Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кейін ауыра бастадым": Елімізде арықтауға арналған қауіпті препараттардың ашық сатылымы көбейген

Елімізде Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік зиян деп, тыйым салған арықтататын препараттар ашықтан-ашық еркін сатылуда. Мамандар өлімге дейін әкелетін дәрілерге сеніп жүргендердің саны көп екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.  

Қазақстанда 2021 жылы биологиялық белсенді қоспалардың стандартқа сай емес екендігі анықталып, тіркеу күші жойылған. Мұндай дәрілер дәріханаларда сатылмағанымен, ғаламторда қаптап тұр. Оны сататындардың өзі зияны туралы жақсы біледі, тіпті кейде ескертеді екен.  

Семіздіктен арылуды ойлап, сергелдеңге түскенде шығар жолды осы дәрімен байланыстырған Шымкент қаласының тұрғыны Әлия кейін әсерінің денсаулығына кінәрат алып келгенін жасырмады. 

“5 келідей салмақ тастадым. Алайда одан кейін асқазаным, бүйрегім – бәрі ауыра бастады. Кейін дәрігерге барып қаралуыма тура келді. Ал дәрігер менің дәрі ішкенімді естіп қатты ұрысты. Құрамында зиянды заттар тым көп екен”, – деді Әлия.

Дәрігерлер мұндай дәрілер қан қысымынан бастап, жүрек пен миға қан құйылу қаупін жоғарылататынын айтады. Тіпті одан адам өліп кетуі де мүмкін екен. 

“Көп әйел арықтаудың оңай жолын іздейді. Ал денсаулыққа зиян екенін ескергілері келмейді. Бірақ түптеп келгенде ауруға шалдығып жатады. Дәрілердің бағаларына қарап-ақ оның сапасы белгілі ғой. Егер пайдалы әсері бар болса, бағасы едәуір қымбат болушы еді. Тіпті мұндай дәрілердің кесірінен өліп кетіп жатқандар да бар”, –  деді дәрігер Жанель Ілияс. 

Талқылау