Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Зеленскийді сынады, Израиль мен Хезболла арасында қақтығыс өршіді, Таиланд біржынысты некеге рұқсат берді: Әлемде не болып жатыр

Осы апта Израиль мен Хезболла арасындағы қақтығыс өрши түсті. Салдарынан Израиль мен Ливан арасында зымырандық шабуылдар жасалып, Бейрут бірнеше рет соққының астында қалды. Сарапшылар шабуылдармен қатар соғыстың жаңа кезеңі басталғанын айтуда. Ал Дональд Трамп “Енді Украина жоқ” деген мәлімдеме жасап, АҚШ-қа келген Зеленскийді сынаған. Бұл мәлімдемелер аясында АҚШ-тың Украинаға көмек беруі талқылануда. Stan.kz тілшісі әлемде болып жатқан оқиғаларға шолу ұсынады.

Ливаннан Израильге бір сағат ішінде 130-ға жуық зымыран ұшырылған

17, 18 қыркүйекте Ливанда жаппай пейджерлер мен рациялар жарылып ондаған адам қаза тауып, үш мыңдай адам жараланған еді. Хезболла бұл шабуылға Израиль кінәлі екенін айтты. Алайда Израиль шабуылға жауапкершілік алмады.

Артынша Израиль қорғаныс күштері Ливаннан Израильдің солтүстігіне бір сағат ішінде 130-ға жуық зымыран ұшырылғанын хабарлады.

Фото: AFP

Белгілі болғандай снарядтар екі рет ұшырылған. Алдымен 60, содан кейін тағы 70 снаряд Израиль аумағына түсен. Израиль қорғаныс күштері снарядтардың кейбірін ұстап алған.

Оқиғадан кейін Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант Израиль армиясының Газа секторына емес, солтүстік шекаралас аймақтарға басымдық беретінін мәлімдеген.

"Солтүстік жебелері" операциясы

Дүйсенбі күні Израиль әскери-әуе күштері Ливандағы Хезболла нысандарына соққы беру үшін "Солтүстік жебелері" операциясын бастады. Израиль әскері жергілікті тұрғындардың үйлеріне шабуыл жасаған. Олардың сөзінше жергілікті тұрғындардың үйінде қару-жарақ қоймасы сақталуы мүмкін. Шабуыл алдында Израиль ливандықтарға үйлерінен кетуге шақырған хабарламалар жіберген. 

Израиль қорғаныс күштері (IDF) Ливанда Хезболла тобының орта қашықтықтағы зымырандарды ұшыруға арналған 400 қондырғысын атқылады. Сондай-ақ 70 қару қоймасы мен 80 пилотсыз ұшақ пен зымырандарды сақтау орындарына шабуыл жасады. Жалпы алғанда, әскерилер Ливандағы 200 нүктедегі 1,5 мыңнан астам "Хезболла" нысанына соққы берді.

Фото: Anadolu Ajansı

Аэродромға шабуыл

Сейсенбіге қараған түні Хезболла қозғалысы Израильдегі Афула қаласының маңындағы әскери аэродром мен Рамат-Дэвид авиабазасына зымыранмен ауыр соққы жасады.

"Хезболла әскерилері исламдық қарсыласу тобының батыс Афуладағы Магидо әскери аэродромына Фади-1 және Фади-2 зымырандарымен атқылағаны туралы мәлімдеме жасады. Екінші мәлімдемеде Хезболла әскерилері әскери база және Рамат-Дэвид аэродромына оқ жаудырылды", – делінген хабарламада.

Фото: Reuters

Бейрутқа шабуыл

Израиль қорғаныс күштері (IDF) сейсенбі күні Ливан астанасы Бейрутке нысаналы соққы жасағанын хабарлады.

Әскердің Telegram-каналында жарияланған хабарламада "IDF Бейрутке мақсатты соққы берді" делінген.

Алайда шабуыл Ливан астанасына емес, оның оңтүстік шетіндегі Хезболла бекінісі саналатын Дахияға жасалғаны хабарланды.

