Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қол астына қарамайды”: Жамбыл облысының бас дәрігері жедел жәрдем станциясын бірнеше сағат бойы электр қуатынсыз қалдырған

Жамбыл облысы Шу ауданында жедел жәрдем станциясы бірнеше сағат бойы электр қуатынсыз қалған. Бұған себеп аудандық аурухананың бас дәрігері емхана жұмысына кедергі келтірмес үшін өзінің қарамағына кірмейтін жедел жәрдем бөлімінің жарығын өшіртіп тастаған. Ал фельдшерлер болса соның салдарынан аса қажет құрылғылардың қуатсыз қалғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото желі кадрларынан 

Оқиға туралы желі кадрлары Halyqstan Telegram арнасында пайда болды. Қоғам белсендісі Айман Каршығабекова жедел жәрдем аудандық орталық ауруханадан ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының ғимаратына ауыстырылғанын айтқан. Алайда соның салдарынан аумақтағы жалғыз трансформаторға жүктеме түскен.

“Аудандағы денсаулық сақтаудың барлық саласына жетекшілік ететін бас дәрігер Жайдар Айтишев бұл мәселені тыныш шешуді жөн көрген. 17 қыркүйек күні түстен кейін ол емхана тыныш жұмыс істеуі үшін жедел жәрдемді электрмен жабдықтаудан ажыратқызып тастаған. Себебі жедел жәрдем аудандық аурухана мен емхананың құзіретіне кірмейді. Тек облыстық денсаулық басқармасына қарайды. Тиісінше,  емхана да аурухана да оның шығынын жаппайды”, – делінген жазбада. 

Сонымен қатар фельдшерлер өздеріне жарықтың өшетіні ескертілмегеніне наразы болған. Себебі электр қуатының болмауына байланысты кез келген уақытта барлық құрылғы, соның ішінде электрокардиограмма өшіп қалуы мүмкін екен.

“Жол апаты сияқты шұғыл жағдай болса, олар ешкімге көмектесе алмай қалады. Ал Жамбыл облысында жол көлік оқиғасы жиі болады. Қоңыраулар жиілегенде полицейлерді көмекке шақыруға тура келді. Ауданның бас дәрігерін нұсқауын жоюға көндіруге тура келді. Түнгі 12-ден кейін ғана аудандық аурухананың электригі Айдар аға келіп, жарықты қосты.
Қазір Шу ауданының жедел жәрдем бөлімінде жарық бар. Бірақ оның қайтадан өшірілмейтініне кім кепіл?!”, – делінген видео жазбасында.  



Осы оқиғаға байланысты Stan.kz тілшісі Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасынан пікір сұрады. Басқарманың айтуынша Шу аудандық ауруханасы жедел жәрдемді электрмен қамтамасыз етуге жауапты емес. 

“Жедел жәрдем ЖИТС орталығын жалға алады. Сол күні ажырату Аудандық электр жүйесі тарапынан болған. Жақын маңдағы барлық ұйым білім бөлімінің балансында тұрған трансформаторға қосылған. Орталық аудандық аурухана басшылығы жедел жәрдем мәселесін ескере отырып, ескі желілер арқылы электр қуатын қосты. ЖИТС орталығының басшылығына электр қуатымен байланысты мәселе баяндалды. Олар мұны жақын арада шешеді. Бұл мәселе Жамбыл облысының Денсаулық сақтау департаментінің бақылауында. Шу ауданының денсаулық сақтау саласына жетекшілік ету бас дәрігердің міндетіне кірмейді. Өйткені ауданда облыстық маңызы бар бірнеше медициналық ұйымдар орналасқан”, – деді ведомство. 

Талқылау