Ойын автоматы, терминалдар мен казинолар: Қазақстанда құмар ойындарын заңсыз ұйымдастыратындармен күрес қалай жүргізіліп жатыр
Елімізде жыл басынан бері 10 жасырын казино анықталып, құмар ойындарын заңсыз ұйымдастыру бабы бойынша 39 тергеу жүргізілді. Бұл отандастарымыздың әлі де заңсыз ойындардың құрбаны болып жүргенін көрсетеді. Қазақстанда ойын автоматтары, онлайн казинолар, түрлі азарттық терминалдар қаншалықты заңға сай жұмыс істейді? Stan.kz тілшісі Қаржы министрлігінің арнайы өкілі Әлібек Абдиловтен бүгінде елімізде заңсыз құмар ойындары ұйымдастырушылармен қандай күрес шаралары жүргізіліп жатқанын сұрап білді.
Фото: pixabay.com
Қазақстанда жасырын, заңсыз құмар ойындарына қатысуға, шетелдік ұйымдарға ақша аударуға тыйым салынған. Әлібек Абдиловтің айтуынша, осы жылдың 8 айында онлайн құмар ойындарын ұйымдастыратын 19 алаңның жолы кесілген.
“Қаржы мониторингі агенттігі бүгінде құмар ойындарына оның ішінде электронды казино, интернет казиноға қарсы шараларды жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 307-бабы (құмар ойындарды заңсыз ұйымдастыру) бойынша бізде 39 тергеу, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты екі материал болды. Жыл басынан бері 10 жасырын казино анықталды. 18 онлайн казино, 13 терминал анықталды. Қазіргі кезде анықталған ақпарат осындай”, – деді ол.
“Абай болыңыз, заңсыз контент”: Кибербақылау жүйесі қалай жұмыс істейді?
Әлібек Абдилов елімізде жасырын ойын алаңдарын кибербақылау жүйесі бақылайтынын жеткізді. Айтуынша оның модераторы мәдениет және ақпарат министрлігі.
“Жыл басынан бері заңсыз онлайн казинолардың 7 мыңнан аса сілтемесі бұғаттауға жіберілді. Қазір қаржы мониторингі агенттігімен жұмыс істеп жатырмыз. Егер де азаматтар әлеуметтік желіде қандай да бір заңсыз контентке жазылған болса, оған ескерту келеді. Яғни біздің ресми аккаунттардан “Сіз жазылып отырған бұл аккаунттың ақпараты, жариялап жатқан контенті заңсыз. Сондықтан мұқият болуыңызды сұраймыз” деген хабарлама жіберіп отырамыз”, – деп қосты маман.
Елімізде заңсыз ойын кәсібін қадағалауға арналған заң 2007 жылдан бастап қолданысқа енген. Бүгінде көптеген ойын автоматтары, онлайн казинолар мен терминалдардың арнайы лицензиялары жоқ. Сондықтан егер олардың іс-әрекеттері анықталса, заңмен жауап береді.
“Ойын бизнесін заңсыз ұйымдастыру бабында барлық жауапкершілік қарастырылған. Соның ішінде бас бостандығынан шектеу немесе айыру 2 жылдан, қылмыстың ауырлығына қарай 5 жыл немесе одан да көп уақытқа беріледі. Әсіресе кәмелеттік жасқа толмаған азаматты азарт, құмар ойындарына тартқандар қатаң жазаланады. Ал егер бұл ұйымдасқан қылмыстық топ болса немесе кірісі аса үлкен мөлшерде болса 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұның барлығы заңда көрсетілген”, – деді маман.
“Жай автоматтың өзі лудоманияға әкелуі мүмкін”...
Әлібек Абдилов жай ойын автоматтарының өзі соңында лудоманияға әкелуі мүмкін екенін ескерте кетті. Ал елімізде осы құмар ойындарына тәуелділіктің кесірінен көптеген мәселелерге тап болған жандар көп.
“Мәселе мынада, ойын бизнесі туралы заң бойынша Қазақстан территориясында электронды және интернет казиноға толығымен тыйым салынған. Оны жүзеге асыруға болмайды. Сондықтан азаматтарымызға айтарымыз, мұндай аппараттарға ақша сала бастап, құмартсаңыз соңы лудомания мәселесін тудырады. Сондықтан қырағылық танытып міндетті түрде аулақ болу қажет”, – деп қосты ол.
