Жәрдемақы өсіп, “7-20-25” шарттары өзгереді: Қазақстандықтарды 2025-те қандай өзгерістер күтіп тұр
2025 жылдан бастап Қазақстанда бірталай өзгерістер болмақ. Солардың ішінде айлық есептік көрсеткіш өсіп, елде паспорт мен жеке куәлік жасату қымбаттайды. Ал халыққа микрокредитті онлайн алу қиындай түседі. Бұдан бөлек жасөспірім қыздарда генетикалық аурудың бар-жоғы тексерілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ortcom.kz
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмендегі көрсеткіштер өзгереді:
- Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің минимумы – 32 360 теңге;
- Минималды зейнетақы – 62 771 теңге;
- Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге;
- Әлеуметтік төлемдер үшін күнкөріс минимумі – 46 228 теңге.
Келесі жылға арналған республикалық бюджетте табыстар 21,39 триллион теңге, ал шығыстар 25,19 триллион теңге мөлшерінде белгіленген. Бұл әлеуметтік міндеттемелердің басымдығын көрсетеді.
Кімдер декларация тапсырудан босатылды?
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке құрылым қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа азаматтар өздерінің кірістері мен активтері туралы есеп тапсыруға тиіс еді. Алайда олар декларациядан босатылды. Бұл 8 миллионға жуық адамды қамтиды.
Дегенмен 2025 жылы және кейінгі жылдары декларация тапсыратындар:
- жеке кәсіпкерлер (ЖК);
- мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектордың басшылары және олардың жұбайлары, егер олар 73,8 миллион теңгеден (2024 жылы 20 мың АЕК – 73 840 теңге) қымбат мүлік сатып алынса;
- шетелде мүлкі немесе шетелдік банктерде қаражаты барлар.
Сонымен қатар әр қазақстандық декларацияны ерікті түрде тапсыра алады.
Дегенмен елде келесі жылдан бастап қарапайым жүйеде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің шығыны артады. Әлеуметтік аударымдар (3,5%-дан 5%-ға) және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (1,5%-дан 2,5%-ға) өседі.
Минималды жалақы бойынша ай сайынғы шығын 2 125 теңгеге артады:
- Әлеуметтік аударымдар – 4 250 теңге;
- Міндетті зейнетақы жарналары – 8 500 теңге;
- Міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу – 2 125 теңге;
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – 5 950 теңге.
1 қаңтардан бастап паспорт мен жеке куәлік жасату қымбаттайды
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік құжаттарды алу құны өзгереді. Өйткені айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеге дейін өседі. Бұл өз кезегінде төлқұжаттар мен басқа да құжаттардың бағасына әсер етеді.
Төлқұжаттың бағасы:
- 16 жасқа дейінгі балалар үшін 24 парақ төлқұжат құны – 4 АЕК (15 728 теңге).
- Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны – 8 АЕК (31 456 теңге).
- Ересектер үшін 48 парақ төлқұжаттың бағасы – 12 АЕК (47 184 теңге).
Төлқұжатты тапсырыс бергеннен кейін 15 жұмыс күнінде дайындалады, бірақ қосымша ақы төлеп оны тезірек алу мүмкіндігі де бар.
Жеке куәлік:
- Жеке куәлік жасату құны – 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге.
- Егер жеке куәлік жоғалып, бір жылда екі реттен артық жасатылса, құны – 1АЕК немесе 3 932 теңге.
Сонымен қатар 2025 жылы неке қию туралы куәлік құны 1 АЕК (3 932 теңге) болады, ал ажырасуға өтініш беру 2 АЕК болып, (7 864 теңге) қымбаттайды. Туу туралы куәлік тегін беріледі, бірақ оны жоғалту немесе қайта алу жағдайында 0,5 АЕК (1 966 теңге) төлеу қажет.
Фото: eGov.kz
Айыппұл мен жәрдемақы мөлшері өседі
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айыппұлдар мен жәрдемақылардың мөлшері өзгеріп, кейбір әлеуметтік төлемдер ұлғайтылады. Оларға қатысты мәліметтер келесідей:
- Бір реттік жәрдемақы (баланың тууына байланысты):
Бірінші, екінші, үшінші бала туғанда — 149 416 теңге;
Төртінші және одан көп бала туғанда — 247 716 теңге.
- Бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдер үшін):
Бірінші бала үшін — 22 649 теңге;
Екінші бала үшін — 26 777 теңге;
Үшінші бала үшін — 30 867 теңге;
Төртінші және одан көп бала үшін — 34 995 теңге.
- Көпбалалы отбасыларға арналған ай сайынғы жәрдемақы (төрт және одан көп бірге тұратын жасөспірім балалары бар отбасылар):
Төрт балаға — 63 030 теңге;
Бес балаға — 78 798 теңге;
Алты балаға — 94 565 теңге;
Жеті балаға — 110 332 теңге;
Сегіз және одан көп балаға — әр балаға 15 728 теңге.
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілікті жоғалту бойынша төлемдер 6,5% ұлғаяды.
Бұл төлемдер әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен бөлек беріледі. Төлемдер мөлшері әр адамның кейінгі екі жылдағы орташа айлық табысына, еңбекке қабілеттілікті жоғалту коэффициенттеріне, асыраушыларының санына, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу кезеңіне және табыстың орнын толтыру деңгейіне байланысты болады.
- Асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мынадай мөлшерде болады:
1 асыраушы — 42 530 теңге (қазір 39 935 теңге);
2 асыраушы — 78 588 теңге (қазір 73 792 теңге);
3 асыраушы — 104 014 теңге (қазір 97 666 теңге);
4 асыраушы — 120 194 теңге (қазір 112 859 теңге);
5 асыраушы — 127 129 теңге (қазір 119 370 теңге);
6 және одан көп асыраушы — 138 685 теңге (қазір 130 221 теңге).
- Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы әр адамның кейінгі екі жылдағы орташа жалақысынан есептеледі және жеке мөлшерде болады.
Қуанышқа орай, мүгедектігі барлар мен жетімдерге әлеуметтік төлемдер 6,5% артады. Бұл өзгерістер:
- 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға жәрдемақы 69 886 теңгеден 74 428,59 теңгеге дейін көтеріледі (4 542,59 теңге қосылады).
- 7-18 жас аралығындағы I топтағы мүгедектердің ата-анасы 165 382 теңге алады.
Мүгедектік топтарға сәйкес төлемдер өзгертілді:
- 2-топ: 79 435 теңге (жалпы мүгедектер үшін 76 397 теңге, әскери қызметкерлер үшін 131 958 теңге);
- 3-топ: 69 886 теңге (жалпы мүгедектер үшін 52 089 теңге, әскери қызметкерлер үшін 100 271 теңге).
- 1-топ: 95 496 теңге (жалпы мүгедектер мен әскери қызметкерлер үшін).
Айыппұлдар өседі
Бұдан бөлек Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар көтеріледі. Мысалы:
- Жылдамдықты сағатына 10-20 шақырым асыру: 5 АЕК — 19,6 мың теңге (қазіргі кезде 18,4 мың теңге).
- Қызыл жарыққа өту, сағатына 20-40 шақырым жылдамдықты асыру, мүгедектерге арналған орындарға заңсыз көлік қою немесе жаяу жүргіншілерге жол бермеу: 10 АЕК — 39,3 мың теңге (қазіргі кезде 36,9 мың теңге).
- Көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның басқаруы немесе ЖКО орнын тастап кету: 50 АЕК — 196,6 мың теңге (қазіргі кезде 184,6 мың теңге).
Сонымен қатар утилизациялық алымдар да өседі. Көлігіңіздің қозғалтқыш көлеміне байланысты ең төменгі төлемдер:
- 1000 см³-қа дейін — 294,9 мың теңге;
- 2000 см³-қа дейін — 688,1 мың теңге;
- 3000 см³-қа дейін — 983 мың теңге;
- 3000 см³-тан жоғары — 2,2 миллион теңге. Ал электромобильдер үшін утилизациялық алым нөлдік мөлшерде қала бермек.
