Kaspi Travel-дің кесірінен мыңдаған туристік агенттік банкротқа ұшырамақ: Олардың басшылары билікке жүгінді
Қазақстандық турагенттіктер жаппай банкроттыққа ұшырап, жабылудың аз-ақ алдында тұр. Олардың айтуынша, бұған себеп – Kaspi Travel-дің нарықтағы үстемдігі. Турды клиенттерге бөліп төлеуге беру үшін турагенттіктерге банкке 12-13% аралығында төлеуге тура келеді. Сондықтан клиенттерге ұсынатын бағаға да қосымша ақы қосылады. Ал Kaspi Travel клиенттерге пайызсыз төлем ұсына алады. Турагенттіктер бұл мәселені көтеріп, тіпті министрлікке дейін шыққан. Stan.kz тілшісі сала мамандарынан нарықтағы жағдайдың қалай болып жатқанын сұрап білді.
Фото: pixabay.com
Президент пен 300-ден астам монополияға қарсы комитетке турагенттерден кем дегенде 70 өтініш жіберілген. Авторлар мемлекет басшысынан комиссиялар бойынша тең емес жағдайды шешуді сұраған. Сонымен қатар қазақстандық маркетпейстердің бірінің туристік қызметтер нарығында монополиялаумен айналысуының алдын алуды өтінген.
Ал "Қазақстандық туризм индустриясы" республикалық қауымдастығының төрағасы Мунирам Ахметова 24.kz телеарнасына агенттіктердің президент пен монополияға қарсы комитетке мыңнан астам хат жолдағанын айтты. Ахметованың пікірінше, 6,5 мыңнан астам туристік агент осы жайтқа байланысты дабыл қағуда.
Туризм саласында 13 жыл жұмыс істеп келе жатқан алматылық Жанар Kaspi Travel-дің өзге турагенттіктерге кері әсері тиіп жатқанын растады. Айтуынша, платформа Kaspi банкінің ішінде болғандықтан олар үшін бәрі жеңілірек.
“Банк Kaspi Travel-ге бөліп төлеу қызметін берген кезде ешқандай пайызын ұстап қалмайды. Ал біз сияқты қарапайым турагенттіктерге банк бөліп төлеуге беру үшін 12-13% үстемақы алады. Мәселен, турдың Kaspi Travel-де де, бізде де бағасы бірдей болуы мүмкін. Бірақ Kaspi Travel-де бөліп төлеу бар. Ал біз дәл осы турды бөліп төлеуге берсек, үстіне жаңағы банк пайызын өтеу үшін сәл қымбаттатуға тура келеді. Мұндай жағдайда клиент әрине, Kaspi Travel-ді таңдайды”, – деді ол.
Жанардың айтуынша, қазіргі нарықтағы жағдай дәл бұрынғы авиа мен темір жол билеттерін сататын кеңселердің жойылуымен ұқсас болып отыр.
“Мәселен, бұрын мұндай кассалар көп болатын. Алайда қазір көшеден авиа, темір жол билеттерін сататын кеңсе көрмейсіз. Себебі бәрі Kaspi-ден алады. Яғни Kaspi монополиялық түрде бағаны арзан етіп, бөліп төлеуге берудің арқасында нарықтағы кассалардың барлығы банкротқа ұшырап жойылды. Біздің жағдай да осыған ұқсас болып отыр. Барлық турагенттік жойылып кетеді деп айта алмаймын. Бірақ нарықтағы жас турагенттіктер шынымен жабылып жатыр. Мұны тең емес бәссекелектік деп есептейміз.
Компаниямыз туристік агенттіктердің ассоциациясында бар. Ассоциация осы мәселе бойынша зерттеу жүргізді. Туризм және спорт министрлігіне шығып, Kaspi Travel-дің де әр бөліп төлеуге пайыз төлейтіндей етуін сұрады. Алайда бәрібір бұл ақшаның бір қалтаға түсіп жатқанын біз түсінеміз. Талабымыз Kaspi Travel де біз сияқты әр бөліп төлеуге сатқан туры үшін пайыздық үстемеақы төлесін. Сонда олар да турларын қымбаттатып, біздің бағамен бірдей етіп қояды”, – деп қосты Жанар.
Осы тұста турагент Kaspi Travel-дің де кемшіліктері бар екенін алға тартты.
“Негізі Kaspi Travel-дегі боттар барлық жауапкершілікті туристердің өздеріне артады. Мәселен, шетелге барған туристерде қонақүй дұрыс болмай қалса немесе сақтандыру бойынша мәселе шықса, сұрақтар туындаса ешкімнен сұрай алмайды. Өздеріне ғана шешуге тура келеді. Соған қарамастан туристер бөліп төлеу ыңғайлы болғанына қарап алып жатады”, – деді маман.
Осы салада 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Данияр да бұл бәсекелестіктің кедергі келтіретін тұстары барын жасырмады.
“Туристер бізге келіп, бар сұрақтарын қойып кеңесімізді алады. Алайда кейін біздің кеңесіміз арқылы турды Kaspi Travel-ден сатып алып жатады. Біздің бұған уақытымыз бен энергиямыз кетеді. Көзімізше Kaspi Travel-ден тур алғандар да болды.
Kaspi Travel-дің ең үлкен артықшылығы – бөліп төлеу қызметі. Одан кейінгі ең үлкен басымдығы деректер жинағында. Олар сол деректер арқылы клиенттеріне қызметтерін ұсынып, жеңілдіктер туралы хабарламалар жіберіп отырады. Қазірдің өзінде ай басталмай жатып жарнамаға 70 доллар төлеп отырмыз. Ал олар болса, өздерінің жеңілдіктері туралы еш шығын шығармай-ақ каспий қосымшасына хабарлама жібере алады. Одан кейін турагенттіктердің сайтын іздегенге қарағанда жай ғана Kaspi Travel-ге кіріп, бағаларды қарай салуды жеңіл көреді. Осы жағынан бізді ұтып тұр”, – деді ол.
Данияр Kaspi Travel шыққалы бері жас туристік компаниялардың шығынға ұшырап жабылып қалғанын жеткізді.
“Компаниялар Kaspi Travel-дің кесірінен банкротқа ұшырап жатыр” деген ақпаратты растаймын. Турагенттіктерін жауып тастаған таныстарым да бар. Меніңше, бұл жерде турагенттіктерге платформадан асып түсу үшін туристермен жақсылап әңгімелесіп, оларға не қажет екенін тереңнен түсініп, өзін оларға көрсете білу маңызды. Себебі адамдар тур алуға келген кезде тек құнын айтып, сатып отырсаң, сенің де платформадан еш айырмаң болмай қалады. Мұндай жағдайда адамдар әрине үйден шықпай-ақ платформадан алуды таңдайды.
Бұл – нарық! Кім қалай өз бизнесін жасай алады, солай дамиды. Бұл салада бізді қорқытатын нәрсе тек Kaspi Travel емес, бағасын түсіріп, түрлі дүниелер жасайтын өзіміздің әріптестеріміз де бар. Ал Kaspi Travel сияқты қосымшаның арқасында менің ойымша бәсекелестік дамиды. Біз турагенттіктер платформа бере алмайтын нәрселерді жасауға ұмтылуымыз керек. Адамдарға құн емес, құндылық керек”, – деп қорытты ол.
Stan.kz тілшісі осы жағдайға байланысты Kaspi өкілдерінен пікір сұрады. Ресми жауапты күтіп отырмыз.