Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еден де жуамын, тырнақ та жасаймын": Алматыда көп балалы ана бала-шағасын жалғыз өзі қалай асырап отырғанын айтты

Айналамызда тағдырдың тәлкегіне түскен қаншама тағдырлар бар. Өз басымыздағы күйбең тіршіліктен біз оларды байқамай да жатамыз. Өмірдің "тосынсыйына" тосқауыл болып сұрапыл сын сағаттарда да сынбайтын адамдар болады. Солардың бірі “барым балаларым үшін” деп жүрген Мадина Нарзыева. Көп балалы, жалғызбасты ана бес баласымен Алматы қаласында пәтер жалдап тұрады. Мадинаның тұрақты жұмыс орны жоқ, соған қарамастан бала-шағасын бағу үшін қолдан келгенінің бәрін істейді. Еден жуып, тырнақ жасайды, тәтті пісіріп, тауық жұмыртқасын сатады. Stan.kz тілшісі көп балалы ананың қазіргі жай-күйімен танысып қайтты.

Мадина Алматы облысы Шелек ауылында туып-өскен. Балаларын алып жұбайынан кеткен соң жоқшылыққа түскенін жасырмайды. Ал жұбайының балаларына келіп көмектесуі сирек. Отбасылы кезінде тұрмыстық зомбылыққа бейім болатын, дейді.

“Қазір бірге тұрайық деп келіп тұрады, бірақ мен қарсымын, себебі балаларымның әйелді сыйлап өскенін қалаймын. Үйдегі у-шуды көріп өспесін дедім. Ер адам отбасына үлгі болуы тиіс. Мен балаларыма осындай тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын. Кішкентай болса да үлкен ұлдарым көмекшілерім. Балаға да қарайды, үлкеннің айтқанын сыйлайды. Осы уақытқа дейін артық ауыз сөз сөйлемеген. Балаларының әкесі киім-кешегін анда-санда алып келіп беретіні болмаса, ақшалай көмектеспейді”, – дейді Мадина. 

Көп балалы ана жалғыз қалудан қорықпайды.

“Құдай қанша көтере аласың, сонша ауыртпалық, сынақ береді. Егер мен балаларды баға алмасам Құдай маған бұйыртпас еді. Мұның бәрін сынақ деп есептеймін. 

Қиындықтар күйеуімнен кеткен кезде басталды. Тіпті киім-кешекке дейін табылмай қалды. Құр алақан қалдым. Қалың ойға шомып, не істерімді білмей ұзақ отырдым. Содан кейін “тірілу” керектігін, балалар үшін өмір сүру қажет екенін түсіндім. Әлі де тырысып келе жатырмын”, – дейді ол. 

Мадина еңбек етуден қашпайды, керісінше, кез келген тірлікке араласуға дайын.

“Пол жу десе, пол жуамын, тырнақ жаса десе, тырнақ жасаймын. Бәрі адамның өз қолында. Кейде волонтерлармен кездесуге барғанда жылап отыратын әйелдерді көремін. Оларды түсінбеймін. Жыртық-жыртық киімдерді кір болса да, қайтып киюге болады. Жоқтан тамақ істеуге де болады. Бәрін үйрендік. Қолдан келгеннің бәрін істеймін. Кейбір адамдар тіпті сенің күйеуің болмауы мүмкін емес деп жатады”, – дейді көп балалы ана.



Айтуынша, еңбектен қашпау керек.

“Ақшам таусылғанда кімнің тырнақ жасататын уақыты келді, кімге не тігу керек, адамдарға өзім хабарласамын. Одан бөлек, тауық асыраймын. Тауықтарым жұмыртқа береді, жазда оларды саттым. “Мынаны істей аласың ба?” десе, ешқашан жоқ демегенмін. Маникюрды, тігінді өз бетіммен үйренгенмін”, – дейді ол.  

Мадина кішкентайын алып, тырнақ жасауға осы ауданға тапсырысқа шығады. Тырнақ жасау үшін шамамен 2500-3000 теңге алады.

Отбасының негізгі қиындығы – өз баспанасының болмауы. Одан бөлек, ортаншы ұлының еміне қаражат қажет дейді жалғызбасты ана.

“Ұлым үшке келді, әлі сөйлемейді. Қазіргі уақытта оны логопедке апарып, тілін дамытсам деймін. Бір ай емес, бірнеше ай үйрету керек. Оны қаратуға қаражат жетіспейді. 

