Неге Қазақстанда утиль алымы мәселесі әлі шешілмей жатыр? Маман түсіндірді
Утилизация алымына қарсы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтпей қалды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі петиция авторы Санжар Боқаев пен оның өкілдері отырысқа қатысудан бас тартты деп мәлімдеді. Неге утиль алымы мәселесі әлі шешілмей жатыр? Петиция авторлары Санжар Боқаев не себепті отырысқа кірмегенін және үкіметтен не талап ететінін Stan.kz агенттігіне айтып берді.
Фото: Istockphoto
Утилизация алымын жинауға қатысты петицияға 50 мың адам қол қойып, оны қарайтын жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының алғашқы отырысы 6 маусым Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ғимаратында өтуі керек еді. Дегенмен петиция авторы Санжар Боқаев пен оның жақтастары ғимаратқа кірмеген. Министрліктің ақпараты бойынша, ғимарат “стратегия нысаны” болғандықтан, келген азаматтардан телефонын кіреберісте қалдырып кетуін сұраған. Дегенмен олар телефонын тастап кетуден және жалпы отырысқа қатысудан бас тартқан.
Ал петиция авторы Санжар Боқаев отырыстың басынан дұрыс ұйымдастырылмағанын айтады.
“Отырыс 6 маусым 17.00-де өтетінін бір күн бұрын ғана естідік. Заң бойынша, олар бізге үш күн бұрын хабарлап айтуға тиіс. Отырыстың болатынын кеш естіген соң, ұшаққа билет таппай, Алматыдан Астанаға көлікпен бардым. Осы жұмыс тобына қатысу үшін 16 сағат жол жүрдім. Бірақ бізге ішке телефонмен кіруге рұқсат бермеді. Билік өз ұстанымын ашық көрсеткісі келмеді”, – дейді петиция авторы.
Оған қоса ол бұл іс-шара ашық өтіп, халық жиналыстың қалай өтіп жатқанын онлайн форматта көріп отыруы керек екенін айтады.
“Қазақстан Республикасының утилизация алымына және бастапқы тіркеуге қарсы петициясы – халықтың петициясы. Сондықтан мұндай кездесулерді министрлік ғимаратында жабық өткізуге болмайды”, – дейді ол.
Санжар Бокаев. Фото: Іnbusiness.kz
Петицияны қарайтын жұмыс тобының құрамына парламент депутаттары, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, қаржы, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі, мәдениет және ақпарат вице-министрлері, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасарлары кірді. Оған қоса утиль алымына қарсы Санжар Боқаев, Еркебұлан Кулбасов, Данияр Макешов, Берік Заиров және басқа да азаматтар қосылды. Санжар Боқаев жұмыс тобының құрамына бұл салаға еш қатысы жоқ министрлік өкілдері кіргенін және олардың жұмысына күмәнмен қарайтынын жеткізді.
“Бұл петицияға 50 мың адам қол қойды, сол себепті оны орынбасалар емес, Индустрия министрінің өзі өткізуі керек. Оған қоса құрамға утилизация алымының экономикаға әкелетін шығынын көрсететін Ұлттық экономика министрлігінің, сауда министрлігінің, Жоғарғы есеп палатасының өкілдері кірмеген соң, жұмыс тобына сенім білдірмей отырмыз. Есесіне олар комиссияның құрамына өнеркәсіп саясаты және утилизация алымына қатысты нормаларды есептеу мәселелерінде құзыреті жоқ мәдениет министрлігі мен цифрлық даму министрлігін қосып қойған. Министрлік мемлекеттік органдардың құрамын біржақты таңдады”, – дейді саясаткер.
Қазақстанда утилизация алымы және бастапқы тіркеу үшін жинау заңының қабылданғанына 8 жыл болды. Үкімет бұл заң отандық көлік кәсібін дамытуға, елдегі ескі көліктердің санын азайтуға, экологияны жақсартуға көмектесетінін айтады. Дегенмен “Утильалымына жол жоқ” деген петицияны бастағандар мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, утиль алымының экономикаға әкелетін пайдасы жоқ. Керісінше, халықтың қалтасына ауыр түсіп жатыр.
“Утиль алымы енгізілгеннен кейін ауылшаруашылық техникасы саласында бәсекелестік жойылды, автокөліктердің, ауыл шаруашылығы көліктерінің, арнайы техникалардың бағасы күрт өсті. Сонымен қатар автомобиль көлігі мен механикаландыруға қатысты барлық нәрсенің бағасы өсті: жүк тасымалы, механикаландыру және қоғамдық көлік қызметі, азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, тұрғын үй құны және тағы басқа”, – деп жазған петиция авторлары.
Айта кетері, сенатор Али Бектаев та утиль алымы ауылшаруашылығына зиянын тигізіп жатқанын айтып, оны алып тастауды ұсынды. Ол утилизация алымы салдарынан шаруалар жаңа техника сатып ала алмай, ескі техникасын қайта-қайта жөндеп, жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтты.
“2024 жылға қарай утилизация алымы трактор үшін 370 мыңнан 7,3 миллион теңгеге дейін, комбайн үшін 1,6 миллионнан 8,3 миллион теңгеге дейін жетіп отыр. Шаруалар үшін бұл – қомақты сома. Утилизацияға ақша төлей алмайтын шаруа қожалықтары бар. Олар жаңа техника сатып алуды тоқтатты, ескі техникасын қолданып жүр", – деді сенатор.
Бұған дейін сенатор утиль алымына түскен қаржының бір бөлігін ауыл шаруашылығы өкілдеріне аударуды да ұсынды.
Baicar автокөлік салонының басшысы Алиасқар Аманжол елде утилизация алымы толық алынады дегенге сенбейді. Дегенмен оның мөлшері шамадан тыс көп екенін айтады.
“Мысалы, Грузияда Hyundai Elantra 10 мың доллар тұрады делік. Бұл – 4,5 миллион теңге. Оны сатып алған соң, кеденде бір, кейін бастапқы тіркеуін және утилизация алымын төлейсіз. Оған шамамен 3-3,5 миллион теңгеге кетеді. Көліктің көлеміне қарай баға өсе береді. Байқағаныңыздай, утиль алымы көліктің құнымен бірдей болып тұр. Ал 3 миллион халыққа өте ауыр”, – дейді көлік саласындағы маман.
Ол утилизация алымы алынып тасталса немесе құны азайса, елдегі көліктер арзандайды дейді.
“Утиль алымын толық алып тастасын деп айтпаймын. Дегенмен оның құнын екі-үш есеге төмендету керек деп ойлаймын. Сонда азаматтарға жаңа көліктер де қолжетімді болар еді”, – дейді Алиасқар Аманжол.
Еске сала кетейік, петиция авторлары М1 санатындағы жеңіл автокөліктердің утил алымын 100 мың теңгеге дейін, басқа санаттағы көліктердің утиль алымын 0 теңгеге дейін түсіруді, ауыл шаруашылығы техникасына қатысты утилизация алымын толық алып тастауды талап етіп отыр. Оған қоса бастапқы тiркеу мөлшерлемесiн 0,25 АЕК-ке дейiн төмендетуді ұсынды.