Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

14 жастағы мектеп оқушысы ұйымдастырған бүтіндей отбасы өлімінің мән-жайы анықталды

14 және 17 жастағы екі жасөспірім Омбы облысындағы үш адамның өлімге кінәлі екендерін мойындады. Бұл іс қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі RT арнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін Омбы облысының Юрьевка ауылындағы жер үйлердің бірінде 35 жастағы әйел, оның он жасар мүгедек қызы және 38 жастағы  азаматтық некедегі күйеуі қайтыс болғаны туралы хабарланған еді.

Тергеушілер анықтағандай, 14 жастағы оқушының анасы мен өгей әкесі қыздарының 17 жастағы жігітпен қарым-қатынасына қарсы болған. Осы себепті отбасында жанжал туындаған. Мектеп оқушысы жігітін анасы мен өгей әкесін өлтіруге көндірген.

"Күдіктілер арнайы жоспар дайындаған. Адамдарды өлтіру үшін жігіт досынан үй жануарларын союға арналған пышағын алып келген", – деді Омбы облысы бойынша тергеу басқармасы.

Тергеу мәліметтері бойынша, 22 қаңтарда түнгі сағат екі шамасында күдікті үйге артқы есік арқылы кірген, оны қыз алдын ала ашық қалдырған, содан кейін олар ұйықтап жатқанда ересектерді және дертке шалдыққан он жасар қызды өлтірген.

Содан соң күдікті өзімен бірге алты жасар інісін жетектеп, көршілеріне қарай жүгіріп мән-жайды айтқан. Жеткіншек үйлеріне ер адам кіріп, ата-анасын өлтіргенін мәлімдеген. Қыз тіпті полиция қызметкеріне жалған қылмыскерді суреттеп берген. Сақалы бар белгісіз ер адамды іздестіруге полиция бір жарым күн жұмсаған.

Алғашқы жауап алу кезінде қыздың өзін ұстауы тергеушілерді шошытқан. Ол белгісіз адамның шабуылы туралы мүдірмей, тіпті кей сәттерде жақсы көңіл-күймен түсіндірген. 

РЕН ТВ мәліметінше, алты жастағы інісі оқиғаның куәгері болған. Ол анасы мен жақындарын өлтіріп жатқанын көзімен көріп, естіген. 

17 жастағы күдікті жауап алу кезінде болған жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол жол бойына лақтырған пышақты, қылмыс құралын және сол күні үстінде болған қанды киімді полицияға тапсырған.

Мәліметтерге сүйенсек, оқушы туыстарының қайтыс болуына байланысты алаңдамайды. Жауап алу кезінде қыз он жасар мүгедек сіңілісіне қамқорлық жасағысы келмеген соң оны өлтіргенін мойындаған.

Ал 17 жастағы күдікті бозбала биыл ауылшаруашылық техникумына аспаз мамандығына түскен.

Талқылау