Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев азаматтардың табысын жаппай декларациялаудың қаншалықты орынды екенін ойлануды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дамыған заманда азаматтардың табысын жаппай декларациялаудың қаншалықты орынды екенін ойлануды тапсырды. Айтуынша бұл бұрын қажетті ақпаратқа ашық қолжеткізе алмаған кезде ұсынылған шешім. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақордадан

Мемлекет басшысы бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатырғанын алға тартты.

“Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр”, – деді ол.

Дегенмен президент жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданғанын, ал қазіргі уақытта қаншалықты қажет екенін ойландыратынын жеткізді.

“Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет", -деп қорытты ол. 

Еске салсақ, бұған дейін президент "олардың табысы аз, түнімен жұмыста отырады", деп мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беру керегін жеткізген еді.

Талқылау