Алматы мен Астанада тәуелсіздік күнінде отшашу болмайды
Алматы мен Астана әкімдігі қалаларда тәуелсіздік күніне орай отшашу болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 16 желтоқсанда Республика алаңында Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтары қойылады. Салтанатты шараға ардагерлер кеңесінің, әкімдіктің, қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және “Желтоқсан оқиғасына” қатысқандар келеді.
“Келесі күні желтоқсан оқиғаларының 38 жылдығы аясында "Тәуелсіздік таңы" ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Салтанатты шараға әкімдік, жастар ұйымдарының өкілдері қатысады. Салтанатты рәсімнен кейін жиналғандар қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алады. Ал діни қызметкерлер еске алу дұғасын оқиды”, – делінген хабарламада.
Астана әкімдігі де биыл Тәуелсіздік күніне арналған отшашу ұйымдастырылмайтыны туралы мәлімдеді. Мұнда да мерекелік іс-шаралар болады.
"Тәуелсіздік күніне орай Астанада 50-ден астам түрлі мерекелік және ресми іс-шаралар, соның ішінде көрмелер, концерттер, сурет байқаулары, турнирлер мен спартакиадалар ұйымдастырылады. Отшашу болмайды", – деп атап өтті әкімдік.
Әкімдік әдетте бұл мерекеде отшашу дәстүрлі түрде демеушілердің ақшасына алынғанын жеткізді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 2021 жылы отшашулар бір уақытта үш алаңда іске қосылған.

"Әйелдерді ылғи ұрысқақ, долы, толық етіп көрсетеді": Қоғам белсенділері қазақ киносындағы әйелдің образы неге өзгермейтінін талқылады
