"Отбасымдағы ер адамдардың әрекетін қайталайтын болды": Қазақстандық келіншек мысырлық күйеуінің Қазақстанға келіп өзгеріп кеткенін айтты
Мысырлық азаматты өмірлік жар еткен алматылық Мадина Тоқтыбаева Египеттегі келіндік өмірінен сыр шертті. Келіншек отбасымен уақытша Қазақстанда тұрып жатыр. Мадина әлеуметтік желіде Египетте тұрғанда үй шаруасына мығым, жанашыр күйеуінің Қазақстанға келіп өзгеріп кеткені туралы айтқан. Stan.kz тілшісі кейіпкерден “Шетелдік күйеуінің ойының өзгеруіне кім себеп болды, не әсер етті?” деп сұрап көрді. Мадина әңгімесін күйеуімен таныстығынан бастады.
Фото: Отбасы мұрағатынан
“Мысырлықтарда “некеге дейінгі қарым-қатынас” деген ұғым жоқ”
Мадина Тоқтыбаева – Астана қаласының тумасы. 29 жастағы келіншек елордада жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң Алматыға қоныс аударған. Айтуынша, желі қолданушылары мысырлық күйеуімен таныстығы туралы жиі сұрайды. Әңгімесін де содан бастады.
“Кезінде дүниежүзін аралап, саяхаттау менің арманым еді. Бірақ бірінші саяхатымнан-ақ бұл арманымды жүзеге асыру 6 жылға тоқтап қалды. Еңбек демалысымда Шарм-Эль-Шейхке бардым. Сонда жүріп египеттік күйеуімді жолықтырдым. Ол да сол жерде демалып жүрген екен. Екеуіміз танысқан күні кешке ол маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Мысырлықтарда “некеге дейінгі қарым-қатынас” деген ұғым жоқ. Алғашқыда мен оның ұсынысын қалжың деп қабылдадым. Маған бәрінен де Мысырдың басқа да қалаларын аралау қызық болды”, – дейді Мадина.
Мысырлық азамат Александрия қаласының тумасы болып шықты. Кейіпкеріміз де осы қаланы көріп, онымен танысу арманы болғанын айтады. Бұл кездесу мен таныстық Мадинаны маңызды таңдау мен өміріндегі үлкен өзгерістерге алып келді.
“Экскурсия жасайсың” деп келісіп, Александрияға барғанда оның ата-анасы мені дастархан жайып қарсы алды. Еңбек демалысым 10 күнге созылды. Он күн бойы Египетті араладым. Болашақ күйеуіммен пирамидадан бастап бүкіл Мысырды араладық десем болады. Кетер кезде ол маған сақина сыйлап, мені күтетінін айтты. Алматыға келген соң бірден жұмыстан шығып, 2 айдан соң Египетке көшіп кеттім”, – дейді келіншек өміріндегі маңызды таңдау жасаған сәтін еске алып.
“Күйеуімнен ата-енемнің үйіне көшіп баруды өтіндім”
Ерлі-зайыпты сонда бас қосып, Мысырда 5 жыл тұрған. Мадина шетелдің тұрмыс-тіршілігіне үйренісіп кету қиынға соққанын айтады.
“Алғашқыда күйеуіміз екеуіміз тұрдық. Бірақ сол кезде өзімді тордағы құстай сезіндім. Күйеуім жұмысқа кетеді, ал мен төрт қабырғаға қамалып үйде қаламын. Араб тілін білмедім, достарым да болмады. Тіпті теледидарда не айтылып жатқанын түсінбейтінмін. Сөйтіп күйеуімнен ата-енемнің үйіне көшуді өтіндім. Содан кейін ғана қоғамға қосыла бастадым. Араб тілін меңгердім, ата-енеммен кешке серуенге шығып, қонаққа баратын болдық, дүкен араладық”, – дейді кейіпкеріміз болмашы қиындықтарды оларға қарсы тұру арқылы жеңуге болатынын айтып.
