Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шеберлік пен шымырлық күні. Қазақтың ұлттық ойындары халықты сауыққа емес, саулыққа дәріптейді

Қазақ халқының тұрмысы, талғамы мен танымы, салт-дәстүрі бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Тарих тұнығынан сол мәдениеттің қай-қайсысын алсаңыз да мағыналы мән барын түсінуге болады. Сондай ерекшеліктің бірі, әр саламен байланысы терең  ұлттық ойындарымыз. Қазақ өз ойындары арқылы жас буынды шымырлыққа, шеберлікке, ептілікке, ұқыптылыққа баулыды. Дүниетанымының кеңеюіне сеп болды. Бүгін ел өңірлерінде мейрам аясында “Шымырлық пен шеберлік” күні тойлануда. Осы орайда Jusan Bank-пен бірге қазақтардағы ойын түрлерін және оның маңызын тарқатамыз. 

Ұлттық ойындар бастауы туралы

Наурыз мейрамы күндері халқымыз ұлттық ойындарды жандандыруға күш салады. Өйткені ойын ол баланың да, үлкеннің де ой-өрісін дамытуға, шынықтыруға сеп болады. Дана халқымыз “шынықсаң шымыр боларсың” деп бекер айтпаса керек. 

Этнографтардың зерттеуіне сүйенсек, елдегі ойындардың басым бөлігі көшпенді кезеңде туған. Десе де жеріміздегі ұлттық ойындар бірінші мыңжылдықтарда-ақ тайпалық одақтарда жиі кездеседі. Оның ішінде, тарих тарамдарынан асық ату, тоғызқұмалақ сынды ойындардың алғашқы қауымдық қоғамда шыққанын білесіз. Тіпті көне суреттердегі аң қуу, садақ тарту, қылыштасу, найза лақтыру, шалма салу сынды әрекеттер сол заманның өзінде ойын түрінде қалыптасқанын көрсетеді. Бертін келе бұл шынайы спорт түріне айналды. 

Қазақ халқы ойын түрлерін 3-ке жіктеген

Қазақта ұлттық ойын түрлері өте көп. Оның бірі бүгінге жетсе, енді өзгелері ұмыт қалды. Десе де халқымыз бұл сауықты негізгі 3 топқа бөлген. 

  1. Ойын-сауық, тұрмыс-салт ойындары;
  2. Жануарлар дүниесіне, аңшылыққа байланысты ойындар;
  3. Дене шынықтыру, спорт ойындары.

Әрине, әр ойынның түбінде тәрбие, ептілік, шыдамдылық, төзімділік насихаты жатыр. Мысалы, ойын-сауық, тұрмыс-салт қатарына алтыбақан, шалма, тоқым қағар, есімде сынды бірнеше ойындары кірсе, жануарлар дүниесі, аңшылыққа байланысты ойындар арқылы баланы дала тағлымына дайындаған. Ал дене шынықтыру, спорт ойындары өскелеңді шымырлыққа, әскери машыққа баулыды.

Белгілі жазушы Ахмет Жүнісов “Пәниден бақиға дейін” атты еңбегінде ұлттық ойындарымыздың мақсатын әдемі суреттеп берген. 

“Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан - балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған”, - деп жазады жазушы. 

Наурыз тойы. Шымырлық пен шеберлік күні

Көрісумен басталатын көктем мейрамында халық түрлі ойын тізбегіне де қатты мән берген. Алты қанат ақ үймен қатар алтыбақан құрып дала тойын ерекше мерекеледі. Әсіресе, шымырлық пен шеберлік күнінде ұлттық ойындар көптеп ойналды. Арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақ күресі, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, шалма салу, бәйге. Негізінен бұл ойындар бір жағынан көңіл сергітуді көздесе, екіншіден жаугершілік заманда жігіттерді ептілікке шыңдады.

Ат үстіндегі тартыс. Бұл ойын бүгін көп ойналмайды. Тіпті ұмыт қалып барады десе де болады. Ойынның ережесі бойынша алаңға 3-5 жаяу адам мен бір атты шығады. Мақсат - жаяулар аттыны құлату. Осылайша белгіленген жерде ғана атты адам жаяулардан қашады. 10-15 минут аралығында оны құлата алмаса, онда келесі топ шығады. 

Орда. Қазақтың ұлттық ойынының бірі. Бұл да бүгінде ұмыт қалған. Ойын негізінен айлы түнде өткізіледі. Кең алаңға жігіттер екі топқа бөлініп шығады. Араларынан басшы сайлап, бірінің қолына ірі малдың жілігін ұстатады. Ойын басталғанда әлгі сүйек үстаған басшы алысқа лақтырады. Бөлінген екі топ бірден соны іздеуге кіріседі. Тапқан адам “сүйек менде” деп айғайлауы тиіс. Мұнан кейін әлгі сүйекті белгіленген көмбеге тастауға ұмтылады. Қарсы топтың жігіттері оған жол бермеуге тырысса, сүйекті тапқан адамның жақтастары оған көмек қолын созады. Бұл ойын жеткіншектерді бағдарлай білуге, айла-амалға, жүгіре білуге үйретеді.

