Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылама, көз жасыңды сүртіп, қайта күрес": Желіде астаналық бапкердің мойыған шәкіртін жігерлендірген видеосы көпшілікті тәнті етті

Желіде астаналық бокс жаттықтырушысы Мұхит Аманбаевтың жарыстан жеңіліс тауып жылаған жас спортшыға жігер берген видеосы тарап, көпшілікті тәнті етті. Бапкердің сөзінше болашақ чемпиондарды дайындау үшін бірінші ынталандыру маңызды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Желіде бапкер жеңіліп, сағы сынған жас боксшыны алаңнан қарсы алып, жарайсың деп қолдау беріп жатқаны көрсетілген. 

“Ештеңе етпейді, жарайсың! Жылама! Жылдамдық бәрі жақсы, тек аздаған қателік бар. Онымен жұмыс жасаймыз.Келесі жолы міндетті түрде жеңеміз, түсіндің бе! Еш уайымдама. Өзіңе сен, сосын ағайыңа сен! Мақсат ұтуда емес! Әрине жеңіс керек. Бірақ сол жеңіс жолында қалай ұтып, қалай ұтылғаныңды ұғыну маңызды. Егер сен нашар ойнап ұтсаң, онда жеңістің еш құны жоқ. Ал егер сен беріспей соңына дейін қарсыласып, ерлікпен ұтылсаң, онда бұл сенің жетістігің”,- дейді бапкер бейнежазбада шәкіртіне. 

Сонымен қоса жаттықтырушы жас боксшыға қарсыласының осал болмағанын, тәжірибесі мол, бұрын көптеген рингтерге шығып жүрген спортшы екенін айтып, оған соңына дейін қарсы тұрған шәкіртіне ризашылығын білдірді.

“Сен соған қарсы тұрып, бапкеріңнің айтқандарын жоғары деңгейде орындап шықтың. Тапсырманы ең бастысы орындадың. Ал егер менің айтқанымды жасамай ұтылған болсаң, онда мен расымен ренжіп, саған қарамай қояр едім. Бұл жерде сен ерлікпен ұтылдың. Осылай-осылай өсесің! Еңсеңді көтер, айналайын!”- деп қосты бапкер. 



36 жастағы Мұхит Аманбаев бұл көз жастың жеңілістен кейінгі ашу ызадан туындайтынын айтады. Сөзінше, спортшы жас пен тердің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. 

“Бұл бала өзінің қателіктері үшін ашуланып жылады. Соның арқасында ол келесі күннен бастап өзін қайта қолға алады. Жыласаң не істеуің керек? Әрине көз жасыңды сүртіп, күреске қайта шығу керек”,- деді жаттықтырушы.

10 жасар Мейіржан Жақсылық бапкерінің қатал әрі талапшыл екенін жасырмайды. Алайда жас спортшының сөзінше, ол әрдайым өз шәкірттерін ынталандырып, шабыт беріп, қолдаудан шаршамайды екен. 

Желідегі видео бүгінде миллион қаралым жинап, көпшіліктің көңілін жылытқан.

 

@mukhit_amantayev

Бұйырса жеңістің бәрі алда , ен бастысы өмірде женілмеу ✊🤲👍

♬ оригинальный звук - Mukhit Amantayev
Талқылау