Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әже емес, жас қыз сияқтымын": 39 жасында әже атанған қазақстандық әйелдер ерте жаста немерелі болудың қандай екенін айтып берді

Әжелер туралы айтқанда, көз алдымызға көбіне теледидар алдында тоқыма тоқып отырған егде жастағы әйелдің бейнесі келеді. Дегенмен әжелердің бәрі мұндай емес. Stan.kz тілшісі 39 жасында немере сүйген қазақстандық әйелдерге хабарласып, жас әже болудың қандай екенін сұрап білді.

Фотоколлаж: Stan.kz

“Бұл жаста әже болу бақыты бәріне бұйыра бермейді”

Орынгүл Орынбасарова Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор ауылында 1981 жылы дүниеге келген. Жары екеуі 1999 жылы отау құрып, 17 жасында ана атанады. Жолдасы шебер-құрылысшы болса, өзі жеке кәсіпкер болып қызмет атқарады. Көпбалалы отбасында туған Орынгүл қазір 5 баланың анасы және 2 жиеннің әжесі болып отыр. 39 жасында әже атанған кейіпкеріміз алғаш әже атанған кезіндегі ішкі күйі қандай болғанын айтып берді.

“Алғаш әже атанған кезімде жасым 39-да болды. Үлкен қызым қыз босанып, немерелі болдым. Әрине, ол эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Бұл сезім өте бөлек! Жиенімді қолыма ұстағанша, өз-өзіме сене алмай жүрдім. Кейде қалай ғана әже болдым деп таңданатынмын. Кейін 2021 жылы екінші қызым босанып, ол да дүниеге Алланың қалауымен қыз әкеліп, баршамызды бақытқа бөледі. Қыздан туған жиен болса да, әрбір анаға қыздан көрген ұрпағы ерекше тәтті болады екен. Солай екі рет әже атанып, қуанышқа кенелдік. Өмірімде осы жасымда немере сүйемін деп еш ойламаппын. Жас болсам да, ерте немере сүйгізіп, осындай бақытқа ерте жеткізгені үшін де Аллама мың шүкір айтамын. Себебі қазір қаншама әйел балаларының қызығын көре алмай жатыр. Бұл жаста әже болу бақыты бәріне бұйыра бермейді”, – деді Орынгүл Орынбасарова. 

Оның айтуынша, немерелерге жақсы ақыл-кеңестер айтып, олардың адами қасиеттерін барынша дамытқан жөн.

“Расымен, немере деген балаларыңнан да жақын әрі тәтті болады екен. Немерелер қырқынан шығатын кезде нағашыларына жауапкершілік артылады. Бесігін дайындап, сыйлықтар таратып дегендей… Бесіктерін, сыйлықтарын дайындап, керемет сезімге бөлендік. Ата мен әжелер балаларына жасатпаған еркелікті немерелеріне жасатады. Олардың еркеліктерін ерекше көтереді екенсің. Немерелерімнің үлкені – Айла, жасы 4-те. Екіншісі – Альяна, жасы 3-те. Оларды әрдайым ерекше уайымдаймын. Ауырып қалса, қыздарыма барынша ақыл-кеңестерімді беріп, қолдап отырамын. "Баланы жастан" демекші, кішкентай кезінен балаға дұрыс-бұрысын үйреткенді, үлкендерді сыйлау, айтқанды орындауды үйретуді дұрыс деп есептеймін. Мен үшін құндылықтың бірі ол – жақсы тәрбие!”, – деді жас әже.

Фото: Орынгүл Орынбасарованың жеке архивінен 

Орынгүл Орынбасова әже болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады.

“Жауапкершілік көбейіп, балаларыңды да, немерелерді де ойлап отырасың. Жақсы әже болудан бөлек, жақсы құда-құдағи болуды ойлайсың. Жүріс-тұрысыңды, мәмілеңді қадағалап жүреді екенсің. Әже және құдағи деген статусқа сай болсам дейсің. Бұл бізге әрдайым бақылау жасауды үйретеді. Өкінішке қарай, қаншама әжелер бар, жастармен бірге жарысып, жас болып көрінгісі келеді. Артық қыламын деп тыртық қылып жатқан әйелдер қаншама…”, – деді Орынгүл Орынбасарова.

Жас әже бүгінде шағын кәсібімен қатар, немерелерін де тәрбиелеп үлгеріп жүр. Орынгүлдің хоббиі жазушылық. Ол осы қызығушылығын жиендерінің бойына дарытсам деп ниеттенеді.

