Алматы облысында оқушы мектептегі әлімжеттік салдарынан ішкі ағзасынан айырылды
Алматы облысы Шамалған ауылындағы мектептердің бірінде үзіліс уақытында үлкен сыныптың оқушылары өздерінен кіші ұлдарға әлімжеттік көрсеткен. Салдарынан бір оқушының ішкі органынан қан кетіп, дәрігерлерге оның бір ағзасын алып тастауға тура келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Деректерге сүйенсек, оқиға 20 қарашада болған. Үлкен сынып оқушылары үзіліс кезінде өздерінен төменгі сыныпта оқитын балаларды гардеробта жинаған. Төменгі сынып оқушылары арасынан бір ұл сыныпқа оралған кезде өзін жайсыз сезініп, ішін ұстап отырған. Алайда, оған ешкім назар аудармайды. Кейін сағат 12:30 шамасында жоғары сыныптағы ұлдар гардеробқа бұл балаларды қайта шақырады. Осыдан кейін мектеп оқушысының жағдайы тіптен нашарлай бастайды. Ол ішінің қатты ауырсынуынан әрең қозғалған.
Сол күні бала ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған ұрып-соғу нәтижесінде ішкі қан кету диагнозын қойған. Оның өмірін сақтау үшін дәрігерлер ішкі мүшелердің бірін алып тастауға мәжбүр болды.
Ақпаратты айтқан авторлардың сөзінше, мұндай жағдайлар мектепте үнемі болып тұрады. Орта мектеп оқушылары кішілерді жүйелі түрде қорқытып, әлімжеттік жасаған. Алайда зардап шеккендер қорыққандарынан үнсіз жүрген.
Енді осы ақпаратты анонимді таратқан тарап, істің әділ тергеліп, жауаптыларды жазалау үшін білім департаментінің араласуын талап етеді.
Облыстық полиция кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
"Тергеу шеңберінде куәгерлерден жауап алу жүргізіледі. Өтініште баяндалған дәлелдер тексеріледі. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі жария етілмейді", - делінген хабарламада.