Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Азаматтарымыздың наразылық танытуы негізді": Тоқаев Пенжімдегі төбелеске алғаш рет пікір білдірді

Президент Қасым Жомарт Тоқаев Алматы облысы Пенжім ауылындағы оқиғаға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Президенттің айтуынша, бұл оқушылар арасындағы жаппай төбелес. Оның ойынша, балалардың мектеп қабырғасында жарақат алуы үлкен төтенше оқиға саналады. 

"Азаматтарымыздың наразылық танытуы негізді. Кейін жастардың бұзақылық әрекеті болды. Бірақ мұндай жағдайлардың алдын алу керек. Алайда бұлай болмады. Ақпарат кеңістігінде бұл оқиға ұлтаралық сипатқа ие болды. Мұнда ешқандай ұлтаралық қақтығыс болған жоқ! Еліміздегі кейбір арандатушылар тобы оқиғаны дәл осындай етіп көрсетті", - деп жазады Ақорда президент сөзін.

Тоқаев құқық қорғау органдары, президент әкімшілігі тарапынан арандатушыларға қатысты ешбір шара қолданылмағанына таңданысын жасырмады.

"Бұл арандатушылар мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан осы жағдайдан дұрыс қорытынды жасау керек", – деді мемлекет басшысы.

Президент қоғамда түрлі этнос пен конфессия өкілдері арасында достық дәстүрін нығайту қажеттілігіне назар аударды. Пенжімдегідей жағдай кезінде дер кезінде шара қолдану алгоритмін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

"Құқық қорғау органдары тарапынан ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп, халқымыздың бірлігін бұзуға бағытталған кез келген әрекеттің жолы кесілді. Бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге де қатысты", - деді Тоқаев.

Пенжімдегі оқиға

27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ауласында жаппай төбелес орын алған. Полицияның мәліметінше, мектеп ауласына 30-ға жуық адам жиналып, жанжал шығарған.  

Әлеуметтік желілер қолданушылары арасында төбелес түсірілген суреттер мен видеолар тарап кеткен. Бейнежазбадан жасөспірімдердің тобын, қираған автокөліктер мен ғимараттың сынған терезесін аңғаруға болады.



Полиция департаменті мектеп ауласында жаппай төбелес болғанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған 30-ға жуық адам қатысқан. Бір жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

Дәрігерлердің айтуынша, 2005 жылы туған науқас 27 қазанда Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханаға түскен. Жасөспірім мидың ауыр жарақатын алған, оған екінші не үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған. Қазір ол жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.

"Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("бір топ адам жасаған бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген полиция хабарламасында.

Талқылау