Мектепте ақша жинау фактісі үшін 10 АЕК айыппұл салынады – Оқу-ағарту министрі
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде түрлі себеппен қаражат жинау мәселесі туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мектептерде қажетсіз шараларға ақша жинауға шектеу қою туралы біздің министрліктің бұйрығы шыққан. Жеке өзім мектеп директоры болып істегенімде осы үрдісті тоқтатқанмын, одан еш проблема көрген жоқпын. Ата-аналар ренжіп, қаржы жинағысы келді, шектеу қойған соң мектеп ұжымы да, ата-аналар да көндікті", - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі кулуарда.
Оның айтуынша, қазір де бұйрыққа бағынбау фактілері анықталып жатыр. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп, тиісті шара қабылдауды бастады.
"Бұл бағытта ең алдымен кез келген азамат ақша жинау фактісі туралы колл-орталыққа хабарлай алады. Әзірге 20 мектептен осындай шағым түсіп үлгерді. Екіншіден, бұйрыққа бағынбай, бұрынғы "дәстүрді" жалғастырған мектеп басшылығына агенттік тарапынан шара қолданылады. Яғни, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу қарастырылып отыр", - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.