Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аш-жалаңаш жүрсе де, өте cалмақты": Газа секторына гуманитарлық көмек көрсетуге барған қазақстандық ерікті сондағы халықтың жағдайы туралы айтты

Қазір соғыс болып жатқан Газа секторындағы халыққа гуманитарлық көрмек көрсету үшін барған Азия бойынша жалғыз ерікті – астаналық Перизат Қайрат. Ол Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорын басқарады. Ол өзінің еріктілік қызметі мен Газадағы тұрғындардың жағдайын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, оқырмандарына бөлісіп отырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: @01pk Instagram-парақшасы

Перизат Қайрат – Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының атынан Газа секторына көмекке барған жалғыз қазақстандық әйел. Онымен бірге Катар, Кувейт, Египеттен келген ер адамдар мен 16 қыз жүр. Ол Газаға ерікті болып келу үшін 1 ай арнайы халықаралық оқу-тәжірибеден өткен. Ал оның алдында екі ай экзамен тапсырған.

“Араб елдерінің халықаралық ұйымдары Газа секторына гуманитарлық көмек көрсету бойынша дайындалды. Қазақстан бойынша Biz Birgemiz Qazaqstan меморандумға қол қойды. Біз онлайн және оффлайн форматында екі ай курс өтіп, емтихан сынағынан өттік. Халықаралық еріктілер құрамына кіру оңай емес. Арнайы дайындықсыз шекарадан өткізбейді. Соғыс болып жатқандықтан, еріктілердің денсаулығы мықты, иммунитеті шыныққан, стресске төзімді, шыдамды және салқынқанды болуы керек, ал жүрегі жұмсақ болуы тиіс. Еріктілер психологиялық тесттен өтеді”, – деді Перизат Қайрат.

Ол еріктілерге қойылатын басты талаптарды атады:

  • Шет тілін білу; Соның ішінде араб тіліндегі терминдер мен ағылшын тілін меңгерген болуы тиіс. Себебі төтенше жағдай кезінде немесе адамды іздегенде, тұрғындарды түсіне алуы жөн.
  • Алғашқы көмек көрсете алу; Төтенше жағдай кезінде байбалам салуға болмайды, мұндай кезде адам лезде шешім қабылдай алуы тиіс.
  • Отын жаға алу;
  • Қолға секундомер көрсетілген сағат тағу;
  • Шөл мен аштық сезімін басқара алу; Ресурстарды дұрыс басқара алу керек. Өйткені бір күнде 500 мл суды жеткізу қажет.
  • Сондай-ақ еріктілерге тұрғындармен тілдесуге, қарым-қатынас орнатуға болмайды. Бұл гуманитарлық коридорды бұзады деп саналады.

Фото: @01pk Instagram-парақшасы

Сондай-ақ еріктілер агитациялық, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбейтіні және мемлекеттік объектілерді фотоға түсірмейтіні туралы хатқа қол қояды. Бірнеше елдің келісімімен еріктілер қорғауда болады.

Ол Мысыр-Палестина шекарасы арқылы өткен екен. Айтуынша, Біріккен Араб әмірлігі Газа секторына көмек көрсетіп, еріктілердің қатынауына атсалысып жатыр. 

40 күнде 2000 бала аштықтан көз жұмған

Еріктінің сөзінше, Газа халқының халі мүшкіл. Газалықтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек, тіпті шатыр жетіспейді.

“Соңғы 40 күнде 2000 бала аштық пен салқыннан көз жұмды делінген. Сол үшін ересектер ыстық тамаққа кезекке тұрғанда, балаларды бірінші өткізіп жібереді. Газа балапандары шатырды паналап, ызғарлы қара балшықты мамық төсек қылуға мәжбүр”, – деген пост жариялады Перизат Қайрат.

Фото: @01pk Instagram-парақшасы

Сонымен қатар БАӘ Газаның 1000 баласын бортпен жедел ота жасауға алып кеткен.

“Қазақстан халқының көмегімен Газа секторындағы 100 мың балаға қысқы күртеше сыйладық. Сондай-ақ 40 мың азық-түлік қорабын жинадық”, – деді ерікті.