Мадинаның айтуынша, күйеуінің отбасы Ислам дінін қатты ұстанып, шариғат заңымен жүрсе де, ата-енесі орамал тағуды ешқашан міндеттемеген. Қазақ қызы өмір салты мен дәстүрі бөлек ата-енесімен қарым-қатынасы туралы айтты.
“Араб отбасындағы өмір біздің қалыпты өмірімізге мүлдем ұқсамайды. Ата-енем мені жылы қабылдады. Мен бұлай болады деп ойламадым. Ешкім мәжбүрлеп орамал таққызған жоқ, бұған дейінгі өмірімнен бас тартуды талап еткен жоқ. Тіпті отбасындағы адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы да өзгеше. Ер адам қызы мен әйелін сыйлап, алақанында ұстайды. Бір таңғалғаным, Мысырда шай немесе кофе әзірлеу көбіне ер адамның міндетіне кіреді. Супермаркетке, дәріханаға бару немесе коммуналдық қызметтің ақысын төлеу – атам немесе күйеуімнің мойнында. Араб отбасында ешкім киім үтіктемейді. Бұл қызметті азын-аулақ ақшаға “бауаб” деген қызметкер атқарады. “Бауаб” деген қызметкер біздегі подъездегі кезекші секілді. Мысырда әйелдер көбіне үй тазалап, тамақ әзірлейді. Ал бала тәрбиесін күйеуімізбен теңдей бөліп аламыз”, – дейді келіншек.
Фото: Отбасы мұрағатынан
@madina_misr ♬ оригинальный звук - madina_misr 🥥 турагент
“Мысырлықтар біздегідей Ислам дінінің өзіне тиімді тұсын ғана таңдап алмайды”
Қазір Мадина мен күйеуі және қызы уақытша Қазақстанда тұрып жатыр. Мұның өз себебі бар. Отандасымыз Қазақстанға емін-еркін келіп тұру үшін қызының азаматтығын ауыстырғысы келеді.
“Ата-енеммен күнде кешке видео қоңырау арқылы сөйлесеміз. Қазақстанға тұңғышымызды дүниеге әкелген соң келдік. Қызымды шетелде босанғандықтан оған Мысыр азаматтығы берілді. Ал бұл менің Қазақстанға барып-келуімді қиындатты. Бұған дейін Қазақстандағы ата-анама жылына бір рет келіп тұруға тырысатынмын. 2020 жылы ата-анамды күйеу баласымен таныстыру үшін күйеуіммен бірге келдім. Қазақстан азаматтары үшін Египетке виза алу қиын. Сол себепті мен қызымның азаматтығын ауыстыруым керек болды. Сонда ғана Қазақстанға барып-келуім жеңілдейді. Бірақ бұл процесс ұзаққа созып кетті. Сөйтіп күйеуім мен қызыма Қазақстанда тұруға ықтиярхат рәсімдедік. Қазір Мысыр елшілігінен қызымыздың азаматтығынан бас тартуға қатысты жауап күтіп отырмыз”, – дейді Мадина.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Мысыр мәдениетінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Десе де бірқатар таптаурындарға қарамастан, ондағы әйелдердің құқығы Ислам тұрғысынан жақсы қорғалғанын айтады.
“Олар шариғат бойынша өмір сүреді. Сондықтан Исламның барлық заңын жақсы біледі. Біздегідей діннің өзіне тиімді тұсын ғана таңдап алмайды. Мұндағы ер азаматтарға бірнеше әйел алуға рұқсат етілген. Алайда Қазақстанмен салыстырғанда, көп әйелі бар еркекті өте сирек кездестіресің. Мысырлықтар әр әйелге жауапкершілік алатынын түсінеді және бұл елде жасырын қарым-қатынасқа тыйым салынған”, – дейді кейіпкер.
Шетелдің салт-дәстүрі отандасымызды таңғалдырмай қоймапты.
