Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбританиядан пана сұраған банкир Жомарт Ертаевтың әйелін ағылшындық фирма сотқа берді

Қазақстандық RBK банктен қаржы жымқыру ісі бойынша сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың әйелі Нұргүл Ертаеваны Ұлыбританияда құқықтық фирма сотқа берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Ертаева Ұлыбританиядан баспана сұрау мақсатында құқықтық фирманың қызметіне жүгінген. Кейін оның шектен тыс қымбат екенін айтып, ақысын азайтуды сұраған. Бірақ істі жүргізген Farrer & Co оны сотқа берген.

Англия және Уэльс жоғары соты сот шығындары жөніндегі судьясының шешіміндегі мәлімет бойынша, Нұргүл Ертаева 2018 жылы маусымда қызының университет бітіру салтанатына қатысу үшін Ұлыбританияға барады. Қазақстанда бұрынғы күйеуіне қарсы оқиғалар болып жатқандықтан, ол Ұлыбританиядан баспана сұрауды ұйғарады. Сөйтіп, Farrer & Co компаниясындағы орыс тілді заңгер Елена Хинчинмен келісімге келеді.

"Оған бұл жұмыстың ақысы 200 мың мен 280 мың фунт-стерлинг (қазіргі бағаммен 117-164 млн теңге) аралығында болатыны айтылады, бұған адвокаттың және басқа үшінші тараптың гонорары кірмейді. 2020 жылғы қыркүйекте берілген соңғы шот бойынша төлем 194 мың фунт-стерлинг, төленбеген қалдық 124 мың фунт-стерлинг болған", – деп жазады бұл жөнінде Ұлыбританиядағы салалық Law Society Gazette басылымы.

Мақалада заңгерлік фирма қызметі үшін сағатына 200-600 фунт-стерлинг (117 мың-352 мың теңге) аралығында ақы алатыны айтылған.

Нұргүл Ертаева Ұлыбританиядан саяси баспана іздеп жүрген тұста Қазақстан құқық қорғау органдарының өтінішімен Мәскеуде ұсталған оның күйеуі Жомарт Ертаев Ресейден баспана сұраған. "Алаяқтық жасады", "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иеленді" деп айыпталған Ертаев өзі саяси себеппен қудаланып жатқанын айтқан.

Ертаева да Ұлыбританиядан баспана сұрау кезінде Қазақстандағы адам құқықтарының "бұзылатынына", "әділ сот жоқтығына" назар аудартуға тырысқан, "адамгершіліктен жұрдай, кісінің қадір-қасиетін қорлайтын жағдайдағы" түрмеде отыруы мүмкін екенін айтып араша сұраған.

Нұргүл Ертаева заңгер гонорарын азайту туралы уәжінде жан күйзелісіне, арыз беру уақытының аздығына және ағылшын тілін нашар білуіне байланысты өзін "бейшара" сезінгенін және британ заңгерлері алдайды дегенге сенбегенін айтқан.



Бұған қоса ол "күйеуімнің ерекше бай екенін білді" деп заңгерлерге кінә артады.

Лондон соты заң фирмасының қызмет ақысын азайту жайлы Ертаеваның айтқан уәжін қисынсыз деп тауып, Farrer & Co компаниясын жақтаған.

"Ол талапкер көрсететін қызметтің деңгейін білді және сол қызмет деңгейіне сай шығынды мойнына алуға дайын болды" делінген сот шешімінде.

Нұргүл Ертаева Ұлыбританиядан баспана сұрау туралы өтініш бере алды ма, ол туралы шешім шықты ма, оның қазіргі статусы қандай, бұл жағы белгісіз. Белгілісі – ол қазір басқа бір заң компаниясымен жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, 2020 жылы 16 қарашада Жомарт Ертаевқа және 144 миллиард теңге жымқыруға қатысты сот үкімі шықты.

Ертаевтың өзі ұйымдастырушы ретінде мүлкін тәркілеумен және 10 жылға қаржылық және банктік қызметке тыйым салумен 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

2020 жылғы қарашада сот Ертаевтан RBK банк есебіне 59 млрд теңге (138 млн доллар) тәркіледі. Қолма-қол ақшамен қоса Ертаевқа тиесілі акциялар, ұшақ, Мәскеудегі пәтер, әкімшілік ғимараттары және қымбат көліктер банктің иелігіне өткен. Бұдан бөлек Ертаев банкке 1,1 млрд теңге қолма-қол ақша және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларындағы пәтерлерін, көліктері мен басқа да мүлкін тапсырғаны айтылған.

Бақыт Ибрагим сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, банктік және қаржылық қызметке 10 жылға тыйым салынды.

Ал Bank RBK басқармасының экс-төрағасы Игорь Мажинов сегіз жылға сотталған еді.

Бұл іс бойынша 37 адам айыпталып, 35 айыпталушыға  үкім шығарылды. Судья Роман Селицкийдің айтуынша, 22 адамға 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге жаза тағайындалды, сегіз адамға бостандықты шектеуге байланысты мерзімдер тағайындалды.

Тағы төрт адам қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты босатылды, бір адам қайтыс болды.

2021 жылдың мамырында Ертаевтың жазасын 9 жылға дейін қысқарту туралы шешім шығарылған.

Талқылау