“Немерелер жиі келіп, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. “Әже деп айтқызбаңдар, мен әлі жаспын ғой” деп күліп қоямын. “Нағашы мама” деп үйретіңдер деп қойдым. Дегенмен қалай ыңғайлы болса, солай атайды ғой. Немерелер келгенде балаларымызбен бірге асты-үстіне түсеміз. Балалы үй базар демекші, бәрі улап-шулап ойнағанда үйге ерекше жан кіргендей болады. Достарымның бәрі "Міне, сен әжесің, болып қойдың. Біз әлі жүрміз” деп қызығады… Әже болуым істеп жүрген жұмысыма, жоспарларыма да еш кедергі келтірмейді. Үлгеремін деген адам үлгереді. Жұмысымның да еш қиындығы жоқ. Өйткені сүйіп жасаған іс ауыртпашылық түсірмейді. Керісінше, керемет көңіл-күймен істеген әр жұмысың тек жақсылық әкеледі”, – деді жас әже Орынгүл Орынбасарова.

“Көбі таңданады, мені әже деп ойламайды”

Жас әже атанғандардың қатарында блогер-мотиватор Самал Наурызбаева да бар. Ол 39 жасында әже атанып қана қоймай, қазір әлеуметтік желіде өз блогын жүргізіп, көпке мотивация береді. Самал Наурызбаеваның 3 бала, оның ішінде 1 қыз бен 2 ұлы бар. Қыздарының жасы 21-де болса, ұлдарының жасы 6 және 4-те. Күйеуі екеуі үлкен қыздарын 2023 жылы құтты орнына қондырып, ұзатты. Немерелерінің аты – Арслан. 

"Жас кезде әже болған керемет сезім сыйлайды екен. Өзімді әже сияқты сезінбеймін. Жас болғандықтан ба әлде балаларым кішкентай болғандықтан ба, білмедім. Әже болып жанында отырмаймын. Себебі қызым кішкентайынан артынан ерген інілеріне қарап, бала қарауда тәжірибе жинап үлгерді. Керісінше, әже болғаннан кейін шпагатқа отыруды үйреніп, спортпен айналысып жүрмін. Бұрыннан өз-өзіме қарап қалған адаммын", – деді жас әже Самал Наурызбаева.

Фото: Самал Наурызбаеваның жеке архивінен

Самал Наурызбаева жастай әже боламын деп ойламаған. Әйелдер 50 жасқа келгенде немесе 60-тан асқанда ғана әже болады деп жүріпті. 

"Көбі таңданып қарайды, мені әже деп ойламайды. Мысалы, қызымызды ұзатқан кезде де өзіміз жас қыз бен жігіт секілді болып тұрдық. Үлкен той Таразда ұйымдастырылған кезде қонақтар бізге жақындап келіп, бетіме қатты үңіліп қарағаны есімде. Тамада тілек айтуға шақырғанда бізді ата-енемізбен шатастырып алып, қызық болған. Сол жерде оларды “құда мен құдағи” деп ойлапты. Құдалықта да бізді жастардың туыстары деп шатастырып, сөз бермеген кездер де болды", – деді блогер әже.

Самал Наурызбаева әже болу үлкен мәртебе екенін, әсіресе, 39 жаста ерекше шабыт сыйлайтынын айтты. Ол немересінің әрбір қадамын бақылап, оның болашағы үшін кішкентай болса да маңызы бар нәрселерді жасағысы келеді. 

"1 жас – баланың дамуындағы маңызды кезең. Сондықтан тәрбие беруді осы бастан ойластырып жатырмын. Немереммен көп сөйлесемін. Ол маған қарап, алғашқы сөздерін айтуға тырысады. Әрбір жаңа дыбысын мақтап, оны қолдаймын. Бұл оның өзіне деген сенімін нығайтуға көмектеседі. Оған тек сөзбен емес, өз іс-әрекетім арқылы жақсы әдеттерді көрсеткім келеді. Мейірімділік, еңбекқорлық, өз-өзіңді күту – осылардың барлығы бала бойына сіңіп, оның өміріне негіз болады деп сенемін", – деді Самал Наурызбаева.

Фото: Самал Наурызбаеваның жеке архивінен

Оның айтуынша, жас әже болудың мүлдем қиындығы жоқ. Артықшылығы елдің бәрі тамсанып, әлеуметтік желіде “мұндай әдемі әрі жас әже бола ма?” деп жазады дейді Самал Наурызбаева.

"Қазір өзімді 40-қа келген әйел ретінде санамаймын. Мүмкін күйеуім алақанында ұстап, аялап отырғаннан кейін бе, өзімді жас сезінемін. Әдемі әйел көрсең, күйеуіне қара дейді ғой? Көбі күйеуі жайлы шығар деп айтады. Ал әйел әбіржіп жүрсе, оның күйеуінің мінез-құлқы нашар дейді. Бұл пікір де кейде дұрыс шығар деп ойлаймын. Себебі бұған дәлел ретінде күйеуімнің маған деген сыйластығын, шынайы сезімін айта аламын. Мен де энергияға толы адаммын. Сондықтан жақсы энергияны айналаға шашып, нұр төгіп жүруге тырысамын. Жұмысым онлайн болса да, кеңсеге барып, әдемі киініп жүремін", – деді ол.
Талқылау