290 мың теңге: Сабина Алтынбекованың курсын алғандар білім сапасына шағымданды
Танымал волейболшы Сабина Алтынбекованың тәлімгерлік курсын алғандар, білімнің сапасына шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кozachkov телеграм арнасында Сабина Алтынбекованың үстінен бірнеше шағым түскен.
Ол тәлімгерлік курс ашып, әр адамнан 290 мың теңгеден төлем алған. Кейбірі танымал волейболшының курсын тіпті несиеге, Каспи арқылы сатып алған.
Бірақ қыздардың білім сапасына көңілі толмапты. Кейбір қыздар 290 мың теңгеге тиісті білім беру керек деп талап қойып, ортақ чатқа жазған. Көп ұзамай шағымданғандарды чаттан да шығарып жіберген.
Енді олар ақшаларын қайтаруды сұрайды. Алайда Алтынбекова қаражатты қайтарудан бас тартқан.
Оқиғаға қатысты Сабина Алтынбекованың менеджері түсініктеме берді.
"Иә, шынында да, біз басқа продюсерлермен бірге осы жылдың маусым айында онлайн курс аштық. Көпшілігі банктік арқылы бөліп төлеу бойынша курсты сатып алды. Мердігер қызмет көрсетті, яғни сабақтарға толық қолжетімділікті қамтамасыз етті, кураторлармен чатқа қосылды, кері байланыс үшін тәлімгерлермен топтық қоңыраулар да ұйымдастырылуда. Оқыту Қазақстан республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілді" , – деп жазды ол.
Сонымен қатар, қызмет көрсетілгенін және қаражат қайтарылмайтынын алға тартты.
"Кез келген курста қызметке көңілі толмайтын студенттер болады. Курс басында шарттар мен ережелерді ұсындық. Алғашқы сабақты көре сала толық курсқа сипаттама беріп отыр. Не дегенмен қызметті алғандар үшін курс әлі де қолжетімді”, – деп мәлімдеді ол.