып, жігіттің талабына шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
“Адай in USA” лақап атымен белгілі Асқар есімді жігіт АҚШ-та тұрады және желіде сол туралы түрлі контенттер түсіреді. Кезекті видеоларының бірінде ол АҚШ-тағы қарым-қатынас пен сондағы қыздар туралы айтқан. Сөзінше, мұнда түсініктердің әртүрлі болғанына байланысты қарым-қатынастары сәтсіз аяқталған.
“2 рет қарым-қатынаста болдым. Сол үшін жақсы ауданнан сапалы пәтерлер жалдадым. Себебі отбасы болған соң ыңғайлы жерде тұрған дұрыс қой, қарым-қатынасқа түспеген кезімде кез келген жерде тұра беремін. Америкалық қызбен тіл табыстым, көңіл жарастырып, бірге тұра бастадық. Бұл жақта демократия, феминизм деген барын білемін, ал мен әдейі ондайдан алшақ қызды іздедім. Өйткені отбасыда мен бастықпын, мен шешім қабылдаймын, мен бәрін төлеймін, қауіпсіздікке жауап беремін, бәрін өзім шешемін. Әйел ісіме араласпасын, менің сөзім заң”, – деді ер адам.
@askarhere #сша #америка #казахстан #самыйкрасивыйказахвамерике ♬ original sound - Адай in usa
“Тамақ үшін екіге кеттік”
Ол қызға “ең маңызды” талабын айтыпты.
“Мен сүйіктіме жұмыс істемей-ақ қой, бірақ істегің келсе, мейлі, өз еркің дедім. Бірақ үйге келгенде тамағым дайын тұруы керек. Алғашында бәрі жақсы болған, кейін ұрыстар көбейе бастады. Алайда шыдамның шегіне жеткізген мына нәрсе болды: Үйге келсем, есі дұрыс тамақ жоқ. Мен есі дұрыс еркекпін және дұрыс тамақтанғым келеді, ет дайын тұрғанын қалаймын. Ал ол фастфудтан тапсырыс бере салған, оның үстіне суып кеткен. Осы кезде "болды, жетер" деп ойладым, осылайша екіге кеттік”, – деді Асқар.
АҚШ-тағы қазақ жігіт қытайлық қызбен де көңіл жарастырған екен.
“Онымен жұмыс кезінде танысқан едік, осылай қосылдық. Оның табысы менікінен 4 есе көп. Алайда баяғы жағдай қайталанды, үйге келсем, ыдыста рамен тұр. Мен раменды жек көремін. Оның үстіне рамен жеу үшін емес, ұлы істер үшін жаратылған адаммын. Әңгіме айтайын десем, қалжыңды да ұқпайды. Сол үшін арақатынасты тоқтаттым”, – деді АҚШ-тағы қазақстандық жігіт.
Алайда Асқар ТМД-ның қыздарымен де қарым-қатынас құра алмапты.
“1,5 жыл бұрын да бір қызбен таныстым. Түсінгенім АҚШ-та бола тұра, ТМД-ның қыздары жағдайға қарайды. Бірақ оларды сынамаймын, жағдайға қарағаны дұрыс, бірақ маған ондайлар болмайды. Осы себепті мен қарым-қатынас құрмаймын. Америкалық қыздардың мінезінің кесірінен бірге бола алмаймыз, Қытай қыздарының тамағы ұнамайды”, – деді ол.
Желі қолданушылары қазақстандық жігіттердің түсінігін сынап, мұндай менталитет ескіргенін, әсіресе шетелде мұндай ешкім келіспейтінін жарыса жазды.
“Қазақтың жігіттері осындайға үйреніп қалған”, Батыста менталитет басқа, халқы басқаша тәрбиеленгенін түсінетін уақытыңыз болды ғой”, “Ол сенен 4 есе көп табыс тапса, онда сен тамақ дайындауың керек қой”, Сіз мүгедек емессіз ғой?! Қатты тамақ ішкіңіз келсе, өзіңіз пісіріп алсаңызшы. Мұның бәрі ТМД елдерінің менталитеті ғой, қазір заман басқа, мұны бәрі түсіне бермейді”, “Ауылдың қызына үйленіп, Америкаға алып кетсеңші” деді желідегілер.
“Батыста ешкім ер адамның асты-үстіне түспейді”
Кей қазақстандық блогерлер оның сөздеріне шүйлігіп, пікірлерін бөлісті. Сөзінше, Қазақстан қоғамы ер адамдарды тым еркелетіп жіберген.
“Жігіт АҚШ-та сүйіктісін таба алмай жүр, себебі оған ешкім тамақ пісіргісі келмейді. Шетелге кеткен біздің жігіттерге күлкім келеді. Мен де АҚШ-та, Еуропада өмір сүрдім. Капитализм жайлаған елдерде әр нәрсенің сұрауы бар. Балалардың өзі 14 жастан жұмыс істейді. АҚШ-қа арман қуып барған дәртүрлі патриархалды жігіттердің санасы мынадайды көргенде аң-таң болады. Олар әйелдердің қамқорлығында болғанға үйреніп қалған. Бірінші анасы мәпелейді, әпкелері өбектейді, сосын қыздар, әйелдер төбеге көтереді. Олар әйелдердің жомарттығына, өбектегеніне үйреніп алған. Ал Батысқа барса, оларға ешкім мән бермейді, асты-үстіне түспейді. Колонизатор елдер ертерек дамып, адам құқығына мән берді, құлдың еңбегін тегін пайдалануды тоқтатты. Онда әйелдер жұмыс істейді, бірақ еркекті өбектемейді. Бізде де әйел жұмыс істейді, бірақ ер адамға да қызмет қылады”, – деді желі белсендісі.
@droppedcroisant традиции или экплуатация? #феминизм_нужен #казахстан🇰🇿тикток #антифем ♬ original sound - MASHA SAVE
Ол ер адамды тек ер адам болғаны үшін көтермелеу әділетсіз екенін айтты.
“Видеодағы ер адам жұмыстан шаршап келген әйел тамақ пісірмеді деп ренжіп отыр. Сонда ересек жігіт өзінің базалық қажетін өзі өтей алмай ма? Видеосының астындағы пікірлерді оқысам, кейбірі прогрессивті елде өзге әлеуметтік талаптармен келу орынсыз екенін айтыпты, яғни ер адам болғаны үшін ешкім алдында құрдай жорғаламайды деп пікір білдірген. Бірі жігітті қолдап, "елге келсең, өзіміз өбектейміз" дейді. Не үшін? Әйелден 4 есе аз табыс табатын еркек болғаны үшін бе? Сіздерді тек қызметші ретінде көргенін қалайсыздар ма? Ол әйел тамақ дайындаудан бас тартқаны үшін ғана қарым-қатынасты тоқтатып отыр. Ал сіз тамақ пісіргіңіз келмесе, сізге қандай қарым-қатынас көрсетуі мүмкін, соны ойладыңыз ба? Еркін болыңыздар, қыздар!”, – деді ол.