Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қан төгілгенін қаламаймын": Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі қазақстандықтарға мәлімдеме жасады

Талғар маңында қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарға үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Марқұмның әкесі қантөгіс болғанын қаламайтынын айтты.



"Түннен бері құзырлы орган өкілдері осында. Қылмыскерлер өз істері үшін жауап береді деп сенемін. Мен өзім үшін қорықпаймын, кім келсе де, өзім жауап бере аламын. Сондықтан тыныш заманда қан төкпеуге шақырамын. Ал жоғарыдағыларға айтарым, ешқандай қантөгісті қаламаймын. Құзырлы органдардың қатысуымен барлығы заңды түрде шешіледі деп сенемін. Қандай жағдайда да мен әділ Қазақстанға сенемін. Менде қазір ешқандай қорқыныш жоқ. Мені қорқытты деген сөзге қарсымын. Біздің елімізге ешкім басып кірген жоқ, сондықтан қазақтар бірін-бірі өлтірсе, қате болар еді", – деді Нұрымов.

Марқұм Шерзат Болаттың әкесі көмек қолын созып, ақша жинаудың қажеті жоғын айтты. 

“Жалпы мен TikTok, Instagram деген желілерді білмейді екенмін. Жақын арада осындай жағдай болған соң ашқанмын. Сосын айтарым: сыртымнан көмек қолын созып, ақша жинап, хайп жасау керек емес. Ниеттеріңізге рақмет! Алла нәсіп етсе, ел болып, жер болып үйлі боламыз деген ниеттемін. Сосын мені және отбасымды арандатпасаңыздар деймін”, – деді ол. 

Айта кетейік, өрт болған аумаққа қазір ешкімді кіргізбей жатыр екен. Ал марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай есеңгіреген күйде жүр дейді. 

Еске салайық, бұған дейін 12 қазанда Алматы облысы, Талғар қаласында бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің үйі сенбіге қараған түні өртеніп кеткені хабарланған еді.

Талқылау