Ақтөбеде 337 миллион теңгеге тұруға жарамсыз үй салған төрт адам сотталды
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша тұруға жарамсыз үйлер салған төрт адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбеде төрт қабатты екі үй сапасыз салынып, тұрғындарды шұғыл көшіруге тура келген. Жанжал өткен жылдың көктемінде болған. Үйдің жертөлесін көрген тұрғындар іргетастың тігісінен жарылғанын байқаған. Нәтижесінде мердігерлер мен техникалық қадағалау өкілдері сотқа тартылған.
“Сараптама нәтижелері көрсеткендей, іргетас беріктігі 2018 жылғы мемлекеттік стандарт 13 758-ге сәйкес келмейді. Мұның бәрі үйлердің қауіпті деп танылуына әсер еткен”, – деді Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Осман Орынбасаров.
Бүгінге дейін төрт күдікті де бостандықта жүрген. Бірақ үкім жарияланғаннан кейін олардың қолдарына бірден кісен салынды. Олар кінәсін мойындамағанымен, сот оларды 48 отбасын қауіпті үйге көшіргені үшін кінәлі деп тапты.
"Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің жауабы кезінде және сараптама қорытындысы негізінде дәлелденді. Сот үкімімен сотталушылар Ф.Жанпейісов С.Аяпбергеновтің мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар 10 жыл құрылыс саласында жұмыс істей алмайды. Техникалық бақылаушылар Ж.Кенжебаев, Р.Досовтың мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар 10 жыл инженерлік қызметтер саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды", – делінген хабарламада.
Айта кетері, әкімдік зардап шеккендерге басқа үй бергенімен, апатты жағдайдағы төрт қабатты үйлер әлі тұр. Олардың қашан сүрілетіні әзірге белгісіз.
“Жоғарыда аталған апатты үйлерді құрылыс бөліміне береміз. Олар болашақта әкімдік есебінен сүріледі. Бірақ құрылыс бөлімі бұл үйлерді бөлшектеуге кеткен шығынды өндіру туралы азаматтық талап қоюы мүмкін”, – деді Ақтөбе қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл.
Екі төрт қабатты үйдің құрылысына қазынадан 337 миллион теңге бөлінген екен.