Бұрын сонды болмаған қақтығыс

Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 24 қыркүйек күні кешке Израильдің атқылауынан 569 адам қаза тауып, 1,8 мыңнан астам адам жараланған.

Сарапшы Джереми Боуэннің айтуынша, Израиль мен Хезболла арасындағы қақтығыс шиеленісіп, Израиль әскері топтың күшін әлсірету үшін қарқынды соққылар жасауда. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Израиль бұл қақтығыста жеңіске жетуді көздейді, себебі Хезболламен қақтығыс солтүстік шекарада қосымша қауіп төндіріп отыр.

Израиль әскері мен барлаушылары 2006 жылғы соғыстың сәтсіздігінен кейін Хезболламен жаңа қақтығысқа ұзақ дайындалды. Кейбір израильдік ақпарат көздері қазіргі шабуылдарды 1967 жылғы жеңісті жедел соққылармен салыстырып отыр.

Осы уақытқа дейін Израиль мен Хезболла арасындағы қақтығыстарда жеңген тарап болмаған. Топтың негізгі мақсаты - Израильге қарсы күрес болғандықтан, топ атысты тоқтатпайды деп болжануда. Бұл жағдай Израильді қақтығысты одан әрі күшейтуге, тіпті Ливанға құрлық әскерін кіргізіп, буферлік аймақ құруға мәжбүрлеуі мүмкін.

Сонымен қатар, Хезболла Израиль үшін ХАМАС-қа қарағанда әлдеқайда қауіпті қарсылас. Топтың жауынгерлері көп және олардың Сириядағы соғыста жинаған тәжірибелері бар.

Трамп: Украина енді жоқ

Фото: АР

Дональд Трамп Владимир Зеленскийді Ресеймен келіссөз жүргізбегені үшін сынға алды. "2022 жылы соғыс басталмай тұрып бейбіт келісімге келу керек еді, ең қиын шарттың өзі қазіргі сұмдықты болдырмас еді” дейді Торамп.

Сәрсенбі күні Солтүстік Каролинадағы сайлауалды науқанында сөйлеген Трамп Украинаның "өлген халық пен қираған қалаларды қайтара алмайтынын" айтты.

“Қалалар жойылды, олар жоқ. Ал біз мәміле жасаудан бас тартқан адам Зеленскийге миллиардтаған доллар беруді жалғастырып жатырмыз. Келісімге келсе қазіргіден жақсы болар еді. Жойылған, қайта қалпына келмейтін елдеріңіз бар. Оны қалпына келтіруге жүздеген жылдар қажет. Бүкіл әлем жиналса да, оны қалпына келтіруге ақша жетпейді. Мойынсұнса, мұның барлығы болмас еді, ғимараттар қирамас еді, жаңа қалалар салынып тағы 2000 жыл тұратын еді", – деді Трамп.

Трамп бірнеше рет соғысты тоқтататынын мәлімдеген. Осы айдың басында Lex Friedman Podcast-қа берген сұхбатында Трамп қақтығысты шешудің "өте қатаң жоспары" бар екенін айтты. Алайда жоспарымен бөліскен жоқ. 

Еске салсақ, Зеленский сәрсенбі күні Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының жиналысында Ресейдің барлық күштерін Украинадан шығаруды талап ететін 2022 жылға арналған "бейбітшілік формуласын" ұсынып, қолдау жинауға тырысқан.

Харрис пен Байден Киевке қолдау көрсетуді жалғастыратындарын айтты

Фото: AFP

АҚШ президенті Джо Байден БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Вашингтон Украинаны қолдаудан бас тартпайды деп сендірді.

"Біз Украинадан бас тарта алмаймыз. Біз Украинаны қолдаудан қайтпаймыз", - деді ол.

Президент бұл ұзақ мерзімді бейбітшілік орнамайынша жалғаса беретінін айтты.

Оған қоса АҚШ вице-президенті Камала Харрис те Украинаға әскери көмекті жалғастыруға уәде берді.

“Мен Украинаны үнемі қолдаймын. Біз Украинаның табысты болуы үшін оған әскери көмек көрсетуді жалғастырамыз", – деді Харрис бейсенбі күні Ақ үйде.