Маман елімізде әсіресе жасөспірімдер мен студенттерді лудоманиядан сақтау үшін әртүрлі шаралар қолға алынып жатқанын қоса кетті.
“2022 жылдың күзінен бастап қаржы сауаты және қаржылық қауіпсіздік деген курсымыз бар. Экономикалық тергеп тексеру қызметінің офицерлері мектептердің жоғары 10-11-сыныптары мен колледждің 1-2 курс студенттеріне барып, арнайы дәріс оқиды. Былтырдан бастап дәл осы офицерлер, бұл дәрістерді университет алаңдарында да оқып жүр. Оның ішінде тек құмар ойындары ғана емес, сонымен қатар қаржы пирамидасы, интернет алаяқтық және тағы басқа тақырыптар бар”, – деді ол.
Шетелдік ұйымдастырушылардың шотына ақша жіберген...
Әлібек Абдилов қазір қолданыстағы өзге де приметивті алдын алу шараларын таныстарды. Заңсыз ойындарды ұйымдастыру әсіресе шетелдік белгісіз шоттармен байланысты екенін де тілге тиек етті.
“Егер ойынды ұйымдастырушылар басқа елдің территориясында болып, төлем жүйесін де сол жақтан сұратса, Қазақстан азаматтарына шетелдік ұйымдастырушылардың шоттарына ақшаны жіберуге тыйым салынады. Бұл ойын бизнесі туралы заңның 6-бабында көрсетілген. Яғни шетелдік ұйымдастырушылардың Қазақстан территориясында қызмет етуі заңсыз.
Осы орайда 23 тамызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қаржы министрліктерінің жетекшілері жиналып, отырыс өткізді. Оның ішінде онлайн казиноға қарсы тұру мәселелері қаралды. Соның негізінде меморандумға қол қойылып, іс-әрекеттесу алгоритмі жасалды. Енді шетелде отырған құмар ойындарды ұйымдастырушылардың шотына ақша жіберген фактілер анықталса, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі өзінің құзырындағы шараларды қолдануына болады. Бұл операциялар екінші деңгейлі банктердің төлем жүйелері арқылы жүзеге асатындықтан олар бақылауда болады”, – деп қосты маман.
“Олар заңсыз іспен айналысуда дамыған технологияны пайдаланады”
Әлібек Абдилов онлайн ойындардың ірі серверлік орталықтары әсіресе мегаполистер мен үлкен қалаларда орналасатынын жеткізді. Елімізде мұндай заңсыз кәсіп әртүрлі тәсілдермен анықталады.
“Жаңа айтып кеткенімдей, кибербақылау әдісі, төлем шоттары және куәгерлер сынды фактілер арқылы алдын алу және анықтап ұстау шаралары жүргізіледі. Егер азаматтарымыз қандай да бір экономикалық қылмысқа тап болса немесе қандай да бір қылмыстың белгілері бар-ау деп күдіктеніп, сондай әрекеттің куәгері болса, қаржы мониторингі агенттігінің “АФМ Іnsider” деп аталатын арнайы телеграм ботына жүгінуіне болады. Мұнда еркін, ашық түрде хат жібере алады. Бұл іс бірден қозғалмауы мүмкін. Дегенмен тексеру жүргізіліп, егер шынымен де күдік туғызатын материалдар табылса, онда міндетті түрде іс қозғалады”, – деп қорытты ол.
Бүгінде технологиялар дамыған сайын заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырушылар да барынша айласын асырып жүр. Мол табыс көзін көріп қалған кейбір топтар әрекеттерін түрлі криминалдық жолмен әрі қарай жалғастырады. Осы тұста маман құзырлы органдардың мұндай қылмыстарды ашуда, алдын алуда әлемдік тәсілдерді белсенді түрде қолданып жатқанын жеткізді.
Маман жауапкершілікке тек құмар ойындарын заңсыз ұйымдастырғандар ғана емес, оған қатысушылардың да тартылатынын ескертті. Сонымен қатар қазақстандықтарды жеңіл ақшаға әуес болып, лудоманияның құрбанына айналмауға шақырды.