Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сиырларды ақылды жануар деп санаймын": Желіде сиырмен дуэт болып, ән айтып танылған төрт баланың анасы өмірі жайлы айтты

Әлеуметтік желіде сиырымен бірге ән айтып, танылған Жанат Әкімжанқызы Жамбыл облысында тұрады. Шағын шаруа қожалығын басқарып отырған келіншек тек ән айтып қана қоймай, сүт өнімдерін сату арқылы бала-шағасын асырап отыр. Қазірде ол блогерлікті де қолға алыпты: Жанаттың Instagram желісінде 27 мыңнан астам оқырманы бар көрінеді. Блогер Stan.kz тілшісіне өз өмірі және сиырлармен тілдесудегі құпиясын айтып берді. 

Тараз қаласында туып-өскенін айтқан Жанат Әкімжанқызы – бүгінде төрт баланың анасы. Жолдасыммен бірге мал шаруашылығын дамытып отырмыз деген ол 18 жасында тұрмысқа шыққанын да айта кетті. 

“Өзім Тараз қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи университетін мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы бойынша бітіргенмін. 1-курста оқып жүрген кезімде-ақ тұрмысқа шығып кеттім. Бірақ соған қарамастан оқуымды аяқтай алдым. Алайда мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Тек газ саласында аз уақыт жұмыс істеп көрдім, қазір еш жерде жұмыс атқармаймын. Күйеуіміз екеуміз толық мал шаруашылығын қолымызға алып, сүт-айран өнімдерін сатып отырған жайымыз бар. Бала-шағамызды осы кішігірім табыс арқылы асырап отырмыз. Күйеуім денсаулығына байланысты жұмыс жасай алмайды”, – дейді Жанат.  

Блогер әлеуметтік желіде өткен жылдың қазан айынан бері белсенді бола бастадым дейді. Сөзінше, оның жұлдызының жануына телевизиялық бағдарлама себеп болған. 

“Бір күні қаладағы танымал блогерлердің бірі мені “Ошағың сөнбесін” деген бағдарламаға шақырды. Мен бағдарламаның бірінші кейіпкері болдым. Жоба жұртшылықтың көңілінен шығып, әлеуметтік желіде жағымды пікірлер көптеп жазылды. Осыдан соң “блогерлікті қолға алып көр, сенде елге көрсететін контент бар” деп кеңес айтқандар табылды. Ең алғаш видеоларды Instagram желісіне салып, осы әлеуметтік желіні пайдаландым. Ал TikTok желісінде тіркелгеніме тек бір айдың жүзі болды. Бір байқағаным, Instagram желісіне қарағанда, TikTok-та қаралым саны жылдам өседі екен”, – дейді ол. 

Сиырларымды еркелетіп, оларға ән айтып беремін

Соңғы кездері блогердің сиырымен бірге ән салған видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралған еді. Тіпті, кейбір желі қолданушылары ірі қара әншінің айтқанын түсінеді деген пікірлер жазған. Жанат Әкімжанқызы көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап беріп, төрт-түліктің тілін қалай тауып жүргенін сипаттап берді.

“Көбі менің сиырларыммен қалай сөйлесетінімнің сырын білгісі келіп тұрады. Оның ешқандай да құпиясы жоқ. Негізінде мен оларды түсінбеймін, малдың аты мал ғой. Тек қорада күнде сиырларды сауып жүрген кезде оларға ән айтып беретінмін. Арасында сөйлеп те қоятынмын. Кейін олар да маған жауап қататын болды. Бұл кейіннен әдетке айналды десем болады”, – дейді ол. 



Айналдырған үш сиыры барын айтқан блогер оларға Котелек, Морька, Гүлшетай деп ат беріп қойған.

“Солармен кезек-кезек әңгіме айтып тұрамын. Әрқайсысының өзінің жеке қылықтары бар, еркелеткен кезіңде соны біліп мөңірейді. Бұл жерде мен олардың қай кезде, қалай сөйлесең жауап беретінін сезіп, темп ұстап үйрендім. Тіпті, қазір өз аттарымен атасам, соны біліп жауап қайтарады. Сондықтан бұрынғыға қарағанда видео түсіру жеңілге соғады. Сиырлар, меніңше, ақылды жануарлар. Мысық пен сиыр еркелегенді жақсы көреді дегенді де естігенмін. Орыстардың сиырларымен сөйлесіп, арасында еркелетіп қоятынын көретін едік. Негізі бұл дұрыс нәрсе. Сиырларға көңіл бөліп, еркелеткен сайын олар сүтті де көп беретінін біреу білсе, біреу біле бермейді ”, –дейді Жанат Әкімжанқызы. 

Бала күнінен жан-жануарды жақсы көріп өстім деген оның тіпті көп қабатты үйде тасбақа, кірпі, мысық, тіпті қасқырдың күшіктерін асыраған кездері де болыпты. 

“Бірақ ол кезде кәдімгі қаланың қыздары секілді төрт-түлікке қатты жақын болмадым. Мал шаруашылығы дегенді мүлде көрген адам емеспін. Бірақ менің табиғатым соған жақын болды. Кейін келін болып түскеннен кейін енем маған сиыр саууды үйретті. Сөйтіп сиырларға жақын бола бастадым”, – дейді блогер. 

