Ақтөбеде өзенге ағатын арнада мұздық еріп орталық көшені су басты
Ақтөбеде мұздың жиналып, еруінен Сазды өзеніне ағатын арық тасып орталық көшені су басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан скринделген
Су басу қаупі орталық көшеге жақын маңдағы үйлерге де төнді. Қазіргі уақытта жергілікті жерде коммуналдық және шұғыл қызметтер жұмыс істеуде. Әкімдік Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері де тартылғанын мәлімдеді.
Қазір көлік қозғалысын тұрақтандыру үшін көше ішінара жабылған.
Әкімдік жағдайға кейінірек түсініктеме беретінін айтты. Ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті аймақта мыңға жуық адам жұмылдырылғанын хабарлады.
“Бүгін таңертең Ақтөбе қаласындағы Сазды өзенінде мұздың жиналуы мен су деңгейінің жоғарылауы нәтижесінде Ө. Сейітов көшесіндегі автомобиль көпірі арқылы Керуен сити сауда үйі ауданындағы М. Мәметова көшесінің жол бөлігіне толып кетті. Қазір су бағытын көшеге жабу жұмыстары жүргізілуде.ТЖД, ЖАО, ПД, Ұлттық ұлан, 20982, 54179, 20238, 03878 әскери бөлімдерден 1000-ға жуық қызметкер мен 200-ге жуық техника жұмылдырылды”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, су басу жағдайлары еліміздің өзге де аймақтарында орын алуда. Бұған дейін Қостанай облысының су басқан аймақтарында төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.