Аударыспақ. Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Аударыспаққа үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалады. Ойын ережесі бойынша сайысқа қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлініп, күш сынасады. Ептілікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты талап ететін спорттық ойын. 

Қыз қуу. Негізінен ат үстінде ойналатын бұл ойынды екіге жіктеуге болады. Бірінде қыздар мен жігіттер топ-топ болып ойнаса, екіншісінде жекелей сынға шығады. Алдымен ашық алаңқайда бір жерге белгі қойылады. Кейін сол діттеген нүктеге дейін атты жігіттер қыздарды қуып жетуге тырысады. Егер жете алмаса, кері жолда жігіттерді қыздар қуады. Бірақ жай ғана қумайды, жақындаған сәтте қамшымен ұрады. Бұл жігіт үшін намысты жағдай. Егер жігітке ызаланса аямауы мүмкін. Бұл ойынды бір-бірін ұнататындар да, былайғы боз балалар да еркін ойнауы мүмкін. Ол әрі ат үстіндегі мәдени дене тәрбиесі.

Көкпар. Ат үстіндегі кезекті ұлттық ойындарымыздың бірі. Бұл ойын да негізінен екіге бөлінеді: жаппай тартыс немесе дода. Жаппай тартыста көкпарға шыққан әр адам серкеге өзі иелік етуге тырысады. Ал додада екі топқа бөлініп, салым салып ойнайды. Негізінен көкпарға бір жасқа толған серке таңдалады. Өйткені семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20-30 келідей тартатын салыммен тартысу – жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар аттың да қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін сынайтын спорт. 

Қазіргі уақытта кең тараған Наурыз тойындағы ойындар

Дала тойы қала мерекесіне айналғалы ұлттық ойындар легі де сол талапқа сай түрлене түсті. Бүгінде кең алаңқайда ат жарыстырып, аударыспаққа шықпаса да халық ыңғайлы ойындарды жадынан жоғалтқан емес. Көбіне мерекелі күні арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу, кір көтеру, күрес, қол күрес, дойбы, тоғызқұмалақ сынды ойындарымыз жаңаша леп алады. 

Бұл күні әр мекемеде ұлттық спортты, ойындарды насихаттайтын түрлі шаралар да ұйымдастырылады. Бұл тек дәстүрге деген жылы көзқарас қана емес, ойындар арқылы баланы ептілікке, шапшаңдыққа, алдына қойған мақсатына жетуге тәрбиелейтін тамаша ұғым екенін түсіндіру. 

Бүгінде елімізде жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортқа деген қызығушылығын арттыруда Jusan тарапынан да керемет қолдаулар көрсетілуде. Банк отандық спорттың дамуына белсенді түрде үлес қосып келеді. Мысалға биыл қаржы институты ерлер арасындағы Қазақстан баскетбол кубогының серіктесі болды. Сонымен қатар Jusan Канаданың Квебек қаласындағы хоккейден өткен беделді турнирге қатысқан Қазақстан Жастар құрамасының серіктесі болды. Айта кетсек, хоккейден өткен додада 23 елден 60 команда қатысып, ел абыройын арқалаған жастарымыз осы шарада жеңімпаз атанған еді. 

"Jusan позициясы неопатриотизм идеясына негізделген. Яғни біз әрбір қазақстандыққа сенеміз деп айтқымыз келеді. Өз спортшыларымызды, ел абыройын асқақтатын, даңқын шығаратын өнер адамдарын, әнші-әртістерді мақтан тұтамыз. Өз клиенттеріміз үшін жасалған ең тиімді, ыңғайлы қызметтер мен өнімдер және отандастарымызды қолдауға деген ынта – біздің ісіміздің өркендеуіне серпін береді. Мақтаныш сезімін сыйлайды”, – дейді Jusan өңірлік маркетинг бағытының жетекшісі Айбол Қалыбаев.

Сонымен қатар банк жасыл алаң жанкүйерлеріне де жақсы қуаныш сыйлау үшін жиі футбол ойындарына қолдау білдіреді. Мысалға осы наурыз айында Алматыдағы медиаойынның әсерлі өтуіне күш салды. Қазақстандық SD Family командасы ТМД блогерлерінен құралған "Амкала" ойыншыларымен жолдастық кездесу өткізді. Футбол тойын тамашалауға 7 мыңнан атам жанкүйер келген. 
Jusan “Өз лигамыз” атты балалар футболына да қолдау білдіріп келеді. Жақында SD Family командасы мен Jusan Bank бірлесе отырып республика аумағында кең көлемді футбол турнирін ұйымдастырды. Балалар арасындағы жарыс 14 қаңтарда басталды. Додаға елімізден 30 команда қатысты. 

Әрине, жастарға деген демеу қашанда олардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні хақ. Осындай ірі жобалары арқылы қаржы институтының тек экономикада ғана емес, спорт саласында да нәтижелі жұмыс көрсетіп жүргенін сезінуге болады. 

Ертеңгі күн зияткерлікке арналады. Зияткерлік күнінің ерекшелігі мен бұл күні не істеуге болатынын келесі материалымыздан оқи аласыздар. 

Талқылау