Қанттың қымбаттауына байланысты ашуым келіп, өлең шығардым

Блогер сүйікті сиыры “Морькамен” жиі видео түсіреді екен. Тіпті соңғы кезде елдегі түйіткілді мәселе қант тапшылығын қозғап, желіге видео жүктеген. 

“Дүкендерге барасам, қант қашан да жоқ. Дәл қазір тосап, кампот қайнататын уақыт емес пе? Үйде тосап жасайтын барлық өнім бар. Өзіміз бақша егетіндіктен бізде шие, өрік, алма сияқты жеміс-жидектер көп өседі. Бұның бәрі босқа қалмасын деп жылда тосап жауып алатынмын. Жылда тура тосап жабатын кезде қанттың бағасы қымбаттайды. Ал биыл қанттың бағасы тым шектен шығып кетті. Мысалға, базарда сатушылар бір қаптың бағасы 14 мың теңгеге дейін болып тұрғанын айтады. Ал екі ай бұрын ғана 8000 теңге болып тұрған еді. Шенеуніктердің айтып жатқан 420-430 деген бағасы тек әлеуметтік дүкендердегі баға. Шикізаттың барлығы өзімізден шығады, өндіріс орны да өзіміздікі ал енді неге баға сонша қымбат? Осы жағдай ашуыма тиіп, блогер болғаннан кейін ойымды жеткізу үшін ақындық шабытымды қосып, өлең шығара салғанмын. Бұлай кеңінен таралып кетеді деп ойламадым”, – дейді Жанат. 

“Басқаларына еліктейсің” деп сынайтындар болды

Жанат Әкімжанқызының айтуынша, танымал болғаннан кейін телеканалдар түрлі сұхбаттарға шақырып, әншілер бейнебаян түсіруге ұсыныс жасаған. 

“Бірақ мен аса бір танымалдылыққа құмар емеспін. Түрлі жарнамаларға ұсыныстар де көптеп келіп жатыр. Бірақ көбімен келісе бермеймін. Өйткені әлеуметтік желі арқылы тек өзімнің сүт өнімдерімді өткізіп қана табыс табуды қалаймын. Оқырмандарым менің контентімнен көбінесе табиғатты, төрт-түлікті көргісі келеді. Ал мен оларға қайта-қайта жарнама көрсете берсем, жалығып кетеді деп ойлаймын. Сондықтан да көп жарнама алмаймын. Әлеуметтік желі арқылы әзірге айына 100-120 мың көлемінде табыс тауып отырмын”, – дейді ол. 

Төрт баланың анасы әлеуметтік желіде белсенді бола бастағанда мені түсінбей, сын айтатындар да табылды дейді. 

“Қойшы бала деген блогер бар екен. “Тура сол секілді түсіресің, еліктейсің” деген сияқты сөздер айтылды. Одан қалса, “Ернар Айдарға ұқсайсың” деп айтты. Оқырмандарым менің шынайы түріме үйренге дейін осындай теріс пікірлер жазатын. Әрине, бұның бәрі басында маған әсер ететін. Өзімді жайсыз сезініп, “осыны бекер бастадым ба екен” деген ойлар туындады. Бірақ берілмедім, қазір тіпті жағымсыз пікір жазатын адам қалмады деп айтсам да болады. Ал егер жазылса, оқырмандарым мені әрқашан қорғап алады. Өз оқырмандарыма алғысым шексіз, олардың көңілін түсіргім келмейді. Аудиториямды қатты жақсы көремін. Өйткені олар жолдасым ауырып қалған кезде маған баталарын беріп, тілеулес болып, қолдау білдірді. Кейін күйеуім аяқтан тұрып кеткенде “қаншама мың адамның тілеуі қабыл болды ма екен” деп ойладым”, – дейді әйел. 

Бастысы жолдасым блогер болуыма қарсы емес, дейді келіншек. Алайда ер азамат камерадан қашып, ел алдына көп шыға бермейтін көрінеді. 

“Аса бір танымал, жұлдыз болғым келмейді”

Жанат Әкімжанқызы болашаққа нақты қандай жоспар құратынымды айқындағанын жеткізді.

“Аса бір танымал, жұлдыз болғым келмейді. Тыныш өмірімді құртуды қаламаймын. Танымал болып кетсек, тыныш өмір де сүре алмайсың ғой. Өйткені түсірілімнен түсірілімге жүгіріп, шаршау бар, күйзеліс тудыратын факторлар бар дегендей. Мен тыныш өмір сүруді қалайтын адаммын. Сол себепті де мен ондай нәрсеге қатты берілмейтін шығармын. Негізгі жоспарым – мал шаруашылығын дамыту. Әлеуметтік желіде белсенді болуымның себебі де сол. Халыққа таза, табиғи өнімдерді ұсыну арқылы, мақсатымды 100 пайыз орындай алатыныма көзім жетеді”, – дейді блогер. 

Талқылау