Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүк көлігінің салмағы нормадан асып кеткен жүргізушілерге 3,7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынбақ

Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарда автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды. Қазір рұқсат етілмеген ауыр жүкпен келіп, инспекция қызметкерлерінен қашқан жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Көлік министрлігінің мәліметінше, құрылғы жолдардың бұзылуының алдын алу үшін қойылған. Деректерге сенсек, автоматтандырылған өлшеу жүйелері іске қосылған сәттен бастап инспекция қызметкерлері салмақ параметрлерін ұстанбай, заң талаптарына бағынбау фактілерін тіркеп үлгерген.

Мәселен, жақында Астананың айналма жолындағы Қызылсуат ауылының маңында бірнеше жүк көлігінің жүргізушілері көліктік бақылаудан бас тартып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиға барысында ауыр жүк көліктерінің бірі инспекцияның қызметтік машинасына механикалық зақым келтірген. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылып, көлік айыппұл тұрағына жіберілген.

"Ауыр жүк көліктерін жүргізушілерден ережелерді қатаң сақтауға және белгіленген салмақ параметрлерінен аспауға шақырамыз. Бұл нормаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", – деп атап өтті Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі.

Айыппұлдардың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты және кәсіпкерлік түріне байланысты шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін болады.



Көлік құралдарының рұқсат етілген массасы төменде келтірілген нормадан (тоннамен) аспауға тиіс:

  • үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
  • төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
  • бес осьті – 38 тонна;
  • алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

Министрлік мұндай шара автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын тоздырмауда ауыр және ірі көлемді көлік құралдарын қадағалауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Талқылау