Телефонмен сөйлесу немесе белдік тақпауға да 20 000 теңге (5 АЕК), кешкі оннан кейін көше кезген балалардың ата-аналарына 12 000 теңге айыппұл салынбақ. Ал тыныштықты бұзып (20 000 теңге), қоғамдық орында түкірген немесе қоқыс тастағандар да (19 000 теңге) жауапқа тартылады. Мұның қатарында мұғалімдер мен дәрігерлерді балағаттағандар 39 000 теңге төлеуге міндеттелмек.
Фото: pixabay.com
Мемлекеттік сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізіледі
Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу ережелеріне бірнеше өзгерістер енгізіледі.
Елімізде мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңда егер нақты балама болмаса, бір ғана өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес деп танылуы мүмкін. Бұрын бұл мүмкін болмаған, себебі кемінде бір қатысушыны күткен және егер тағы бір өтініш түспесе, конкурс тоқтатылған. Бұрынғы заңда (2015 жылғы 4 желтоқсандағы "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңның 29-бабы, 1-тармағы, 2-тармақшасында) былай делінген:
"Мемлекеттік сатып алу конкурстық тәсілмен өткенде, егер конкурсқа қатысуға екі өтініштен кем ұсынылса, конкурс өткізілмеген деп танылады."
Жаңа заңда, 2024 жылғы 1 шілдеде енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер конкурсқа тек бір өтініш берілсе және ол біліктілік талаптарына сәйкес келсе, конкурс өткізілген деп танылады.
Оперативтік мақсатта ауылдық әкімдіктерге мемлекеттік сатып алуларды конкурссыз жүзеге асыруға рұқсат етіледі, бірақ олардың сомасы 4 мың АЕК – 15 728 000 теңгеден аспауға тиіс (Заңның 16-бабы, 3-тармағы, 28-тармақ). Мысалы, қыстың ортасында қазандық немесе трактор сынып қалса, оны барлық рәсімді орындап жаңа сатып алу тек көктемге дейін ғана мүмкін болады.
- Конкурссыз сатып алу. Кейбір жағдайларда сатып алу конкурстық рәсімдерсіз жүзеге асырылады, мысалы:
- Офтейк-келісімдер (отандық өндірушілерді қолдау мақсатында);
- Шұғыл жағдайларда (мысалы, төтенше жағдайларды алдын алу);
- Ауылдық әкімдіктерге арналған сатып алулар 4 мың АЕК дейін конкурсыз жүргізіледі.
- EPC келісімшарттары. Құрылыс жобаларын "құрылыс пен іске қосу" бойынша келісімшарттар арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ереже енгізіледі. Сондай-ақ, қосалқы мердігерлер көлемі 30%-дан аспауға тиіс.
Мемлекеттік сатып алу кезінде әлеуетті жеткізушілердің рейтингін анықтау үшін жасанды интеллект қолданылмақ. Алайда, шешімді автоматты жүйе қабылдамайды, соңғы шешім әлі де комиссияға беріледі.
- Рейтинг-балдық жүйесі. Бұл жүйе кейбір сатып алулар үшін енгізілген, бірақ оны толықтай қолдануға қатысты эксперименттер әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл жүйе сот талқылауларының мерзімдерін қысқартуға көмектеседі, бірақ заңда бірқатар өзгерістерге әкелуі мүмкін.
Жаңартылған ережелер мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашықтығын арттыруға және коррупцияны азайтуға бағытталған.
Міндетті медициналық сақтандыруға қанша төлейміз?
2025 жылы Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) төлемдері бойынша өзгерістер келесідей болады:
- Жұмыс берушілердің жарналары – қызметкерлердің айлығынан 3% мөлшерінде.
- Қызметкерлердің жарналары – өз айлығынан 2% мөлшерінде.
- Бірыңғай төлем төлеушілер – жалпы еңбек ақы қорынан 23,8% мөлшерінде.
- Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар – табысының 2% мөлшерінде.
- Жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар – айына 5 950 теңге төлеуге міндетті.
- Тәуелсіз төлеушілер – айына 4 250 теңге төлеуі қажет, бұл ең төменгі жалақының 5%-ын құрайды.
