Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл алға жасалған үлкен қадам": Тоқаев жаңа партиялардың тіркелуі туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікті сынауға қатысты өз ұстанымын ашық айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Билікті сынау – азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі және аталған ұғым Қазақстанға да тән. Бұл – менің берік ұстанымым. Қоғамды трансформациялау және жаңғырту жөнінде қабылдаған шараларымыз халықтың мұң-мұқтажын шешуге бағытталған. Реформалар одан әрі жалғасады", - деді Тоқаев сенаттың бүгінгі отырысында.

Президенттің айтуынша, салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударады. Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі.

"Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны. Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді", - деп атап өтті Тоқаев.

Президент кез келген сайлауда қоғамның саяси кемелдігі сыналатынын да еске салды. Қоғамда пікірталас қызу жүреді.

"Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді. 

Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты либерализациялауға Қазақстандағы партиялық құрылысқа қуатты серпін берді. Аралық қорытынды ретінде елімізде ұзақ уақыт ішінде алғаш рет бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Бұл алға жасалған үлкен қадам", - деді Тоқаев сенат отырысында.

Талқылау