Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Банкомат алдында кезекте тұрғандардан ақша алмаңыздар": Заңгер қазақстандықтарға алаяқтықтың тағы бір түрі туралы ескертті

Желіде заңгер қазақстандықтарды банкомат алдында ақша айырбастауды өтінетіндерден сақ болуға шақырды. Айтуынша, үлкен сомадағы ақшаны қолма-қол беріп, шотқа аударуды сұрайтындардың көбі алаяқтар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: желі кадрларынан скрин және Stan.kz

Заңгер Анна Чернова өзінің Іnstagram парақшасында банкомат алдындағы кезекте көмек сұрайтындарға алданбауға шақырды. 

“Достар, сіздерге маңызды жайтты айтқым келіп тұр. “Мега” ойын-сауық орталығында бойжеткен қыдырып жүрген. Оған таныс емес жігіт келіп, көмек сұраған. Жігіт өзінің картасын жоғалтқанын жеткізіп, ақша аударатынын, оны банкомат арқылы шығарып беруін өтінген. Қыз келісімін берген. Ал ақша сомасы 2 миллион теңге болған. Ол жігітке көмектесу үшін ақшаны алып берген. Алайда кейін қыздың атына кенет түрлі арыз түсіп, төлемдері қабылданбай, түрлі қоңыраулар келген. 

Дәл осындай оқиға менің де басымнан өтті. Банкомат алдында кезекте тұрғанда бейтаныс адамдар ақшаны айырбастауды ұсынып, кейін шотқа аударуды сұрайды. Алайда ешқашан олай жасамаңыздар! Себебі кейін салдары өзіңізге кесірін тигізеді. Сіз кейін ол адамды қайта іздеп таба алмайсыз. Бәріне өзіңіз жауап беруіңізге тура келеді”, – деді заңгер. 



Заңгер банкоматтар алдында ақша аударымдарына немесе қолма-қол ақшаға көмектесуді сұрайтын адамдардың жиі кездесетінін алға тартты. Айтуынша олар ұсынатын сомалар да үлкен болады екен.

“Көбіне олар – алаяқтар. Кейін проблемалар болмауы үшін оларға көмектеспеңіз. Бұл видеоны достарыңызға, таныстарыңызға, отбасыңызға жіберіңіз. Сақтық жасап, құқықтық мәселелерден аулақ болыңыз”, – деп қорытты ол. 

Талқылау