- Мемлекеттік жарналар – мемлекет әр азаматқа 7 285,9 теңге аударады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 000 теңге болып қалады. Сондықтан жарналар да осы деңгейде есептеледі. Төлемдер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдерге негізделеді, бірақ олар тек ең төменгі жалақыға қатысты анықталады.
Енді еліміздегі ауруханалар жұмысына өзгерістер енгізіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, медициналық ұйымдарды "қызыл", "сары" және "жасыл" аймақтарға бөледі.
Егер ауруханаға көп шағым түссе және ақаулар анықталса, олар "қызыл" немесе "сары" аймаққа кіріп, қызметі қатаң тексеріледі. Ал мәселесіз жұмыс істейтін ұйымдар "жасыл" аймаққа өтеді. Жүйе 2025 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Медициналық ұйымдардың рейтингі әзірге халыққа қолжетімді болмайды, бірақ болашақта жариялау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап медициналық анықтамалар электронды форматта беріледі.
Фото: pixabay.com
Медициналық анықтама электронды нұсқада беріледі
2025 жылдан бастап Қазақстанда жеке медициналық құжаттарды беру, есепке алу және жүргізу толық электронды форматқа көшеді. Бұл шараның негізгі мақсаты — қазақстандықтардың қаржысын үнемдеу және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру.
Денсаулық сақтау министрлігі осы өзгеріс арқылы бірнеше маңызды мәселелерді шешуді қарастырады:
- Қаржыны үнемдеу — қағаз түрінде медициналық құжаттарды шығару және сақтауға кеткен шығындар азаяды.
- Анықтамалардың бұрмалануын болдырмау — медициналық тексеруден өткенін растау үшін жалған мәліметтер беру мүмкіндігі жойылады. Мысалы, асхана, мейрамхана, балабақша, мектеп қызметкерлері медициналық тексерістен өткені туралы өтірік мәліметтер беруіне мүмкіндік болмайды.
Қазір Қазақстанда 1,6 миллион адамның медициналық кітапшасы бар, олар әр түрлі салаларда жұмыс істейді:
- Қоғамдық тамақтандыру саласында – 780 мың адам.
- Білім беру саласында – 550 мың адам.
- Денсаулық сақтау саласында – 272 мың адам.
- Жеке секторда – 52 мың адам.
"Ұлттық қор – балаларға"
Еске сала кетейік, былтыр Қазақстанда "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылды. 1 ақпанда Қазақстанның барлық балаларының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шоттарына 100 доллар 52 цент мөлшерінде қаржы аударылды. 2025 жылы бұл сома қанша болатыны әлі белгісіз. Алдын ала болжам бойынша, ол шамамен 120 доллар болуы мүмкін.
Жұмысшы мамандықтар жылы
Қыркүйек айында президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұған байланысты білім беру саласында бірқатар өзгеріс болады.
Барлық 9-сынып түлектері, егер сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерге түссе, тегін оқи алады. Бұрын бұл көрсеткіш 90 пайыз (143 000 студент) еді.
Мақсатты тапсырыстар саны 10 000 орынға көбейеді. Қазір 30 000 студент практика ұйымдастырып, түлектерді жұмысқа алатын кәсіпорындардың тапсырысы бойынша білім алып жатыр. Келесі жылы олардың саны 40 000-ға жетеді.
Келесі оқу жылынан бастап колледж студентіне арналған жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері 450 000 теңгеден 800 000 теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, нығайтылады. Тағы 10 оқу орнының базасында студенттер тәжірибеден өте алатын шағын кәсіпорындар ашылады.
Фото: depositphotos.com
Микрокредитті онлайн алу қиындай түседі
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда микрокредитті онлайн алу қиындайды. Жаңа ережелерге сәйкес, онлайн микрозайм алу кезінде биометриялық сәйкестендіру мен электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) бір уақытта қолдану міндетті. Сондай-ақ микрофинанс ұйымдары клиентке ақша аударар алдында оның банк есепшотының немесе төлем картасының тиесілігін тексеруге тиіс.
Банктер мен МФҰ үшін тексерудің екі әдісін пайдалану талап етіледі:
- биометрия және ЭЦҚ.
