Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарды 2025 жылға дейін ауыз сумен толық қамтамасыз етеміз деп уәде берген: Жоспар орындалды ма?

Осыдан екі жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы еліміздің барлық аймағын ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы тапсырма берген. Үкімет бұл тапсырма бойынша жұмыс кезең-кезеңімен орындалып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен экологтар елімізде ауыз су мәселесі әлі де шешілмей жатқанын айтып отыр. Ел аумақтары осы уақытта толықтай ауыз сумен қамтылды ма? Су мәселесі қаншалықты деңгейде шешіліп жатыр? Stan.kz тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Фото: pixabay.com 

2024 жылы суға байланысты жобаларға 218 миллиард теңге қаражат бөлінген

Stan.kz тілшісі ел аймақтарының қаншалықты ауыз сумен қамтамасыз етілгенін Су ресурстары және ирригация министрлігінен сұрап білді. Алайда президент берген тапсырмаға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты болып шықты. Министрлік былтыр суға байланысты 324 жобаны іске асыруға 218 миллиард теңге қаражат бөлінгенін алға тартты. 

“Оның ішінде қалаларда 117 жобаға 106 миллиард теңге, ауылдарда 207 жобаға 112 миллиард теңге бағытталған. 

2024 жылдың қорытындысы бойынша сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі:

  • қалаларда 99,5%-ға,
  • ауылдарда 97,8%-ға жетті делінген министрлік хабарламасында. 

“Сонымен қатар 89 қаланың 65-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Екібастұз және Шардара қалаларында сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100% жеткізілді”, – деді министрлік. 

Ведомство республика бойынша 6 256 ауылдық елді мекеннің 5 130-ы сапалы ауыз суға қол жеткізгенін жеткізді.

“10 айдың ішінде республикалық бюджет есебінен 40 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүргізілді, 173 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. 49 ауылда тозған желілерді реконструкциялау жүзеге асырылды. 

2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр”, – делінген ведомство жауабында. 

“Құдық пен өзен, көлден су ішіп отырған халық әлі бар”

Дегенмен эколог Лаура Мәлікованың айтуынша, жоспар бойынша жұмыс тиянақты орындалып жатқан жоқ. Себебі билік өкілдері ауыз сумен қамтуды ойлағанмен оның сапасына назар салып жатқан жоқ.

“Елімізде құдықтан, өзен-көлдерден су ішіп отырған халық әлі де бар. Бұл жерде жай ауыз сумен қамтамасыз ету емес, сапалы, адамдардың денсаулығына қауіп төндірмейтін сумен қамту маңызды. Сондықтан бастапқы жоспарды осы мақсатта қоюы керек еді. Бұл жерде жоспардың өзі дұрыс қойылмаған. Оны бағалау индикаторы да дұрыс емес. Сондықтан бұл тапсырманы 100 пайыз орындалды деп айта алмаймыз. Себебі қазірдің өзінде ауылдағы тұрғындар өзен көлдерден су ішіп отыр. Халықтың бұлай су ішіп отырғанын ауыз сумен қамтамасыз етілді деп санауға болмайды” – деді маман.

“Таза су тұтынбағандықтан халықта ауру көбейіп келеді”

Эколог елімізде барлық су тазалаудан өтіп барып, тұтынуға берілуі қажет екенін айтты. Бүгінде судың құрамына мән берілмегендіктен ел арасында ауру-сырқаулар да көбейген екен. 

“Мысалы Түркістан облысының кей ауылдарында тұрғындар жер астынан шыққан құдық суын ішіп жатыр. Алайда бұл судың құрамында иод пен түрлі элемент шамадан тыс көп. Жалпы мұндай су ішетін судың санаттарына сай емес. Бірақ ол ауыз суы болып есептеледі. Соны ішіп отырған халық арасында іш өту, асқазан аурулары көп. Сол себепті жай ауыз сумен емес, сапалы ауыз сумен қаматамасыз ету мәселесін көтеру қажет. Оған оса әр ауылды тексеру керек еді. Бірақ бізде бұл іс шала істеліп жатыр”, – деп қосты ол.

“Көпқабатты үйлердегі су тапшылығы – құрылыс компанияларының кінәсі”

Лаура Мәлікова соңғы кезде үлкен қалаларда да су тапшылығынан халық наразылығы туындап жатқанын алға тартты. Алайда айтуынша, бұл жерде мәселе құрылыс компанияларының қатесінен. 

“Халық жаппай қалаларға көшіп жатыр. Сәйкесінше үлкен қалаларда үйлер көп салынып келеді. Компаниялар тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету жүйесіне қоспастан халыққа сатып жатыр. Міне, салдарынан тұрғындар су мәселесіне тап болып, кейін наразылыққа шығып жүр. Бұл су жоқ деген мәселе емес, бұл бей-берекет салған құрылыс компанияларының қатесі”, – деді эколог. 

“2030 жылға қарай су тапшылығы болады: Қар суын жинап, жер асты суын зерттеу керек”

Маман дәл қазір елімізде су тапшылығы мәселесінің жоқ екенін алға тартты. Алайда алдағы 5 жылда тапшылықтың байқалатынын да жасырмады.

“Бізде климаттың өзгеруі жүріп жатыр және суды жіберетін көрші елдер өздерінің ұлттық мүдделерін бірінші орынға қояды. Салдарынан су тапшылығы болуы әбден мүмкін. Сондықтан жаңа министрлік жер асты суларының сапасын зерттеу керек. 

Гидрогеология инстутын құру бастамалары дұрыс. Бірақ олар осы уақытқа дейін тек Алматы облысының айналасын ғана зерттеген. Ал бізде қазір Астананың аумағы, Ақмола, халық көп шоғырланған Түркістан облыстарындағы жер асты суларының сапасын зерттеп жатқан ғылыми зерттеулер туралы естімедік. Сондықтан “қырғыздар, өзбектер су бермей жатыр” деп кінәламай, бірінші кезекте өзіміздің ресурстарды тиімді пайдалануды қолға алуы керек.

Қыстың кезінде қар жауып жатыр. Мәселен, сол қарды Канада сияқты елдерде, Белоруссияның өзінде ерітіп, қайтадан пайдалануға жібереді екен. Міне, бізге де сондай шараларды қолға алу қажет. Мәселен, Астанада қазірдің өзінде қанша қар түсті. Ол қарды бекерге апарып тастап жатыр. Ол ертең еріп, айналасындағы елді-мекендерде су тасқыны болып кетуі мүмкін. Сондықтан қардың суын ерітіп қайта пайдалану арқылы бір емес, бірнеше мәселені шешуге болар еді”, – деп қорытты ол. 

Талқылау