Сондай-ақ оларға ыстық тамақ дайындаған.

Айтуынша, гуманитарлық көмекті жеткізу кезде біршама қиындықтарға тап болған. Өйткені Израиль гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігін өткізуге тек 4 сағат берген.

“Фура жүргізушілері шекарада 15 күн күтті. Қажет құжаттар мен келісімді алған соң Рафах қаласына жол тартты. 48 көлікті 4 сағатта өткізу керек. Бұл 48 көліктің тамағы 6 күнге ғана жетеді. Мұндағы геноцид масштабы күннен-күнге ұлғайып жатыр”, – деді Biz Birgemiz Qazaqstan басшысы.

Ұшақтан лақтырылған гуманитарлық көмек палестиналықтардың үстіне құлап, жаралаған

Перизат Қайрат Газада өзі куә болған бірнеше сұмдық жайтты пост ретінде жариялады. Жас келіншектің бір сәтте баласы мен күйеуінен айырылғанын көргенде, ауыр сезімді бастап кешіріпті.

“Шекарада ер адам айқайлап, сарбаздардан әйелі үшін оның жанын да алуды сұрап, жалынды. Сөйтсе оның жұбайының толғағы келген, ал шекарада мамандар мен медициналық құрал-жабдық жоқ. Тек қолма-қол ақшасы барлар шекарадан аса алады. Еріктілер әйелге 1730 доллар (775 603 теңге) жинап бергенімен, бұл аз деп, оларды шекарадан өткізбей қойды. Жүрегіме қанжар сұққандай сезім. Өкініштісі, мұның бәрі қорқынышты түс емес”, – деді астаналық әйел.

Фото: @01pk Instagram-парақшасы

Перизат Қайрат АҚШ пен Иорданияның ұшақпен лақтырған гуманитарлық көмегінен кей адамдар жарақат алып, көз жұмғанын да атап өтті.

“Көз алдымызда Газадағы балалар құмның арасынан макарон мен дәнді дақылдарды жинап отыр. Жерде күріш шашылып жатыр. Бір апта бұрын аспаннан жауға көмек палестиналықтардың өліміне әкелген. АҚШ пен Иордания ұшақтан азық-түлік салынған қораптарды лақтырған. Бірақ кейбір парашюттар ашылмай қалып, төменде көмек күтіп тұрған палестиналықтарға құлаған. Қатты жылдамдықпен құлаған қораптар адамдарды жаралап, тіпті өлтіріп жіберген. Балалар әлі күнге дейін шикі дақылдарды жерден теріп жеп жүр”, – деп жазды Қазақстаннан барған ерікті.

“Аш-жалаңаш жүрсе де, өте салмақты”

Оны сол жерде таңғалтқан нәрсе – бірнеше күн аш-жалаңаш жүріп, қиналып жүрсе де, адамдарының сабырлылық танытқаны, тамаққа жанталаса таласпай, кезекті сақтайды.

“Газа секторы тұрғындарының сенімі мен күшіне тәнтімін. Мысалы мен өзімді мұсылманмын деп есептеймін, бірақ бес уақыт намазды оқымаймын. Ал мұнда адамдар аш-жалаңаш, әлі кеткен, жаралы. Бірақ денелері зақымдалса да, аяқ-қолынан айырылып, басы ауырса да, намазын қаза қылмайды, Алланы ұмытпайды. Жарылыстан мешітің бір қабырғасы құласа да, құлшылық етуін тоқтатпайды”, – дейді ол.

Фото: @01pk Instagram-парақшасы

Айтуынша, босқындар мен тұрғындар еріктілердің кетпегенін тілейді. Себебі халықаралық ұйымдар мен еріктілер жүргендіктен, шабуыл мен жарылыс сейілген. 36 жарылыс тоқтатылған. 

Ол майдан орын алған аймақта жүріп не түйгенін және не сезгенін айтып берді.

“Шүкір! Қазақстан халқы қандай бақытты… Ересек 60 адамның 1 қап ұнға таласып, алдындағы жастардан жылап, көмек сұрағаны жаныңа батады екен”, – деді ол.

Ерікті қажетті көмекті жеткізгеннен соң елге аман-есен оралған.

Талқылау