Бұдан басқа, банктер төлемдер мен аударымдар кезінде клиенттің мобильді телефонына тексеру кодын жібереді.
“7-20-25” шарттары өзгерді
Айта кетейік, Ұлттық банк 2025 жылға арналған "7-20-25" бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізді. Қаржыландыру лимиті 100 миллиард теңге болып белгіленді.
1 қаңтардан бастап жаңа талап енгізіледі:
- қарыз алушы мен оның жұбайы соңғы 18 айда Қазақстанда меншік баспанасы болмауы керек.
Құқықтан тыс қалатындар:
- әрбір отбасы мүшесіне 15 шаршы метрден аз болатын жатақхана бөлмелері мен апатты жағдайдағы үйлер.
Сонымен қатар мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлер ипотеканың негізгі қарызы мен пайыздарын төлеуден қызмет мерзімі бойы және оның аяқталуынан кейін 60 күнге дейін босатылады.
Фото: pixabay.com
Бұдан кейін бірінші жартыжылдықта банктер арасында QR-төлем жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе пайдаланушыларға банк қосымшасы мен терминалынан тәуелсіз төлем жасауға мүмкіндік береді. Жаңа қызмет шағын және орта бизнеске жеңілдетілген төлем жүйесін ұсынады, қауіпсіздікті криптографиялық қорғау және алаяқтықтан қорғау жүйесі қамтамасыз етеді.
Балабақшалар ваучерлік жүйемен қаржыландырылады
2025 жылдан бастап Қазақстанда жаңа әлеуметтік жүйелер мен жәрдемақылар бойынша өзгерістер енгізілмек. Қазақстандық ата-аналар балаларын мемлекеттік немесе жеке балабақшаға беру үшін ваучерлік жүйе бойынша таңдауларын өздері жасайды. Мұнда ата-аналарға:
- Балабақша таңдауда толық еркіндік беріледі (мемлекеттік немесе жеке мекемелерді өздері таңдайды);
- Барлық мектепке дейінгі ұйымдар заңнамалық талапқа сәйкес, мемлекеттік тапсырыс алу құқығына ие болады;
- Қаржыландыру жүйесі баланың балабақшаға баруымен байланысты болады, яғни "ақша баланың соңынан ілестіріледі";
- Бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Пилот жобаның оң нәтижелері байқалды. Мысалы, Таразда енгізілген пилот жобаның арқасында балабақшаға бармайтын балаларды алып тастап, 17 мыңнан астам бала балабақшаға орналастырылған. Осы жүйе Шымкент пен Түркістан облыстарында да жалғасып жатыр. Ал келесі жылдан бастап мұны барлық өңірге енгізу жоспарланып отыр.
Фото: pixabay.com
Жасөспірім қыздарда генетикалық аурудың бар-жоғы тексеріледі
2025 жылдан бастап 16-17 жастағы бойжеткендерде арқа бұлшықет атрофиясын анықтау үшін скрининг енгізіледі. Жыл сайын 4,5 миллион бала профилактикалық тексерістен өтеді. Сонымен қатар балалар мүгедектігінің алдын алу мақсатында МСАК ұйымдарында 1500 "бала жетілдіру кабинеті", ал босандыру ұйымдарында 50 "жаңа туған нәрестелерді бақылау кабинеті" жұмыс істейді. Генетикалық ауруларды ерте анықтау үшін 1 наурыздан бастап 10 өңірде перинатальды орталықтарда тексеру бөлімшелері ашылды.
Ал әйелдер үшін жаңа "Аналар саулығы" бағдарламасы іске қосылып, денсаулықты сақтау, жүктілікке дайындық және профилактикалық тексерулерді қамтиды.
Бағдарлама аясында мына негізгі бағыттар қамтылған:
- Жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және инфекциялардан, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу.
- Профилактикалық тексерулер: фертильді жастағы әйелдер мен қыздардағы патологияларды анықтау және емдеу.
- "Ерлі-зайыптылардың денсаулық паспорты" жобасы: некеге дейін ерікті профилактикалық тексерулер өткізу.