Екі ұлымның балабақшаға баратын уақыты келді. Оған құжаттарымды түгендей алмай жатырмын. Сабаққа кезек-кезекпен барады. Үлкені ортаншысын алып кетеді, ортаншысы кішісін алып кетеді, әркімнің өзінің уақыты бар. Барлығын өзім қадағалаймын. 

Ай сайын алатын 57 800 теңге жәрдемақым пәтердің ақысына, коммуналдық қызметтерге кетеді, одан тиын да артылмайды. Ақшам таусылды дегенде өзім қай жерден қаражат табуға болатынын іздей бастаймын. Ешқашан балаларым аш болып қалған емес. Күріш, май, макарон, печеньені алдын ала қораппен алдырып қоямын. Айына бір рет балаларды киноға апарамын, үш айда бір рет ақша жинап тағы бір жерге шығарамын”, – дейді Мадина. 

Мадинаға жақындары, туыстары көмектеспейді. Анда-санда тек таныс, көршілері келіп балаларын қарайласып кетеді екен.

“Мені де әке-шешем жақсы өсірген. Тек тұрмысқа шыққанда ерте ғой деп ренжігені бар. Өзің үшін өмір сүрмедің деп маған ренжулі. Олардікі де дұрыс. Былтыр ковидтен қатты ауырып қалдық, сол кезде ешкімнен көмек сұрамадық. Көршілерім келіп, тамағымды істеп, суымды беріп қарайласып жүрді. Ал балаларға дәрілерді көп бере бермеймін. Ауырса қойдың майымен емдеймін”, – дейді ол.

Еңбекқор ана бұған дейін бір бөлмелі суы, газы жоқ үйде бес баласымен тұрған. Шырылдап жүріп әкімнен өзіне үй сұратқан. Алайда көп балалы ананы ешкім тыңдай қоймаған. 

“Бір бөлмеде отырған кезде әкімдіктерге барып көмек сұрай бастадым. Ешқандай әкім мені қабылдаған жоқ, сөзімді құлағына да аспады. Мақсат Кикимов есімді сол кездегі Жетісу ауданының әкімі жайлы жақсы лебіздер естіп жүргенмін. Мақтаған соң ол кісіге жағдайымды түсіндіріп жаздым. Ол уақытта мен жәрдемақы алмаймын, тұрақты жұмысым жоқ, бір қораптай бөлмеде тұратынбыз. Осы кісі арқылы маған хабарласқан қайырымды жан жағдайымызды тексеріп, суы да, пеші де жоқ бөлмеде тұрғанымызды көріп, қазір тұрып жатқан ауданнан пәтер тауып беріп, тіркеуге тұруға көмектесті. Жәрдемақы алатындай жасап берді. Ол кісіге алғысым шексіз. Осыдан кейін тұратын жерім бар, жәрдемақым бар, енді жұмыс істейін деп күш жинадым”, – дейді ол. 

Айтуынша, әкімдіктен көмек ретінде жалға берілген пәтерге жөндеу жұмыстарды өзі жасаған, жиһаздарын арзан бағаға сатып кей жерден тегін алған.

“Бір жылдың ішінде үйді ретке келтіріп, жөндеу жұмыстарын жасап, диван алып, теледидар сатып алдым. ОЛХ арқылы кей жерден тегін не арзан бағаға жиһаз алдым. Үйдегі теледидарды ақша жинап 15 мың теңгеге алып, үйге әкелсем, істемейді. Отырып алып, жыладым. “Сонша жинап алғанда не үшін істемей тұр” деп көңілім түсті. Ары-бері шұқылап едік, бұлдырлап істеп кетті. Енді қазір тоңазытқышым істемей тұр. Балаларға тамақ сақтау үшін керек-ақ.

Қазіргі арманым балаларым балабақшаға барса, кезекке тұрып, үй алсам деймін. Бұл ертеңгі күніме кепілдік болар еді. Бала-шағам қаңғып мен сияқты пәтер жалдап жүрмесе екен деген тілек. Пәтер ақысын төлей алмай қалса, “шығыңдар, босатыңдар” деп оларға ешкім айта алмас еді. Біздің де пешенемізге бір үй жазылған шығар деймін. Балаларымның қаңғырып жүргенін қаламаймын. Ертең бұл үйдің иесі не істейді? Үйін сатқысы келе ме, өзі тұра ма, мен білмеймін”, – дейді ол. 

Мадина Нарзыеваға көмектесем деушілерге: 

АО Kaspi Bank Реквизиттері: KZ02722C000023989773

+7 7006447437

 

Талқылау