Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біздің Абай": Шығыс Қазақстанда әлемнің 37 тілінде электрондық кітапхана жұмыс істейді

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн елімізде 2020 жылдан бастап мереке ретінде тойланады. Абайдың гуманистік және ағартушылық көзқарастары мен ойлары бүгінде аса өзекті. Сол себепті Шығыс Қазақстан облысындағы А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада 2014 жылдан бастап "Біздің Абай" электронды кітапханасы (abai.pushkinlibrary.kz) әлемнің 37 тілінде жұмыс істеп келеді. А.С. Пушкин атындағы кітапхананың анықтама-библиографиялық қызмет орталығының жетекшісі Меруерт Ниғметолдақызы Stan.kz тілшісіне электрондық кітапхананың қызметі туралы айтып берді. 

Меруерт Ниғметолдақызы айтуынша, аталған жобаның мақсаты  – ақын мұрасын әр елдің оқырманына, яғни бүкіл әлем игілігіне ұсынып, жеткізу. Абайдың  әр жылы, әр тілде, әр елде шыққан барлық шығармасын сандық форматта біріктіру көзделген. 

“Ең алдымен отандық, шетелдік кітапхана қорларына библиографиялық талдау жүргізіліп, кітапханада жоқ туындыларын анықтадық. Нәтижесінде, Абайдың алғаш жарық көрген кітаптарының қорда жоқтығына көз жеткіздік, ал біздегі кітаптары тек 1945 жылдан басталады екен. Сол себепті осы 1945 жылға дейінгі, соның ішінде  араб, латын, кириллицамен басылған кітаптарын іздеп табу ерекше қызығушылық тудырды”, – дейді ол. 

Оның сөзінше, электронды кітапхананы құру қордағы, сондай-ақ басқа да отандық және шетелдік кітапханалар қорынан алынған Абай шығармаларын сандық нұсқаға көшіру жолымен іске асқан.

“Біз Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы және Семей қаласы Абайдың мемлекеттік тарихи және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен бірлесіп жұмыс істедік. Қазақстанның және алыс/таяудағы ірі кітапханаларға хат жазып, бізде жоқ Абай кітаптарының электронды көшірмесін жіберуді өтіндік. Осы жобаны қолдап бізге көмек көрсеткен барлық серіктестерімізге ризашылық білдіреміз, олар: Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Украина, Латвия, Литва, Моңғолия Ұлттық кітапханалары, сонымен бірге, бізге кітаптар мен кітаптардың электронды көшірмелерін ұсынған мұражайлар мен жеке адамдар”, – дейді Меруерт Кемешева. 

Бұдан бөлек, электронды кітапханаға М. Мажвидас атындағы Литва ұлттық кітапханасы Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романын литва тілінде ұсынған. Сондай-ақ Баян-Өлгий аймағының Орталық кітапханасы роман-эпопеяның моңғол тіліндегі басылымын (Ұланбатыр,1972) сыйға тарту етті. 

“Электронды кітапхананың дизайны мен айдарларын кітапхана мамандары әзірледі. Абайды қазақ тілінде мобильдік құрылғылар арқылы оқу үшін ePAb, Fb2 форматтары қолданылды. Электронды кітапханадан Абай шығармаларын оқу қарапайым және ыңғайлы десе болады. Оқырманға ыңғайлы болу үшін арнайы бөлімдер жасалып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты хронология, оның есімі берілген ескерткіштер, мұражайлар, елді-мекендер, қара сөздері бойынша бейнежоба, нақыл сөздері, "Абай" журналы жайлы мәліметтер берілген. "Абайды білесіз бе" викторинасы арқылы ғұлама ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы біліміңізді шыңдауға болады”, – дейді Меруерт Ниғметолдақызы

 

Оның айтуынша, электрондық көшірмелер Қазақстан Республикасының авторлық құқық заңнамасына сәйкес пайдаланылады. Яғни, толықмәтіндерді  басып, шығарып алу мүмкіндігі берілмеген, тек қана Онлайн түрде оқуға болады. Бүгінгі таңда Электронды кітапханаға Қазақстанның әр өңірінен көптеген виртуалды оқырман тіркелуде.

“Сонымен біз, әдеттегі кітапхананың виртуалды ортадағы баламасын құрып ұсындық. Қазір "Біздің Абай" электронды кітапханасында әлемнің 37 тілінде, шамамен 2000-нан аса құжат жинақталған. Араб, башқұрт, эстон, француз, литва, мажар, қытай т.б. Олар – кітаптар, мақалалар, бейнежазбалар, иллюстрациялар, абайтануға қатысты материалдар мен "Абай" журналының 1992 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі сандары”, – дейді А.С. Пушкин атындағы кітапхананың анықтама-библиографиялық қызмет орталығының жетекшісі. 

Сонымен қатар электронды кітапхананы толықтыру кезінде бірнеше автор өз шығармаларын ашық қоюға келісім жасаған. Жеке адамдар да өз кітапхана қорларынан ақынның өзге тілдердегі шығармаларын ұсыныпты. 

“Мысалы, Берікхан Ісбек – Цинхуа университетінің PhD докторы (ҚХР, Пекин)  Абайдың қытай тіліндегі екі кітабын сандық нұсқаға көшіруге ұсынды.  Жерлесіміз, Венгрияның Сегед универитетінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Мұқышева Раушангүл венгр тіліндегі "Дала ұлдары" жинағынан, венгр ақыны Лайош Көрменді  аударған  Абайдың венгр тіліне аударылған үш өлеңінің -  "Өлең сөздің патшасы",  "Ғылым таппай мақтанба",  "Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап", "Қазақ әдебиетінен үзінділер" жинағынан Абайдың  "Жаз", "Қалың елім, қазағым", "Қартайдық, қайғы ойладық", "Күлембайға" өлеңдерінің электронды көшірмесін жіберді. Аудармашылар – Дъерд Радо – белгілі аудармашы, венгр ғалымы, Венгрия Ғылым Академиясының академигі, Имре Тренчени-Вадапфель – Будапешт университетінің профессоры, қазақ әдебиетін зерттеуші. Ол Абайдың "Жаз" өлеңін де венгр тіліне аударған”, – дейді Меруерт Кемешова. 

Сонымен қатар ол күнделікті қажымай-талмай іздеу жұмыстары өз жемісін берумен бірге, кейде күтпеген нәтижелерін беретінін айтады. 

 “Өскемен қаласының тұрғыны Л. Реброва біздің осы жоба туралы репортажды көріп,  отбасы қастерлеп сақтап келген М.Әуезовтың "Абай" романының 1945 жылғы басылымын, Глубокое аудандық қария Оспанов Николай ақынның 1936 жылғы өлеңдер жинағын сыйға ұсынды. "Біздің Абай жобасы жалғасын табуда. Электронды кітапхана Ұлы ақынның жарық көрген жаңа материалдарымен, ескерткіштер және өңірлік мәліметтермен күнделікті толықтырылып отырады. Электронды кітапхананы құра отырып, біз әр ұлттың келешек ұрпағы үшін ұлы жерлесіміз Абай Құнанбайұлының даналық ойларын сақтап, жеткізгіміз келеді. Баршаңызды "Біздің Абай = Наш Абай" электронды кітапханасының серіктесі әрі виртуалды оқырманы  болуға шақырамыз”, – дейді Меруерт Кемешова.  
Талқылау