- Жүкті әйелдердің ерте анықталуы және оларға сапалы көмек көрсету.
- Контрацептивтермен қамтамасыз ету.
- Жаңа технологияларды пайдалану.
- Салауатты өмір салты мен ұрпақты болу денсаулығын насихаттау.
Фото: pixabay.com
Көшпелі цирктерге тыйым салынады
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жабайы жануарларды көрмелерде көрсетуге тыйым салынады. Енді көшпелі цирктер ел аумағында жұмыс істемейді. Бірақ кәдімгі цирктер ешқандай кедергісіз жұмысын жалғастыра береді.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнамада жабайы жануарларды көрмелерде көрсетуге, көшпелі зоопарктер мен океанариумдарға тыйым салатын норма қарастырылған.
Бұл норма 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы көшпелі цирктердің, зоопарктер мен басқа да осындай мекемелердің қызметі тоқтайды.
Фото: pixabay.com
Республикалық маңызы бар 10 жол ақылы болады
2025 жылы Қазақстанда автокөлік жүргізушілерінен төлем алынатын 10 жаңа жол учаскесі қосылады. Бұл өзгерістер келесі жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын осы учаскелердің тізіміне келесі жолдар кіреді:
- Қызылорда – Арал (455 шақырым),
- Ақтөбе – Мартук (92 шақырым),
- Қостанай – Троицк (163 шақырым),
- Ақтау – Бейнеу (454 шақырым),
- Қостанай – Денисовка (169 шақырым),
- Шу – Бурылбайтал (184 шақырым),
- Үшарал – Достық (180 шақырым),
- Балқаш – Бұрылбайтал (91 шақырым),
- Қандыағаш – Мақат (385 шақырым),
- Тараз қаласының айналма жолы (57 шақырым).
Қазір 17 жол учаскесі төлем алынатын жолдар қатарына кіреді. Олардың жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырым. Биылдан бастап жүргізушілер 48 миллиард теңге төледі.
InDrive және Яндекс таксилері оң рульді көліктермен жүре алмайды
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап InDrive және Яндекс Такси платформаларына оң жақ рөлді және екі есікті көліктерді тіркеуге тыйым салынады.
Тиісті меморандум Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігі арасында жасалды. Бұл шешім заңсыз жолаушы тасымалдауды болдырмау және көлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданды.
Мұндай көліктерді пайдаланатын жеке тасымалдаушылардың әкімшілік жауапкершілігі қарастырылған. Алайда олар туыстарын немесе таныстарын тасымалдап бара жатқанын айтып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысады. Осыны болдырмау үшін платформаларда осындай көліктерді тіркеуге тыйым салу шарасы енгізілді.
Фото: pixabay.com
Қазақстанға Қырғызстаннан автокөлік әкелуге тыйым салынады
Бұл жаңашылдық Қырғызстанда кеденнен өткен және Қазақстанға экспортталатын барлық көлікке қатысты. Көлік және инфрақұрылым министрлігіне қарасты интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаевтың айтуынша, Э-ПТС сол елде рәсімделеді.
Онда көлік кеденнен өтеді және ұлттық деректер базасына енгізіледі. Ол үшін ЕАЭО елдерінің жүйелері интеграциялануы керек. Бұл үшін Қырғызстанмен ақпараттық өзара іс-қимыл туралы уақытша келісімге қол қою қажет. Егер келісімге қол қойылса, оның жүзеге асырылуы кемінде алты айға созылады. Сондықтан Қырғызстан арқылы әкелінген көліктердің тіркелуі 2025 жылдың шілде айынан бұрын қайта басталмайды.
Сонымен қатар Қазақстанда жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынады. Көлік министрлігі ауыр техниканың жолдарға шығуына шектеу қояды, ал шектеуді бұзған көліктер лицензиясынан айырылады. Карьерлік жабдықтар тек карьерлерде қолданылуға тиіс. Сонымен қатар салмақты автоматты түрде өлшейтін 220 камера орнатылады. Шектеуді асырып жүрген көліктерге айыппұл салынады. Транзиттік көліктер бұл шарадан тыс қалады.