Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйінде қамап ұстаған: Алматыда әйелін өлтірді деген күдікті бостандықта жүр

Алматы тұрғыны азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның анасы "қызымды ұрып-соғып жүріп, ақыры өлтіріп тынды" дейді. Ал күдіктінің бостандықта жүргенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттіі агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Ульяна Литовкина небәрі 33 жаста еді. 8 жыл бойы кездесіп жүрген жігітімен соңғы үш жылдан бері азаматтық некеде болған. Талдықорғаннан Алматыға көшіп келгелі күйеуі әйеліне күн көрсетпепті. Көкала қойдай қылып сабап, басын жарған. Үйден шығармай, зорлық-зомбылық жасаған. Ал "бұл жайында біреуге тіс жарсаң, отбасыңмен қоса көзіңді құртамын" деп қоқан-лоқы көрсеткен.

"Қызым бізге өте сирек келетін. Бастан кешкен сұмдықтың бәрін маған айтып бергенде, жағамды ұстадым. Қызым қатты қиналды, денесінің сау-тамтығы қалмады. Күйеуі оған тіпті жедел жәрдем шақыруға рұқсат бермейтін. "Осында қал, саған өзіміз бас-көз боламыз" дегеніме қарамастан, ол үйіне қайта оралатын. Себебі әлгі жүзіқара қызымды "өлтіріп, түбіңе жетемін" деп қорқытып тастаған. Жылап, кешірім сұрайды да, теріс қылықтарын кейін де жалғастыратын", – дейді марқұмның анасы Ирина Литовкина.

"Енді шынымен кетемін, қорқыныштан басқа түк қалмады, оны жек көремін". Бұл – Ульянаның анасына айтқан соңғы сөзі. Бірақ екі күн өткен соң суық хабар жеткен. Әйел бауыр және өт қабының жарақатынан қайтыс болған. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесінде жарақат доғал заттың соққысынан болғаны анықталды.

"Күйеуі үйге мас күйінде келіп, ұйықтап қалған. Тіпті әйелінің қайтыс болғанын да бірден байқамаған. "Әйелім құлап қалды, содан жарақаттанған" дейді. Мен бұған сенбеймін. Қызымның денесінде, мойнында көгерген іздер болды, оның өліміне күйеуі кінәлі. Полиция қыздың денесін де, телефон сияқты жеке заттарын да соған бере салған. Неге жақын туыстарына, бізге бірден хабарламаған?" – дейді Ирина Литовкина.

"Бұл оқиғадан кейін үш айдан астам уақыт өтсе де, күйеуі әлі бостандықта жүр" дейді қайғыдан қан жұтқан Ирина Литовкина. Ол бұл істің алға жылжымай тұрғанына ашынады.

"Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Алатау аудандық полиция басқармасында іс тергелуде. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Соның нәтижесінде қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Сондай-ақ болған қылмыстың себеп-салдары, мән-жайы анықталады", – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ульяна Литовкинаның артында бірінші некесінен 13 жасар ұлы қалды. Қорлықпен өмірден өткен әйелдің ата-анасы кінәлілер тиісті жазасын алса екен дейді.

Талқылау