Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Міндетін орындау кезінде соққы алған": Ақмола облысында жедел жәрдем қызметкері қауіпсіздігін қорғауды сұрады

Ақмола облысындағы Степногорск қаласында жедел жәрдем қызметкері Светлана Оксютаға міндеттерін орындау кезінде шабуыл жасалған. Фельдшердің айтуынша, полицейлер бұл іске аса мән беріп жатқан жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото сюжет кадрларынан 

Светлана Оксютаның айтуынша, 26 тамызда бір жігіттің эпилепсиялық ұстамалары басталғаны туралы қоңырау түскен. Ол жолға шығып, ер адам жатқан аулаға жеткенде ашулы әйел мен оның қызы қарсы алған.

“Әйел кенет оң көзімнен ұрды. Ал оның қызы екінші жағымнан келіп, сол құлағыма соққы жасады. Олар балағат сөздер айтты. Бізді ұзақ келмегеніміз үшін 18 минут болды деп ұра бастады”, – деді Светлана.

Алайда фельдшердің айтуынша, көліктегі GPS трекері шақыртуға 7 минутта келгенін көрсеткен. Светлана соққы алса да, науқасты ауруханаға жеткізген. Содан кейін ғана өзі де медициналық көмекке жүгінген. Айтуынша, оған бас миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы, сондай-ақ көз алмасының контузиясы диагнозы қойылған. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.

Ал Светлана ұрды деп отырған Ирина Волхонская ұрғанын жоққа шығарды. Айтуынша, жанжал фельдшердің науқаспен бірге жүруден бас тартуына байланысты басталған. Ауырған жігіт оның туысы емес екен. Бірақ балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі ретінде оған көмектесіп жүрген. 

“Полиция жедел жәрдем фельдшерінің дене жарақаты сот ісін жүргізуге жүгінген күні тіркелгенін атап өтті”, – деді Ирина

Ал полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Пинчук тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.

“Негізгі куәгер, ал дене жарақатын салған қыз Көкшетауда ұзақ уақыт бойы баласымен емделіп жүрді. Сол себептен тергеу іс-шарасын өткізу мүмкін болмады. Қазір тергеу жалғасып жатыр”, – деді Гүлнар Пинчук.



Облыстық денсаулық сақтау басқармасы кейінгі екі жылда Ақмола облысында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау жағдайлары жиілеп кеткенін жеткізді.

“Бұрын да қалалық емханада осындай жағдай болды. Кінәлі адам 5 тәулік қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірақ, өкінішке қарай, заңнама өз тарапынан қабылдаған шараларға қарамастан, мұндай жағдайлар күшейе түсті”, – деді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының МЖӘ, мемлекеттік сатып алу және құқықтық қолдау бөлімінің басшысы Зарина Рүстем.

Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғау жөніндегі заңнамалық базаны күшейту туралы көптен бері айтылып келеді. Дәрігерлер жыл соңына дейін кезекті түзетулерді күтеді. 

Талқылау