Байден Украинаға тағы 375 миллион долларлық көмек берілетінін мәлімдеді

Фото видеодан алынған

АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 375 миллион долларлық жаңа әскери көмек берілетінін мәлімдеді.

Ақ үй жариялаған меморандумда атап өтілгендей, Байден Украинаға көмек көрсету үшін "Қорғаныс министрлігінің қорғаныс бөлімшелері мен қызметтері, сондай-ақ әскери білім беру және оқыту үшін" түрінде 375 миллион долларға дейін бағыттауды тапсырады.

Бұл арада АҚШ мемлекеттік департаменті Вашингтонның украиндық серіктестерге тағы бір "шұғыл қажетті қару-жарақ пен техниканың маңызды пакетін" беретінін хабарлады.

"Пакетке "HIMARS (жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйесі) үшін қосымша оқ-дәрілер, 155 мм және 105 мм артиллериялық оқ-дәрілер, кассеталық оқ-дәрілер, MRAP доңғалақты броньды машиналары және жеңіл тактикалық көліктер, патрульдік қайықтар кіреді", – делінген хабарламада.

Ердоған: НАТО елдерінің басым бөлігі Украинаның одаққа қосылғанын қаламайды

Фото: Reuters

НАТО елдерінің басым бөлігі, соның ішінде АҚШ, қазіргі уақытта Украинаның альянстың мүшесі болғанын қаламайды. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді.

"Америка Құрама Штаттары Украинаның НАТО-ға қосылуын қаламайды, сонымен қатар Украинаның альянсқа мүше болғанын қаламайды", – деді Түркия президенті.

Оның айтуынша, Украинаның НАТО-ға кіру кандидатурасы туралы шешім қабылдау үшін альянстың барлық мүшелерінің пікірлерін ескеру қажет.

Ердоғанның өзінің Украинаның Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылуына қарсы екенін айтты.

Таиландта бір жынысты некеге заң жүзінде рұқсат берілді

Фото: pixabay.com

Таиланд королі неке теңдігі туралы заңға қол қойды. Таиланд Оңтүстік-Шығыс Азияда бір жынысты одақтарды мойындаған бірінші ел болды.

Маусым айында заң жобасы Сенатта мақұлданды, бірақ заң ретінде бекітілуі үшін корольдің мақұлдауы қажет болған. Король заңға қол қойды. 22 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Жаңа заңда "күйеу", "әйел", "ер" және "әйел" орнына гендерлік бейтарап терминдер қолданылады. Ол бір жынысты ерлі-зайыптыларға бала асырап алу және мұрагерлік құқықтарын береді.

Король Маха Вачиралонгкорн бұл заңды сейсенбі күні бекітіп, ресми түрде жариялады. Заң 120 күннен кейін күшіне еніп, келесі жылдың қаңтар айында ЛГБТ жұптары неке қию рәсімін тіркей алады.

Таиланд біржынысты некені заңдастырған Азиядағы үшінші ел болды. Азияда бірінші болып бір жыныстық некені Тайвань және Непал заңдастырған.

ЛГБТ құқық қорғаушысы Ваддао Чумапорн “бұл адамдардың тең құқықтылығы үшін жасалған маңызды қадам" деп атады.

Біржынысты некені заңдастырудан кейін қаңтар айының 22-сі күні Бангкокта мыңнан астам ЛГБТ жұбының қатысуымен жаппай үйлену тойы ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

"Біз өз құқығымыз үшін он жылдан астам уақыт күрестік, енді бұл ақиқатқа айналды", – деді ЛГБТ белсендісі Сиритата Нинлапрюк AFP агенттігіне берген сұхбатында.

Премьер-министр Паэтонгтарн Шинаватра X әлеуметтік желісінде "барлық адамдардың махаббаты үшін" құттықтауын жариялады. Ол бұл заңның қоғамдағы әртүрлі секторлардың бірлескен күресі арқасында қабылданғанын атап өтіп, #LoveWins хэштегін қолданды.

Талқылау