Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зерттеушілер кондиционерді алмастыруға болатын мата әзірлеп шығарды

Чжэнчжоу университетінің (Қытай) және Оңтүстік Австралия университетінің (UniSA) инженерлері дененің және қалалық ортадағы заттардың температурасын төмендететін мата ойлап тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: AP Photo/Andrea Comas

Мамандардың мәліметінше, матаның температураны төмендету қабілеті жоғары. 

"Матаның температураны пассивті төмендету қабілеті ауаны кондиционерлеуге тұрақты балама ұсынады. Энергия үнемдеуді қамтамасыз етеді және жылу толқындары кезінде электр желілеріндегі кернеуді азайтады”, – деді UniSA-ға келген сарапшы Янчже Хоу.

Маманның сөзінше, тестілеу кезінде матаның күн сәулесі мен жылуды 97%-ға дейін блоктай алатыны анықталды. Ол радиациялық салқындату принципін пайдаланады дейді. 

“Бұл – табиғи процесс. Онда материалдар атмосфераға жылу таратады. Жылуды сақтайтын кәдімгі маталардан айырмашылығы, бұл үш қабатты тоқыма қарама-қарсы әрекет етеді. Жоғарғы қабат полиметилпентен талшықтарынан тұрады. Ол жылуды тиімді шығаруға мүмкіндік береді. Ортаңғы қабаты матаның шағылыстыру қабілетін арттырып, денеге жылудың өтуіне жол бермейтін күміс нано сымдармен қапталған. Ал төменгі қабаты жүн материалынан. Ол аптап ыстық болған кезде де жылды оқшаулай алады”, – деді ол.

Өлшемдер жаңа матаның дәстүрлі тоқыма бұйымдарына қарағанда 2,3°C және қоршаған ортаға қарағанда 6,2°C салқын екенін көрсетті. 

Зерттеушілер материалды әрі қарай жетілдіру үшін кең қолданбаларды қарастырады. Олар бұл технология киім-кешек, құрылыс материалдары және көше жиһаздарында қолданылады деп үміттенеді.

Ғалымдардың айтуынша, технологияны коммерцияландыру қосымша зерттеулерді және мемлекеттік қолдауды қажет етеді.

"Адамдар матаға көбірек ақша төлеуге дайын ба, жоқ па белгісіз. Олардың бұл материалды сатып алуы оның салқындату әсеріне, беріктігіне, жайлылығына берген бағасы болар еді", – деді олар. 

Талқылау