Мысырда мен алғаш рет бір нәрсеге қатты таңғалдым. Тұңғышымды босанған күннің ертесінде енем маған айтпай қызымның құлағын тесіп тастапты. Сөйтсем бұл мұндағы халықтың салт-дәстүрі екен. Ал Қазақстанда балаға 40 күн толғанша оған тиіспейді. Шашы мен тырнағын да қырқынан шыққан соң алады. Бұл жайтқа мен дайын болмадым. Сондай-ақ мұнда тойға қонақтар сыйлықсыз келсе де болады. Бастысы, шын көңілмен, таза ниетпен келіп, қуанышқа ортақтасса болғаны. Тойдағы дастарханда да ас та төк тамақ болмайды. Той иелері келген меймандардың алдына тек шай мен торт қояды. Қонақтардың арасында тілек айту үшін ұзын-сонар кезек те жоқ. Есесіне, бәрі көңіл көтеріп, билеп тарасады. Тойға кіремін деген адамдарға шектеу жоқ.
“Күйеуім “әйелге көмектеспеуге болады, сұлтан сияқты жүре аламын” деп ойлаған”
Осы тұста Мадинаның әлеуметтік желіде қозғаған әңгімесін толығырақ өз аузынан естідік. Айтуынша, әдетте, үй шаруасын бөліп-жармай, бала күтімі мен тәрбиесіне араласатын күйеуі Қазақстанға келген біраз уақыттан соң өзгере бастаған.
“Бұған дейін айтқанымдай, Мысырда тұрғанымызда күйеуім мен үшін екі есе жауапкершілік сезінетін. Өйткені мен шетелдік азаматпын, оның көмегінсіз ештеңе істей алмаймын. Тіпті тамаққа тапсырыс бере алмаймын. Қазақстанға көшіп келгенде екеуіміздің рөліміз ауысты. Ол тіл білмейтіндіктен барлық жауапкершілік менің мойныма ығысты. Уақыт өте келе ол біздің отбасымыздағы ер адамдардың жүріс-тұрысына қарап “үй шаруасымен әйелге көмектеспеуге болады, “сұлтан” сияқты жүре аламын” деген ойға келген. Меніңше, Қазақстанда ер адам мен оның ата-анасына табынушылық бар сияқты. Елімізде түсірілетін әр екінші фильм ене мен келін тақырыбында. Біз өзімізді мұсылман деп санасақ, біздің істеп жатқанымыз дұрыс емес. Ислам келінге қысым көрсетуге жол бермейді. Мен мұны шариғат бойынша өмір сүретін отбасының келіні ретінде айтып отырмын. Зайырлы мемлекет болсақ, мұндай талапшыл қарым-қатынас мүлдем болмауы керек”, – дейді кейіпкер.
Фото: Отбасы мұрағатынан
Осы ретте Мадина қазақстандықтар болашақта отбасы институтына деген көзқарасы өзгереді деп үміттенетінін айтып қалды.
“Әкем күйеуімнің бойындағы өзгерістерге күле қарап, оны әзілге айналдырады. “Қазақ болып барады” деп қалжыңдайды. Бірақ мен де құр қарап отырмаймын. Қажет кезде қайын атама хабарласамын. Бір қоңыраудан кейін-ақ күйеуім бірден өзіне келеді. Оның ата-анасы қандай жағдай болмасын, менің жағымда екенін көрсетеді, демеу береді. Бұл мені қуантады. Қазір екінші балама аяғым ауыр. Азаматтық мәселесінде ешқандай қиындық тумас үшін екінші баламызды Қазақстанда босануға бел будым. Тұңғышым да Қазақстан азаматы болуы үшін құжат мәселесін реттеу керек. Бұл мәселе шешілмейінше, Қазақстанда боламыз. Алдағы 1-2 жыл туған жерде тұратын болдық”, – дейді отандасымыз.
Мадина мен оның күйеуі туризм саласында жұмыс істейді. Мадинаның өзі қазақстандықтарды турмен әлем бойынша саяхатқа жіберсе, ал күйеуі араб елдерінен келген туристерді қарсы алып, Алматының маңайын көрсетеді. Десе де, кейіпкеріміз болашағын тек Мысырмен байланыстырады. Қарттықты Египеттің курорт қалашығында, Қызыл теңіздің жағасында қарсы алғым келеді дейді.
@madina_misr ♬ оригинальный звук - madina_misr 🥥 турагент